Хабиб Нурмагомедовтің серігін жекпе-жекке шақырды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2999

Дамир Исмагулов қыркүйекте өтетін UFC-242 кешінде Зубайра Тухуговпен төбелескісі келеді.

Хабиб Нурмагомедовтің серігін жекпе-жекке шақырды Фото: fighttime.ru

7 қыркүйек күні Абу-Дабиде UFC ұйымының кезекті кеші өтеді. Ондағы негізгі жекпе-жекте ресейлік Хабиб Нурмагомедов пен америкалық Дастин Порье айқасады. Сонымен қатар, октагонға бұл екеуінен басқа да бірнеше спортшы шығып, аралас жекпе-жек өнері кешінің көрігін қыздыратын болады.

Соңғы мәліметтерге сенсек, Хабиб Нурмагомедовтің спарринг-серігі Зубайра Тухуговқа қарсылас табылмай отырған көрінеді. Зубайраның кім екенін ұмыта қойған жоқ шығарсыздар. Ол былтыр күзде Нурмагомедов пен Конор МакГрегор арасындағы жекпе-жектен соң сегізбұрышқа жүгіріп шығып, Ирландия жігітіне жұдырық жұмсаған.

Орынбор қазағы Дамир Исмагулов дәл осы Тухуговты жекпе-жекке шақырып отыр. Ол өзінің Инстаграмдағы жеке парақшасына мұны тәптіштеп жазды да:

"Зубайра, мен саған әлі қарсылас табылмай отыр деп естідім. Сен Абу-Дабидегі турнирге Рикардо Ламасты жекпе-жекке шақырдың. Бірақ, менің білуімше, оның жағы сынған, яғни ол шыға алмайды. Менің де Абу-Даби турнирінде өнер көрсеткім келеді. Ешқандай трэшток емес, бос сөз бен табалаудың қажеті жоқ. Қазір UFC-те мұндайлар онсыз да көп, тек спорттық қызығушылық, басқадай ештеңе емес. Сен біраз уақыттық үзілістен соң қайта оралып отырсың, ал мен бірінші рет 66 келіде айқасу үшін салмақ қууға дайынмын. Мен сенің өзіңді және спорттық жетістіктеріңді құрметтеймін. Кел, бүкіл әлемге жекпе-жек өнерінің екі шебері қалай төбелесетінін көрсетейік. Әрі қарсыластар бірін-бірі қалай сыйлайтындығын да паш етіп, әдемі айқас көрсете алатындықтарын дәлелдейік. Бәріне де қызық боларына сенімдімін.

Өздеріңіз білесіздер, Дамир Исмагулов әзірше UFC туы астында екі жекпе-жек өткізді. 2018 жылы желтоқсан айында Аустралияның Аделаида қаласында өткен "UFC Fight Night 142" кешінде жергілікті Алекс Горджестен басым түскен. Ал биыл ақпан айында Прагада ұйымдастырылған "UFC Fight Night 145" турнирінде Испания мақтанышы Хоэль Альваресті ұтқан.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу