Екі салмақ дәрежесіндегі UFC-тің бұрынғы чемпионы, яғни Конор Макгрегор қолын жарақаттап алыпты. Сол қолына салынған гипске қарағанда, оның бас бармағы жарақаттанғандай. Бұл жөнінде Ирландияның қайсар жігіті Инстаграмдағы жеке парақшасына жазды да:
"Қарқынды жаттығу жұмыстары мен спарринг сессияларда да мен ешқашан аянбаймын. Мынаны қолымнан алып тастаған соң, бәрін де қайта жалғастырамын. Мені ештеңе де тоқтата алмайды", – деп.
Ал осыдан екі күн бұрын ғана ол Хабиб Нурмагомедовпен қарымта кездесу өткізіп, есе қайтарғысы келетіндігін жариялаған болатын.
"Маған сеніңіздер, шайқас аяқталған жоқ! Соңғы бір-екі айда мен бірнеше рет қарымта жекпе-жек сұрадым, бірақ Хабибтің командасы қашқақтап жүр. Келіңіздер, өткізейік. Мен бірінші жекпе-жекте ұтылдым, бірақ енді бәрі басқаша болады", – деген. Әрі былтырғы жекпе-жегіне дайындалу барысында қателік жібергенін де мәлімдеген.
"Менің дайындығым дұрыс болмады – жарақаттар, жекпе-жекке жоспары, тактика. Мен негізі шабуылға бейім спортшымын, менің шабуылым қорғанысым да еді, ал жаттығу кезінде мен тек қорғануды ғана ойладым. Жаттығу кезіндегі әрбір раунд темір торға арқаммен тұрып немесе жерге жатып қорғанумен басталған. Өз жекпе-жектерімде мен ылғи тәуекелге бел буатынмын, ал сол жолы менің лагерім толықтай қорғанысқа айналып кетті. Бұл мүлдем маған тән емес еді"...
Хабиб Нурмагомедов болса, келесі жекпе-жегін күзге салым өткізетін сияқты. Шетелдік басылымдар ол "жеңіл салмақтағы UFC чемпионы, америкалық Дастин Порьемен айқасады" деп, ақпарат таратып жүр. Олардың мәлімдеулерінше, бұл Абу-Дабиде өтетін UFC 242 кешіндегі чемпиондық атақтарды бірлестіруші жекпе-жек болмақ. Бірақ әлі ресми түрде ешқандай да мәлімет жарияланған да, құлақтандырылған жоқ.
Маруан Түсіп