Хабибтің әкесі дүниеден озды

2056

UFC чемпионы ресейлік Хабиб Нурмагомедовтың әкесі әрі бапкері Абдулманап Нурмагомедов 3 шілде күні коронавирустан қайтыс болды.

Хабибтің әкесі дүниеден озды

Биылғы жылдың сәуір айында самбодан Ресейдің ең үздік жаттықтырушыларының бірі Абдулманап Нурмагомедовтың өкпесі қабынып, Махачкалада ауруханаға жатқызылған болатын. Ол коронавирусқа тест тапсырғанымен, оның нәтижесі жайлы ұзақ уақыт жарияланбаған еді және дәрігерлер бапкерді Мәскеу ауруханасына ауыстырды.

Сонымен қатар 18 мамыр күні ТАСС ақпарат көзі ресейлік спортшының әкесі Абдулманап Нурмагомедовты дәрігерлердің ИВЛ аппаратына қосқаны туралы мәлімдеген. Дәл сол күні Хабиб Нурмагомедов әкесінің коронавирус жұқтырғанын растады. Ал маусым айының екінші жартысында Абдулманап Нурмагомедов коронавирустан айығып шықты. Дегенмен ауру жүрекке әсер етті. Бұл дәрігерлерді қатты алаңдатты. Себебі 58 жасқа келген Хабибтің әкесі инсульт алған еді және коронавирус өкпесінің 75% зақымдаған.

Мұндай қиын кезеңде Хабибтің UFC-дегі басты қарсыластары  америкалық Тони Фергюсон мен Джастин Гэтжи, сондай-ақ оның барлық жанкүйерлері де оған қолдау көрсетумен болды. Бірақ 3 шілде күні Абдулманап Нурмагомедов дүниеден озды.

"Қаралы хабар! Абдулманап Нурмагомедов дүниеден озды. Шешен халқының атынан Абдулманап Магомедұлының отбасына қайғырып, көңіл айтамын. Ол өзінен соң лайықты ұрпақ тәрбиелеп қалдырды. Бұл Алланың жазғаны", - деп өзінің телеграм-каналында Шешенстан президенті Рамзан Кадыров жариялады.

Абдулманап Нурмагомедов – ресейлік спортшы әрі бапкер. Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан Дағыстан ұлттық құрамасының бас бапкері, дзюдо мен самбодан Украина чемпионы. Ол 1992 жылы самбодан өзінің інісі Нурмагомед Нурмагомедовты жаттықтырып, Әлем чемпионы атануға себепкер болды. Бұл оның бапкер ретінде жеткен алғашқы жетістігі. Ал 2019 жылы қыркүйекте Абдулманап Нурмагомедов самбодан ең көп чемпион баптаған бапкер ретінде Ресейдің рекордтар кітабына енген. Бапкерлік мансабында ол 18 Әлем чемпионын жаттықтырған. Бірақ, оның ең басты жетістігі – ол өзінің ұлы UFC чемпионы Хабиб Нурмогомедов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу