Хабибтің ұйымдастыруымен өткен турнирде екі қазақстандық жеңіске жетті

1723

Жексенбіде Ресейдің Нижний Новгород қаласында Хабиб Нурмагомедовтің промоутерлік компаниясының қолдауымен аралас жекпе-жектен өткен EFC 31 турнирінде қазақстандықтар Әли Қабдолла мен Аслан Ораз ресейлік қарсыластарын жеңді.

Хабибтің ұйымдастыруымен өткен турнирде екі қазақстандық жеңіске жетті

Нижний Новгородта өткен турнирде жеңіл салмақ дәрежесі бойынша (61-66 келі) Аслан Ораз "торға" бірінші болып кірді. Ол осы турнирге дейін тек үш жекпе-жек өткізген. Оның екеуінде жеңіске жетіп, біреуінде жеңіліс тапқан. Оның қарсыласы ресейлік Михаил Кузнецов әлдеқайда тәжірибелі болып шықты. Ол осы уақытқа дейін 13 жекпе-жек өткізіп, жетеуінде жеңіске жетіп, бесеуін жеңіліспен аяқтаса, бір кездесуде тең түскен.

Қарсыластың айтарлықтай тәжірибелі екендігіне қарамастан қазақстандық бұл жекпе-жекте айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Ол бірінші раундта-ақ ерте техникалық нокаутпен Кузнецовты берілуге ​​мәжбүр етті. "Arlan MMA Pro Team" атынан қатысқан қазақстандық файтер үшін бұл өз мансабындағы үшінші жеңіс болды. Кузнецовқа келетін болсақ, 27 жастағы спортшы алтыншы жеңілісіне ұшырады.

Ресейдің UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов негізін қалаған Eagle Fighting Championship турнирде осы күнге дейін жеңіліп көрмеген (бес жекпе-жекте бес жеңіс) қазақстандық файтер Әли Қабдолла сәтті өнер көрсетті. Оның жеңіл салмақтағы (57-61 келі) қарсыласы ресейлік Имран Жулагов болды. Ол барлығы 13 жекпе-жек өткізіп, екі жеңіліспен 11 жеңіске жеткен еді.

Олардың жеңіл салмақтағы жекпе-жегі үш раундқа жоспарланған болатын. Бірақ нәтижесінде Қабдолла мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ол екінші раундта тұншықтыру әдісі бойынша Имранды жеңді. Осылайша, Әли Қабдолла өзінің кәсіби мансабындағы алтыншы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 

Сонымен қатар, осы кешке жеңіл салмақ (61-66 келі) дәрежесі бойынша қатысқан тағы бір қазақстандық спортшы Заур Албаков ресейлік Гаджимурад Магомедовтен жеңіліп қалды. Албаков жойқын хайкикті, яғни аяқпен басқа бақытталған қатты соққыны жіберіп алды. Содан кейін Магомедов оны одан әрі жұдырықпен соққылай бастады. Төреші кездесу басталған соң 80 секундтан кейін-ақ жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша, қазақстандық өзінің кәсіби мансабында алғашқы жеңіліске ұшырады, ал Магомедов екінші жеңісіне қол жеткізді.

Сондай-ақ, таяуда Сочиде қазақстандық файтер Нұрберген Шарипов (10 жеңіс, екі жеңіліс) пен ресейлік Расул Мирзаев (18-3) кездеседі деп күтілуде. Шарипов өзінің соңғы жекпе-жегін қыркүйек айында өткізіп, ресейлік файтер Тамерлан Кулаевты жеңді. Ал Мирзаев наурыз айында тағы бір қазақстандық Арман Оспановпен жұдырықтасып, оған бірінші раундта техникалық нокаутпен ұтылған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу