Халық 27,5 млрд теңге үнемдейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2791

Елімізде коммуналдық қызметтер тарифі төмендейді.

Халық 27,5 млрд теңге үнемдейді

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызметтер тарифі төмендейді. Дәлірек айтсақ, тұрғындар суға, жылуға, электр энергиясына, газға және су тартуға жұмсайтын қаржысын аз да болса үнемдемек.

"Мәселен, 60 шаршы метрлі екі бөлмелі пәтерде тұратын алматылық тұрғын дәл қазіргі есеппен коммуналдық қызметтерге 14 483 теңге төлейді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сома 13 128 теңгені құрайтын болады. Яғни, бір айда 1 353 теңге, ал бір жылда 9 700 теңге үнемделеді. Дәл осындай пәтерде тұратын астаналық тұрғын бүгінде 10 666 теңге шығындап отыр. 1 қаңтардан бастап 1 062 теңгесін үнемдеп, 9 604 теңге төлейтін болады. Коммуналдық қызметтер төлемінен бір жылда 9 мың теңге үнемдейді", – дейді ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин.

Сол секілді шымкенттіктер ай сайын 1 340 теңге, жылына 10 мың теңге үнемдемек. Ақтөбеліктердің қалтасында қалатын қаржы 1 068 теңгеге тең. Бір жыл ішінде 9 мың теңге үнемдеп қалады. Өскемен тұрғындары коммуналдық қызмет төлемдерінен ай сайын 313 теңге (жылына 3 мың теңге), тараздықтар 806 теңге (жылына 5 500 теңге), оралдықтар 1 035 теңге (жылына 8 600 теңге), қызылордалықтар 865 теңге (жылына 7 мың теңге), петропавлдықтар 383 теңге (жылына 4 мың теңге) үнемдейді.

Осылайша, орташа есеппен бір жыл ішінде ел халқы 27,5 млрд теңге үнемдемек.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазірдің өзінде үш өңір жылу тарифін төмендеткен. Атап айтқанда Ақмола облысы 36,8 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысы 1,1 пайызға және Шығыс Қазақстан облысы 2,8 пайызға азайтты. 1 қаңтардан бастап қалған 14 өңірдегі тариф те өзгереді. Атап айтқанда, тарифтер 2,2 пайыздан 15,3 пайызға дейін төмендейді. Жалпы, 2019 жылы жылу тарифін төмендету нәтижесінде 6 млрд теңге үнемделеді деген болжам бар.

"1 қаңтардан бастап су тарифі барлық өңірде 3 пайыздан 22,7 пайызға дейін төмендейді. Сондай-ақ су тарту тарифі де 3 пайыздан 11,4 пайызға дейін азаймақ. Соның нәтижесінде халықтың сумен жабдықтау және су тарту қызметтеріне жұмсайтын қаржысы 2 млрд теңгеге үнемделеді", – дейді вице-министр.

Министрліктің дерегіне сүйенсек, газ тарифі де қолжетімді бола түспек. Нақтырақ айтсақ, 1 қаңтардан бастап газға жұмсалатын қаржы өңірлерде 3,3 пайыздан 17,5 пайызға дейін төмендейді. Ал үнемделетін қаржы көлемі – 5 млрд теңге.

"Электр энергиясының тарифі 1,7 пайыздан 22,32 пайызға дейін азаяды. Сондай-ақ 8 өңір заңды тұлғалар үшін электр энергиясының құнын 1,7 пайыздан 18 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр. Бұл бизнес саласына оң әсер етпек. Осылайша тұтынушылар 14,5 млрд теңге үнемдейтін болады", – дейді ұлттық экономика вице-министрі.

Серік Жұманғариннің айтуынша, жергілікті атқарушы органдар пәтер иелері кооперативі, лифт қызметтерін, қоқыс шығару, жолаушылар тасымалы тарифтерін төмендету жолдарын да қарастыруда.  

Айта кетейік, ел үкіметі дәл қазір тарифтерді төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұған осы жылдың қарашасында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ел президентінің берген тапсырмасы түрткі болды.

"Тұрғындардың өтінімдері мен арыз-шағымдарын қарастыра отырып, монополистердің негізсіз ақша алғаны анықталды. Оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында жоспардан тыс 55 тексеру жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, жоспардан тыс тағы 15 тексеру басталмақ", – дейді Серік Жұманғарин.     

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу