Halyk Bank депозиттерінің көлемі 10 трлн теңгеден асты

3277

Қаржы институты 2022 жылға арналған шоғырландырылған қаржылық есептілік пен аудиторлық қорытындыны жариялады.

Halyk Bank депозиттерінің көлемі 10 трлн теңгеден асты Фото: Forbes.kz

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылғы 31 желтоқсанда Halyk Bank-тің активтері 14,3 трлн теңгеден асты. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 18,4%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге артық. Активтердің өсуі клиенттердің банктегі қаражатының ұлғаюымен байланысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Halyk Bank-тің таза табысы да бір жылда 91,3 млрд теңгеге (553,7 млрд теңгеге дейін) өсті.

Қаржы институты бұл кредиттік бизнестің ұлғаюымен, оның ішінде "Сбербанк" АҚ ЕБ-нен 550 млрд теңгеге қарыз алу, сондай-ақ шетел валютасымен операциялар бойынша таза пайда мен комиссиялық кірістің өсуіне байланысты екенін түсіндірді.

"Сбербанктен қарыз қоржынын сатып алу банктің 2022 жылғы қаржылық көрсеткіштеріне оң әсерін тигізгенін жасырмаймыз. Біз сапалы қоржынға қол жеткіздік. Бұл әртараптандырылған қоржын, оған жеке тұлғалардың, ШОБ және корпоративтік бизнес несиелері кіреді. Дегенмен, Сбербанктен сатып алынған үлестің мөлшері Halyk Bank-тің барлық несие қоржынының шамамен 7%-ын және жалпы активтердің 4%-дан азын құрайтынын атап өткен жөн. Былтыр банктің барлық бизнес бағыттары өсті, сонымен қатар транзакциялық және қазынашылық бағыттары да өсті, нәтижесінде жақсы көрсеткіштерге қол жетті. Сондай-ақ банктің еншілес ұйымдары: Halyk Life, Қырғызстан Халық Банкі, Tenge Bank, Halyk Finservice, "Халық-Лизинг" таза пайда бойынша жақсы динамиканы көрсетті. Олардың барлығы топтың дамуына және негізгі қаржылық көрсеткіштердің өсуіне үлес қосты", - деді Halyk Bank Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Көшенов.

Сонымен қатар, есептілікке сәйкес, Halyk Bank-тегі депозиттер бір жыл ішінде айтарлықтай өсті: заңды тұлғаларда - 30% жуық, 5,26 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғаларда – 18,2%, 5,21 трлн теңгеге дейін. Теңгелей салымдар көлемі де өсті: заңды тұлғаларда – 2021 жылдың қорытындысы бойынша 52,9%-дан 2022 жылдың қорытындысы бойынша 60,6%-ға дейін, жеке тұлғаларда - 50,6%-дан 52,4%-ға дейін.

Көшеновтың пікірінше, салымдар көлемінің екі таңбалы санға дейін ұлғаюы бірнеше себептерге байланысты. Біріншіден, экономика мен халықты қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалардың ұлғаюы, сондай-ақ 2020 жылдан бастап мемлекеттік шығындардың артуы. Екіншіден, қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін БЖЗҚ-дан алуға рұқсат етілгені маңызды рөл атқарды.

"Депозиттердің өсуіне базалық мөлшерлеменің артуы әсер еткенін атап өту керек. Бұл компаниялар мен халықты көбірек үнемдеуге ынталандырды. Ресейлік банктердің нарықтан кетуі де маңызды рөл атқарды. Біз жеке тұлғалардың салымдарында шамамен 1 трлн теңге және заңды тұлғалардың депозиттерінде шамамен 1,5 трлн теңге Ресей қаржы институттарынан Қазақстанға ағылғанын көреміз. Компаниялардың көпшілігі Halyk Bank-тің ең ірі корпоративтік банк екенін біле отырып, өз салымдарын бізге сеніп тапсырды. Сондықтан заңды тұлғалардың депозиттері бойынша өсім жеке тұлғаларға қарағанда жоғары", - деп түсіндірді Көшенов.

Сонымен қатар, өткен жылы барлық бағыттар бойынша салымшылардың артқанын көріп отырмыз: ірі, бөлшек бизнес және ШОБ. Бұл олардың көбірек операциялар жасауына әкелді. Осының арқасында банкте пайыздық, комиссиялық кірістер мен дилинг өсті.

Сондай-ақ, қаржы есептілігінде банктің меншікті капиталы 2022 жылдың 12 айында 2021 жылдың аяғымен салыстырғанда 337,6 млрд теңгеге (+21,5%) ұлғайғаны көрсетілген. Бұл банктің 2022 жылдың 12 айында тапқан таза табысының арқасында мүмкін болды.

"Халықаралық нарықтағы жағдайға байланысты 2023 жыл да сын-қатерлер жылы болатын тәрізді. Дегенмен биыл топ қарқынды дамиды деген үміттеміз. Halyk Bank ұсынылатын қызметтерді, сондай-ақ несиелік өнімдерді ыңғайлы және жылдам ету үшін цифрландыру бойынша жұмысты әрі қарай жалғастырмақ. Бұл жеке тұлғалармен қатар бизнеске де қатысты. Сондай-ақ, біз клиенттерімізге қызметтерді тез және оңай алуға көмектесу үшін төлем қызметтерін және банктің экожүйесін дамытуды жалғастырамыз", - деп түйіндеді Көшенов.

Банктің толық шоғырландырылған қаржылық есептілігімен сілтеме бойынша танысуға болады.

Анықтама:

"Қазақстан Халық банкі" АҚ – бөлшек, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін, сақтандыруды, лизингті, брокерлік қызметтерді және активтерді басқаруды қоса алғанда, әртүрлі сегменттерде жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші қаржы тобы.

Банк өзінің бағалы қағаздарын 1998 жылдан бастап Қазақстан қор биржасында, 2006 жылдан бастап Лондон қор биржасында және 2019 жылғы қазаннан бастап Astana International Exchange биржасында орналастырады.

Сонымен қатар, банктің ең ірі клиенттік базасы және филиалдық желісі бар – ел бойынша 572 филиалы мен бөлімшесі бар. Сондай-ақ Грузияда, Қырғызстанда және Өзбекстанда өзінің еншілес ұйымдары бар.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу