Қазақстанның фармацевтикалық нарығы импортқа тәуелді – вице-министр

4868

Отандық дәрі-дәрмек өндірушілер 3 ауысыммен жұмыс істеп жатыр.  

Қазақстанның фармацевтикалық нарығы импортқа тәуелді – вице-министр Фото: Максим Морозов

"СК-Фармация" компаниясы номенклатурасының 50%-ын отандық препараттар мен медициналық бұйымдар құрайды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бұйрабекова осылай деді. 

Оның сөзінше, Қазақстанның фармацевтикалық нарығы импортқа тәуелді.

"Нарықтағы отандық өндірушілердің үлесі небәрі 13%-ды ғана құрап отыр. Отандық медициналық препарат өндірушілерді қолдау мақсатында құрылған "СК-Фармация" компаниясы олармен 10 жылға ұзақмерзімді келісімшарт жасаған. Нәтижесінде отандық өндірушілерден препараттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу көлемі бірнеше есеге артты. Бүгінгі таңда Бірыңғай дистрибьютор номенклатурасының 50 %-ы отандық дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардан тұрады", – деді Людмила Бұйрабекова.

Сөз арасында ол ауруханаларға құны 3 млрд теңгені құрайтын  медициналық препараттар таратылып жатқанын айтты. 

"Бірыңғай дистрибьютор ауруханаларға құны 3 млрд теңгеге жуық медициналық препараттарды тарату жұмыстарын қолға алды. Сонымен қатар 3 айға қажетті резерв құру үшін отандық өндірушілерден және импорттаушылардан дәрілік заттарды сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр", – деді Людмила Бұйрабекова.

Брифингте вице-министр ел азаматтары қажеттіліктері үшін көрші елдерден еш кедергісіз дәрі-дәрмек ала алатынын айтты. 

"Ресей Федерациясымен шекаралас жатқан аумақта тұратын қазақстандықтар бұл елден өздеріне және туған-туыстарына тиісті құжаттары болған кезде дәрі-дәрмек алып келе алады. Заңнамада өзіне қажетті дәрілік заттарды тасымалдауға шектеу қойылмаған", – деді Людмила Бұйрабекова.

Вице-министр отандық дәрі-дәрмек өндірушілер 3 ауысыммен жұмыс істеп жатқанын жеткізді. 

"Үш ауысымдық жұмыс өндірісті жоғары қуаттылыққа жеткізді. Еліміздің 25 фармацевтикалық зауыты мен дистрибьюторлары нарықты неғұрлым сұранысқа ие дәрілік препараттармен жедел қамтамасыз етуге тырысып жатыр", – деді Людмила Бұйрабекова.

Бұдан кейін вице-министр еліміздегі өкпе қабынуы ауруы неліктен коронавирус статистикасында есепке алынбайтынына тоқталды. 

"Біз қазір халықаралық ұйымдармен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күні ДСҰ ұсынымына сәйкес, статистикаға ПТР-дың оң нәтижесі бар жағдайлар ғана кіріп отыр", – деді ол. 

Людмила Бұйрабекованың баяндауынша, Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселе бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігіне сұраныс жіберген. 

"Келіссөз арқылы есепке алынуға тиіс мәліметтерге қатысты ортақ шешімге келеміз. Әр елдің статистикасы мен есепке алуға қатысты өз жолы бар. Біз соны біріздендіріп, барлық елмен қатар жүргіміз келеді", – деді Людмила Бұйрабекова.

 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу