Halyk Group компанияларының капиталы көбейді

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
2158

Кредиттік портфель 588 млрд теңгеге жетті, ал қарыз тәуекелінің құны 0,2%-ға төмендеді.

Halyk Group компанияларының капиталы көбейді

"Қазақстан халық банкі" АҚ биылғы жылдың I тоқсанындағы шоғырландырылған қаржы қорытындысын жариялап, таза кірісі 62,1 млрд теңгені құрағанын мәлімдеді. Бұл туралы журналистермен жүздескен кезде банктің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова: "Қазақстанның банк секторын сауықтыруды жалғастыру жағдайында Halyk Group компаниялары 2018 жылдың бірінші тоқсанын жақсы көрсеткішпен жапты. Бизнес өтімділігінің өсуі  топтың жүйе құраушы банктерінің және сақтандыру компанияларының интеграциясына байланысты жүзеге асты", – деді.

Белгілі болғандай, акционерлік қоғамның таза кірісі шоғырландырылмаған күйде 2017 жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда, 35,2%-ға өсіп, 57,7 млрд теңгеге жеткен. Ал Qazkom-ның таза кірісі шоғырландырылмаған күйде 32,9 млрд теңгені құраған. Топтың таза пайыздық кірісі өткен жылдың IV тоқсанымен салыстырғанда және биылғы жылдың I тоқсанын қоса алғанда  Qazkom АҚ-ның мерзімсіз еурооблигациялары бойынша дисконтты амортизациялау есебінен 9%-ға немесе 74,4 млрд теңгеге төмендеген.

"Таза пайыздық маржа өткен жылдың IV тоқсанындағы жылдық 4,9%-бен салыстырғанда, 2018 жылдың I тоқсанында Qazkom АҚ-ның  таза пайыздық маржасы және "Altyn Bank" АҚ-ның пайыздық активтерін сатуға арналған активке жіктеуге байланысты бір жылда 4,3%-ға қысқарды.

Кредиттік шығын бойынша шығыс Qazkom АҚ-ның және оның ресейлік еншілес ұйымдарының құнсызданған заемдары бойынша құрылған бір жолғы қосымша провизиялар есебінен 88%-ға азайды. Салдарынан клиенттерге берілген қарыз бойынша тәуекелдің құны 2017 жылдың  IV тоқсанындағы жылдық 4,8%-бен қатар қойғанда жылына 0,2%-ға дейін төмендеді.

Қызмет көрсету мен комиссия бойынша кірістер 2017 жылдың  IV тоқсанымен салыстырғанда маусымдық әсердің есебінен 8,3%-ға қысқарды. Өзге пайыздық емес кірістер өткен жылдың IV тоқсанындағы 48,2 млрд теңгеден 2018 жылдың I тоқсанында 10,2%-ға немесе 43,3 млрд теңгеге кем болды", – деді банктің басқарма төрағасы.

Үміт Шаяхметованың мәлімдеуінше, компаниялар тобының активтері банк клиенттерінің қаражатты ішінара алуы, РЕПО мәмілелерінің жабылуы және 2018 жылдың I тоқсанында теңгенің АҚШ долларына айырбастау бағамының нығаюы нәтижесінде шетел валютасындағы активтердің баланстық құнының деноминациялануы есебінен 5%-ға төмендеген.

"Halyk тобының меншікті капиталы 2018 жылдың I тоқсанындағы таза пайдасының есебінен 1,4%-ға өсті. Капитал өсімі банк құрған қосымша провизиялармен сонымен қатар Qazkom АҚ-ның жеке акцияларын сатып алу есебінен сақталып тұрды", – деді банктің басқарма төрағасы.

Қаржы ұйымы ШОБ-ты қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына белсенді қатысып келеді. Бұл туралы Үміт Шаяхметова: "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша біздің банк бағдарламаға қатысушы қаржы ұйымдарының арасында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша (2 037 жоба) бірінші және субсидияланған портфель көлемі (289,4 млрд теңге) бойынша екінші орынды иеленіп отыр.

Банк "Даму" қорымен ынтымақтастық аясында жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қарыз ұсынуға кепілдік беру бағдарламасын іске қосқаннан бері 889 кепілдік шартына қол қойды. Банк клиенттері үшін "Даму" қорының жиынтықталған кепілдік мөлшері ақша эквивалентінде 12,7 млрд теңгені немесе осы бағдарлама бойынша шығарылған жалпы кепілдік сомасының 21,6 %-ын құрады. Осы көрсеткіш арқылы халық банкі бағдарламаға қатысушы банктердің ішінде 1 орынға ие болып отыр", – деді.

Банктің бөлшек бизнесте де бәсі биік болыпты. Үміт Шаяхметованың айтуынша, 2018 жылғы 1 сәуірдегі дерекке сәйкес, қаржы ұйымының жеке тұлғалар салымы нарығындағы үлесі 19,89%-ды құрап, кредиттік портфель 588 млрд теңгеге жеткен.

"Бұл көрсеткіш бойынша банк нарықтың 14,43%-ын иеленіп отыр. Бүгінде банк 8 млн клиентке қызмет көрсетеді. Төлем карталарының саны 6,5 млн данаға дейін ұлғайды. Төлем карталарының саны бойынша банк нарықтың 39%-ын қамтиды", – деді ол.

Биылғы жылдың I тоқсанында халық банк ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге сәтті асырған көрінеді. Осыған қатысты Үміт Шаяхметова: "2018 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынш банк жалпы сомасы 27,6 млрд теңгені құрайтын қарыз мәселесін қарастырып, оның 23,3 млрд теңгесін қайта қаржыландыруға келісім берді. Нәтижесінде нақты 21,3 млрд теңге қайта қаржыландырылды", – деді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу