"Халық" қайырымдылық қоры Жаңаөзенде спорт кешені мен балалар алаңдарын салмақ

11586

Заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 алаң салуға 1,4 млрд теңге бөлінеді. 

"Халық" қайырымдылық қоры Жаңаөзенде спорт кешені мен балалар алаңдарын салмақ Фото: "Халық" қайырымдылық қоры

2023 жылы 8 тамызда Маңғыстау облысының әкімдігі мен "Халық" жеке қайырымдылық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Соның шеңберінде Жаңаөзен қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 спорттық алаң салу көзделген.

Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақұлы жаңа алаңдар Жаңаөзен қаласының 55 жылдығына орай жоспарланғанын айтады.

-Жаңаөзен қаласына жаңа алаңдар мен спорттық кешен салынады. Бұл жаңалық қала тұрғындарын қуантары сөзсіз. Қазіргі таңда бұл жобаға жергілікті әкімдіктің тарапынан 20 жер телімін арнайы қарастырып отырмыз. "Халық" қайырымдылық қоры қомақты қаржы бөліп, қазан айының 20- на дейін 20 ойын алаңын аяқтап, қаланың 55 жылдығына орай қолданысқа береді,- дейді Айбек Қосуақұлы.

"Халық" қайырымдылық қорының  басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов ынтымақтастық меморандумы спортпен шұғылданатын қала тұрғындарының белсенді демалысы үшін заман талабына сай жайлы жағдай жасауға бағытталғанын айтады.

-Спорт кешенінде бір тәулікте 200-ден астам адам айналыса алатын болады. Ал үй алдындағы ойын алаңдары 3 бөліктен тұрады. Алаңның сапасы әлемдік деңгейде заманауи үлгіде жасақталған. Бүгінгі келісілген меморандумның нәтижесінде тағы да ауқымды жұмыстар жүргізілетін болады. Қайырымдылық қорының демеушілері Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева екенін айта кету керек,- дейді Нариман Әбілшайықов.

Дене шынықтыру – сауықтыру кешені -  спорт әуесқойлары бокспен, күреспен, шағын футбол, теннис, волейбол және баскетболмен шұғылдана алатын спорттық белсенділікті насихаттайтын,  ерекше сәулет нысаны. Сондай-ақ, спорт кешені жүгіру жолымен, спортзалмен, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелермен жабдықталады.

Жаңаөзен қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тұрғындарды спортқа баулып  қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына түрткі болады. Кешеннің құрылысы кезінде 150 уақытша жұмыс орны құрылады, ал пайдалануға берілгеннен кейін 50 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Жаңаөзен қаласының тұрғыны Сақи Мыңбайдың айтуынша, бұл жаңалық балалардың мәселесін шешкенімен қатар жастардың да мәселесін шешпек.

- Қазіргі таңда халық саны күрт өсіп келеді. Жастарға жаңа бос орындарының ашылуы көңіл көншітеді. Сонымен қатар балаларымызға арналып жаңа алаңдардың салынуы да қатты қуантады. Өскелең ұрпақ мәдени ортада қалыптасуы тиіс. Ал жаңа бос жұмыс орындары жастардың дамуына, өсуіне тікелей әсер етеді. Осындай жобалар дами берсін дегім келеді,-деді Сақи Мыңбай.

"Халық" жеке қайырымдылық қоры Жаңаөзендегі спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл аударады. 2022 жылы Қор толығымен жабдықталған 16 воркаут және шағын футбол алаңдарын салды. Барлық алаңдар әкімдіктің меншігіне берілді.

2016 жылы құрылған "Халық" жеке қайырымдылық қоры қазақстандықтарға жүйелі көмек көрсетеді. Қор құрылғалы 45 млрд теңгеден астам сомаға қайырымдылық жобалары мен бағдарламалары іске асырылды.

Әкімдік пен "Халық" қоры арасындағы ынтымақтастық басым әлеуметтік міндеттерді шешуде табысты әріптестіктің үлгісі екенін атап өту маңызды. Мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдардың күш-жігерін біріктіру азаматтардың қажеттіліктерін тиімді қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Жаңаөзен қаласының спортшылары мен жаттықтырушылардың "Бірлік" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Батырбек Жайлыбаев спорт алаңдарының маңызын ескерді.

"Халық" қайырымдылық қоры осыған дейін бірнеше жобаларды іске асырды. Жаттықтырушы ретінде балаларға әрдайым спорттық үй-тапсырмаларын беріп отырамыз. Балалар үй жағдайында жаттығуларын жасап, еркін дайындала алады. Ендігі салынатын 20 алаң да тұрғындар игілігі үшін, -деді Батырбек Жайлыбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу