Әулиекөл ауылындағы балабақша құрылысы
Мұндай көлемдегі балабақша ғимараты ел ішіндегі аудан орталықтарында жоқтың қасы.
2022 жылғы желтоқсанда Әулиекөл ауылындағы "Бірлік" жаңа шағын ауданында жаңа балабақшаның ауқымды құрылысы басталды. Ал биылғы жылдың соңында 280 орындық заманауи мектепке дейінгі мекеме бүлдіршіндерді қабылдайды деген жоспар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аудан орталығында жаңа ғимараттың құрылысы жергілікті әкімдіктің бастамасымен басталған. Ал "Халық" қайырымдылық қоры игі іске қолдау көрсетіп, 2022 жылдың қыркүйегінде осы мақсатқа қаржы бөлген.
"Өткен жылғы өрттің зардабын тұрғылықты халық әлі сезінуде. Бұл жағдай қостанайлықтар үшін ауыр кезең болды. Мұндағы халық өткір мәселемен жалғыз қалмауы керек деп санаймыз. Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Осы мақсатта "Халық" қоры 1,3 млрд теңгені бөліп отыр. Бұл қаражат Әулиекөл ауылына 280 орындық балабақша салуға жұмсалды. Ең үздік стандартқа, талаптарға сай болуы үшін жобаны пысықтау мұқият жүргізілді. Жоспарға сәйкес, құрылысты жыл соңына дейін аяқтаймыз деген үміттеміз", - деді "Халық" қорының Басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов.
Нариман Әбілшайықов
Жоба бойынша 2 гектар алаңда жалпы ауданы 4,2 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат салу көзделген. Бүгінгі күні жаңа балабақшаның іргетасы қаланып, ғимараттың жертөле плиталары орнатылған. Ғимараттың бірінші қабатының құрылыс жұмыстары 40%-ға орындалған. Қазіргі уақытта нысанда 57 құрылысшы жұмыс істеуде және қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары бекітілген кестеден екі апта уақытқа алда келеді екен.
Құрылыс жүргізіп отырған компания басшысының айтуынша, балабақшаның құрылысына тек сапалы өнімдер қолданылуда. Мәселен, Көкшетауда, Қостанайда, Рудныйда шығарылатын кірпіштің үш түрі қолданылып жатқанын айтты. Балабақшаны белгіленген мерзімде тапсыру үшін барлық қажетті жабдықтар, құрылыс материалдары жеткілікті, білікті мамандар да бар.
"Құрылысқа және ішкі әрлеу жұмыстарына кәсіби әрі білікті жергілікті мамандар тартылған. Нысан құрылысын қарашада аяқтауға тырысып жатырмыз, ал алдағы шілде айында құрылыс алаңын босатып, барлық коммуникациялық желілерді тартуға және аумақты реттеуге, абаттандыруға дайындаймыз", - деді "Рудный Соколовстрой" ЖШС бас директоры Нұрлан Орымбетов.
Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, бұл балабақшаның жатын бөлмелері мен ойын бөлмелері кең, музыкалық залы мен шығармашылыққа арналған кабинеттер де қарастырылған. 280 балаға шақталған балабақша аудан орталығындағы және еліміздегі алғашқы осындай заманауи үлгідегі нысан болмақ.
Жергілікті әкімдік өкілдері балабақша құрылысына қаражат бөлу үлкен қолдау болғанын айтып отыр. Онымен қоса, жаңадан салынып жатқан мектепке дейінгі мекеме балабақшаға кезекті азайтып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге септігін тигізбек.
"Қазір Әулиекөлде екі балабақша мен төрт шағын орталық жұмыс істейді. Ал кезекте тағы 180 бала тұр. Негізінен, бізде 1 жастан 3 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмаған. Осы 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталғаннан кейін біз 14 топ ашуды жоспарлап отырмыз және олар негізінен бөбекжай болады. Содан кейін аудан орталығында мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі толығымен шешілетін болады", – деді Әулиекөл ауданының білім бөлімінің басшысы Досбол Құсайынов.
Досбол Құсайынов
Жергілікті тұрғындар қиындық туындаған кезде ел болып жұмылып қостанайлықтарға қол ұшын берген барша азаматтарға да, ұйымдарға да ризашылығын айтуда.
"Тілсіз жау деген сондай әжептәуір қасірет түсірді. Соның бәрін көтерісуге ел болып, ынтымағымызды, бірлігімізді көрсетіп, міне мынадай үлкен ауыл салынды, енді міне балабақша орнатқылы жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Серікбай Есболов.
Серікбай Есболов
"Бірлік" шағын ауданының тұрғыны Елена Зенкевич заманауи балабақша тұрғындарға өте қажет екенін айтып отыр. Оның отбасында үш бала бар, үлкен ұлы колледжде, ортаншы қызы мектепте, ал ең кішісі үш жаста, кенже ұлы әзірге үйде тәрбиеленуде.
"Біздің шағын ауданда осындай үлкен әрі заманауи балабақша салынып жатқанына өте қуаныштымыз. Көптеген мектеп жасына дейінгі балалар жаңа үйлерде тұрады және мұндай нысан бізге өте қажет. Біз өткен жылдың күзінде қазақстандықтардың көрсеткен көмегіне, облыс және аудан басшылығына және, әрине, осындай маңызды әлеуметтік нысанға қаржы бөлген Қорға алғысымызды білдіреміз", - деп жергілікті тұрғын ағынан жарылды.
Елена Зенкевич
Айта кету керек, Қостанай облысындағы төтенше оқиғаның салдарын жоюға ел болып жұмылып, бизнесмендер де, қоғам қайраткерлер де көмек көрсетті. Нариман Әбілшайықов "Халық" қайырымдылық қоры қол ұшын беруге бірден атсалысқан қайырымдылық қордың қатарында екенін айтты. Сонымен қатар, "Халық" Қорының серіктес ұйымдары - Halyk Bank және Qazaq Оil компаниялары да қиын кезеңде әулиекөлдіктерді қолдап, өрттен зардап шеккендерге көмек көрсеткенін Қор өкілі атап өтті.
"Бізбен бірге қиын кезеңде әулиекөлдіктерді қолдап, өрттен зардап шеккендерге Halyk Bank және Qazaq Oil серіктес ұйымдар да көмек көрсетті. Halyk Bank үйі өртенген азаматтардың төленуі тиіс несиесін кешірді, сондай-ақ зардап шеккен әрбір отбасына 1 миллион теңгеден көмек қаржы берді. Qazaq Оil компаниясы 50 млн теңге қаржы бөліп, өрт салдарын жою үшін дизель отынын берді. Біз қиын кезеңде маңызды әлеуметтік жобаларды іске асырдық, соның ішінде COVID-19 пандемиясы кезеңінде және қаңтардағы қайғылы оқиғадан зардап шеккен бизнеске де көмек көрсеттік. Тек 2022 жылдың өзінде Қор 26 млрд теңгеден астам сомаға 13 жобаны іске асырды, оның ішінде "Қазақстан халқына" қорына 12 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті", - деді Нариман Әбілшайықов.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы қыркүйекте Қостанай облысында болған өрттің салдарын жоюға "Халық" қоры барынша қолдау көрсететінін, осы мақсатта балабақша құрылысына 1,3 млрд теңге қаржы бөлетінін хабарлаған болатын.