Халық медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттанбай отыр

404

Соңғы 3 жылда денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты.

Халық медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттанбай отыр Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева қазақстандықтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендеп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Өкінішке қарай, денсаулық сақтауға шығыстардың айтарлықтай ұлғайғанына қарамастан, азаматтардың медициналық қызметтердің көрсетілуіне қанағаттану деңгейі төмендеп барады. Мәселен, соңғы 3 жылдың өзінде денсаулық сақтауға шығыстар 2,8 есе артты, ал халықтың қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 47 пайызға дейін төмендеген. Денсаулық сақтау министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру нәтижелерінің бірі саналатын диагностикалық қызметтердің тұрақты өсіп жатқаны туралы үнемі есеп береді. Олардың деректері бойынша консультациялық – диагностикалық қызметтер саны, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография қызметтерінің саны 7 есе өскен", – деді депутат МӘМС жүйесін жетілдіру тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Сөзінше, диагностикалық қызметтердің өсуі ауруды ерте анықтауға ешқандай әсер еткен жоқ.

"Тіпті, кейбір жағдайларда бұл қызметтер қажеттіліктің жоқтығына қарамастан тағайындалған. Аталған саланы қаржыландыру көлемі ұлғайса да шешімін таппаған жүйелі проблемалар әлі бар.  Олар: халықтың осы жүйеге, оның тиімділігіне деген сенімін жоғалтуға соқтыратын, тұрғындардың міндетті әлеуметтік сақтандыруға деген қызығушылығының  төмендігі; қаржыны басқарудағы кемшіліктерге, қосып жазуға, бұрмалаушылықтарға әкелетін саланы цифрландыру деңгейінің әлсіздігі. Сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтерге ақы төлеу кезінде әкімшілік қиындықтарға әкелетін екі қаржыландыру пакетін бөлудің анық болмауы және медициналық қызметтерді тұтынудың артуына, инфляцияның өсуіне және медициналық қызметтерге төмен тарифтерге байланысты саланың жеткіліксіз қаржыландыруы",  деді Дания Еспаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу