Халықаралық федерация Ресейді өз құрамына қайта қабылдайтын емес

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2399

Лондонда өткен IAAF Конгресінде Ресейдің жеңіл атлетика федерациясына қолданылған санкция сол күйінде қалды.

Халықаралық федерация Ресейді өз құрамына қайта қабылдайтын емес

2-3 тамыз күндері Лондондағы ExCel көрме орталығында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) 51-ші Конгресі өтті. Оған Қазақстан делегациясы да, атап айтқанда, ҚР жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Лашын Аймағамбетов пен вице-президенті Алексей Кондрат қатысты. Жалпы, IAAF Конгресіне 200-ден астам елден 800-ден артық делегат тіркелген.

Бірінші күні әр түрлі мәселелер талқыланды. IAAF-тың әрбір комитеті мен бөлімдері өз жұмыстары мен жетістіктері жайлы ақпар берді. Жеңіл атлетика жарыстары мен сайыстарын тартымды және қызықты өткізу жолдарын қарастыру, үнемі ізденіп, заман талабына сай бейімделе түсу қажеттігі тілге тиек етілді. Сондай-ақ заман үрдісінен қалмай, жаңа технологияларды меңгеріп, оны осы спорт түріне енгізу тақырыбы кеңінен талқыланды.  

Бүгінгі таңдағы күрмеуі күрделі мәселелер де ашық талқыланды. Бірінші кезекте допингпен күресті күшейту керектігі тілге тиек етілді. Одан кейін келісілген нәтижелерге жол бермеу де көлденең тартылды. Спортшылардың құқықтарын қорғау мәселесі де шет қалған жоқ.

Әр құрлықтағы ұлттық федерациялар қауымдастығы баяндама жасап, өз қызметі жайлы есеп берді. 2015-2018 жылдар аралығындағы қаржы мәселесі, түсім мен шығын жалпылама түрде жария етілді. Негізгі пайда көзі телетаратылымдар құқығы мен демеушілер екендігі мәлімделді. Содан соң Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының әрбір комиссиясы өз жұмыстары туралы баяндама жасады. Жарыстар мен сайыстар өткізу комиссиясы жүріп жарысудан әйелдер арасындағы 50 шақырымдық бәйгенің соңғы сәтте әлем чемпионатына енгізілгенін, біраз пікірталастың болғанын ортаға салды.

Аса қызу талқыланған мәселенің бірі IAAF мүшелігінен уақытша айырылған Ресейдің дәл қазіргі тағдыры болды. Осы ретте айта кетейік, 2015 жылы қараша айында Ресей жеңіл атлетика федерациясы WADA комиссиясы жүргізген тексерулер негізінде IAAF құрамынан уақытша шеттетілген.

Дүйсенбі күні IAAF кеңесі өтіп, осы мәселені талқыланған. Ресейдің IAAF құрамынан уақытша шеттетілуі сол күйінде қалған. Аталмыш санкция мерзімі ұзартылған. Себебі Ресей тарапы барлық шарттар мен талаптарды түгелдей орындамаған. Ал IAAF президенті Себастьян Коудың төрағалығымен өткен Конгресс басқосуында осы мәселе дауысқа салынды...

Ресейдің қайтадан IAAF-қа мүше болуы ісімен айналысатын арнайы жұмыс комиссиясының басшысы Руне Андерсен 18 ай бойы жүргізген тергеу жұмыстары жайлы баяндама жасады. Аталмыш комиссия Ресейді қайтадан IAAF құрамын қабылдауға әлі ертерек деген шешімге тоқталған. Әрі оны дауысқа салуды ұсынды.

Дауыс беру қорытындысында, Конгресске қатысқан 187 елдің (яғни, ұлтық федерацияның) 166-сы Ресейге қойылған санкцияны ұзартуды қолдады. Тек 21 мемлекет бұған қарсы дауыс берді. Сөйтіп, Ресейді IAAF құрамынан уақытша шеттету мерзімі ұзартылды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу