Халықаралық көрмедегі құнды кітаптар

3663

Қазақстанның Ұлттық музейінде "Eurasian Book Fair-2016" Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі-жәрмеңкесі болып өтті. 

Халықаралық көрмедегі құнды кітаптар

Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған "Eurasian Book Fair-2016" Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі-жәрмеңкесінде Ұлттық музей жанындағы "Халық қазынасы" ғылыми-зерттеу институтының "Қазына" топтамасымен шығарған алғашқы кітаптарының таныстырылымы өтті.

Олар: "Ғасырлар алтыны. Ұлттық музейдің алтын және күміс бұйымдарының топтамасы" және "Ұлттық музей топтамасындағы қазақтың зергерлік өнері" атты түрлі-түсті альбом-каталогтар мен Қалиолла Ахметжанның "Қазақтың отты қаруларының тарихы" атты кітабы.

Бұл сериялық басылымдарды дайындау мен басып шығарудағы негізгі мақсат – Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихы мен мәдениетіне қатысты тың материалдарды жинау, ғылыми талдау және толыққанды дерек ретінде ұсыну, ғылыми айналымға енгізу.

Сонымен қатар, көрме-жәрмеңкеде жазушы Жарылқап Бейсенбайұлының ҚР Ұлттық музейі ғылыми-методикалық кеңесінің мақұлдауымен және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен жарық көрген "Шоқан Уәлиханов" атты тарихи-ғұмырнамалық кітабының орысша жаңа басылымының таныстырылымы өткізілді.

Ол шығарманың алғашқы басылымының тұсаукесері 2015 жылдың соңында Мәскеу қаласындағы Орыс географиялық қоғамының штаб-пәтерінде өткен болатын.

Шара барысында сөз алған Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай: "Біз музей туралы, музейдегі экспонаттар туралы кітаптарды көптеп шығаруымыз керек. Осы мақсатты Ұлттық музейдің қызметкерлері, музей жанындағы "Халық қазынасы" ғылыми зерттеу институты, барлығы бірлесіп көптеген жұмыс атқарып жатыр. Соның алғашқылары музейдің жанынан шыққан кітаптарды бүгін таныстырғалы отырмыз. Ал бүгінгі шараға келетін болсақ, "Кітап оқудан қалған адам ой ойлаудан да қалады" дейді. Қазіргі таңда біз ой ойлай білуіміз керек және соған қарай әрекет ете алуымыз қажет. Сондықтан бүгінгі жәрмеңке кітапқа деген қызығушылықты арттырады деген ойдамын", – деді.

Аталған кітаптардың таныстырылымына келген қонақтар да жалпы жәрмеңке жайында және кітап төңірегіндегі ойларын ортаға салды.

Көрмеде, сондай-ақ, ҚР Ұлттық музейінің Ресей Ғылым Академиясы Сібір бөлімшісінің Археология және этнография институтымен бірге Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген археологиялық экспедиция нәтижелері көрсетілді.

Сол сияқты Ұлттық музейдің  төл басылымы – "Мәдени мұра" журналы және Ұлттық музей қорынан келесі жәдігерлер: сирек кітаптар, бірегей музыкалық аспаптар, қанжарлар, қабырға панносы – плакеткалар, кәдесый бұйымдары, қазақтың ұлттық зергерлік қолөнер әшекейлері, және т. б. жұртшылық назарына ұсынылды.

Қуат Әуесбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу