Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде күміс медаль жеңіп алды. Бұл Баландиннің осы жарыстағы иеленген үшінші жүлдесі. Бұған дейін ол 50 метрге брасс әдісімен жүзуде екінші нәтиже көрсетсе, 200 метрге брасс әдісімен жүзуде топ жарып, алтын медаль жеңіп алды.
Ол бұған дейін 2016-жылы өткен жазғы Олимпиада ойындарында да 200 метрге брасс әдісімен жүзуде жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ 50, 100 және 200 метрге жүзуден Қазақстан рекордын орнатқан. Енді 25 жасар спортшы Түркияда өткен халықаралық турнирде де өзінің мықтылығын тағы бір дәлелдеп отыр.
Әділбек Мусин баттерфляй әдісімен 50 метрлік қашықтықта өткен сайыста жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді. Ол сондай-ақ дәл осы әдіс бойынша 100 метр қашықтықта "алтын" жеңіп алды. Сонымен қатар ерлер арасында Әділ Қасқабай 50 метрге еркін әдіспен жүзуде алтыншы орыннан көрінді.
Аделаида Пчелинцева 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс жүлдегер атанса, Анастасия Резванцева шалқалай жүзуден 50 метр қашықтықта төртінші нәтиже көрсетті (екі жүз метрде ол "күміс" алды).
Естеріңізге сала кетсек, соңғы рет жүзуден қазақстандық спортшылар халықаралық жарысқа наурыз айының басында Катар астанасы Дохада өткен турнирге қатысқан болатын. Онда еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы ашық суда жүзуден әлемдік сериядағы жарыста бақ сынады.
10 шақырымдық марафонда ерлер арасында қазақстандық Виталий Худяков үздік нәтиже көрсетіп, 37 орынға ие болды. Ал Лев Черепанов 43-ші, ал Ғалымжан Балабек 56-шы нәтиже көрсетті.
Әйелдер арасында 10 шақырымдық жарыста Қазақстанның намысын екі спортшы - Мария Федотова және Милана Болдырева қорғады. Федотова 2.19.16.50 нәтижесімен 34-ші орынды иеленді. Милана Болдырева 2.27.03.00 нәтижесімен 35-ші болып жарысты аяқтады.
Ермұхамед Мәулен