Болгария астанасы София қаласында өткен "Странджа" халықаралық турнирінің финалдық жекпе-жегінің екінші күнінде қазақ боксшылары үш алтын медаль иеленді.
Сербияда өткен әлем чемпионатынан кейін "қазақтың Ломаченкосы" атанған Махмуд Сабырхан жекпе-жексіз турнирдің алтын жүлдегері атанды. Ал жартылай ауыр салмақтағы Сағындық Тоғамбай украиналық қарсыласын сенімді түрде жеңді.
Кіші әлем чемпионатының финалдық кездесуінде ресейлік Галина Головченкоға қарсы кездесуді сәтсіз бастаған Валентина Хальзова чемпионаттың алтын жүлдесін жеңіп алды. Қалған екі раундта қазақстандық қарсыласынан айласын асырып, алтыннан алқа тақты.
Қазақстандықтар сапынан турнирдің алғашқы алтынын екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай жеңіп алды, ол Софияда өткен турнирдің финалдық бәсекесінің бірінші күні жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы "кіші әлем чемпионатында" барлығы 17 медаль 4 алтын, 4 күміс және 9 қола жеңіп алды.
Махмұд Сабырхан (54 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі), Назым Қызайбай (50 келі) және Валентина Хальзова (70 келі) турнир чемпиондары атанса, күміс жүлдегерлер – Дамир Әбдіқадыр (51 келі), Дулат Бекбауов (67 келі), Дина Жоламан (54 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі). Ал қола жүлделер Санжар Тәшкенбай (48 келі), Тимур Қабдешов (51 келі), Абзал Серік (63,5 келі), Абзал Құттыбеков (92 келі), Нұрлан Сапарбай (+92 келі), Римма Волосенко (60 келі), Дариға Шәкімова (66 келі), Надежда Рябец (75 келі) және Анастасия Баязитоваларға (81 келі) бұйырды.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 3-орынға табан тіреді.
Сонымен қатар Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Софиядағы Странджа турнирінің чемпиондары мен жүлдегерлерін марапаттады. IBA әрбір спортшыға алтын медаль үшін 4000 доллар, күміс үшін 2000 доллар және қола үшін 1000 доллар төлейді (ерлер мен әйелдер үшін төлемдер бірдей). Осылайша, жалпы есепте қазақстандық боксшылар 33 000 доллар табыс тапты.
Ермұхамед Мәулен