Халыққа қармақ беру керек...

3732

Жаңа Үкіметтің алдында тұрған басым экономикалық міндеттер қандай? Неге баса мән беру керек? 

Халыққа қармақ беру керек... Фото: inbusiness.kz

Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайты сарапшылардың пікірін білді.

Күні кеше өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар мен ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет екенін баса айтқан болатын. Осы мақсатта экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту керек. Президент жаңа Үкіметтің басты міндетіне экономикалық қызмет субъектілеріне бірдей жағдай жасап, кәсіпкерлермен, инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажеттігін жеткізді.

"Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар, дегенмен, бұл жұмыс та толық аяқталмаған. Бұл өндірістер экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз етуге тиіс. Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ. Көптеген жобаны қаржыландыру көздері айқындалған жоқ. Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Үкімет еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беруі тиіс.

Ұлттық қордың қаржысын арттыру бағытында жұмыс керек

Экономист Бауыржан Ысқақов атқарушы билік қайта өндіру секторын дамытуға мән беруі тиіс деген пікірде.

"Өйткені инфляциядан алып шығатын бірден-бір тиімді жол – жұмыс орындарын көбейту, сол арқылы шағын және орта бизнесті өңдеуші өнеркәсіппен байланыстыру. Екіншіден, Ұлттық қордың қаражатын еселендіру жолында жұмыстар атқарылу керек. Осы уақытқа дейінгі тәжірибеде қолданылып келген бюджет тапшылығын жою, басқа да квазимемлекеттік секторлардың қаржы сұраныстарын қанағаттандыру сияқты тәжірибеден алшақтап, мемлекеттік бюджетті салықтық түсімдермен қамтамасыз етуді алдыңғы орынға қоюымыз керек. Сонымен қатар бюджетке түсім әкелетін секторларды дамыту, сыртқа заңсыз шығарылған, заңсыз аударылған активтерді қайтару жұмыстары да бар. Жобамен 150 млрд доллардан астам қаражат сыртта", - деді ол.

Сарапшының сөзінше, бұл қаражат елге қайтарылатын болса, бюджеттің көптеген шығын мәселесін шешуге болады.

"Бұдан басқа жаңа Үкімет өңірлермен тікелей жұмыс істеуді қолға алу керек. Аймақтардағы жұмыс берушілермен, қызмет көрсету секторын дамыту және жұмыссыздық мәселесін өңірлердің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес шешіп, тиісті зерттеу жүргізіп, әртүрлі қолдау шараларын енгізуі тиіс. Себебі өңірлердің дамымауы жалпы экономикаға үлкен тежеу болады. Мегаполистерден басқа да өңірлердің жұмысы бір қалыпқа келу керек", - деп қорытындылады Бауыржан Ысқақов.

Қазіргі экономикалық ахуал қандай?

Экономист Ләззат Нұрғалиқызы жаңа Үкіметтің алдында тұрған басым міндеттердің қатарында Президент Жолдауындағы мақсаттар тұрғанын айтты. 

Ол әлеуметтік-экономикалық жағдайға баса мән берілу керек деп есептейді.

"Экономикалық ахуал мен халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болса, бұл елдің өмір сүру дәрежесіне, алыс-беріске, сыртқы саясатына да әсерін тигізеді. 2029 жылға қарай елдің экономикалық көлемін 450 млрд долларға жеткіземіз деген мақсат қойылған болатын. Президент мұны баса айтты. Бұл межеге жету үшін, әрине, елдің ішкі кірісін көбейту керек. Яғни биылға экономикалық өсім 5-тен жоғарыны көрсетсе, сол жылға дейінгі айналым қаражатына жету үшін кемінде 6%-дан көрсеткіш болу керек. Ол үшін халықтың шағын және орта бизнеспен айналысуына толықтай жағдай жасау қажет", - деді экономист Ләззат Нұрғалиқызы. 

Бизнеспен айналысқан адам салық төлейді, бұл өңірлердің бюджетіне қаржы қосылады деген сөз, деп жалғастырды ол.

Сарапшы қазіргі экономикалық ахуалға да тоқталды.

"Жалпы халықтың 9 млн-ы жұмыс істейтін болса, оның 90 пайызы несиеге байланған дейтін болсақ, арасында мемлекеттен әлеуметтік көмек алатын азаматтар да бар. Осы тығырақтан шығудың жолы қандай? Әрине, олардың ақшасын өсіре беруге болады, бірақ одан мемлекетке кіріс болмайды. Егер де қаражатты кәсіпкерлікпен айналысуға бөліп, халыққа "қармақ" беретін болсақ, оң ықпалын тигізеді, экономикалық жағынан өсім көрсетеді деген ойдамын", - деп атап өтті сарапшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу