Халыққа қызметтің жаңа ережелері күшіне енді

3039

ЖИ министрлігінің шешімімен, "Халыққа қызмет көрсету орталықтарына" кейбір қызметтерді көрсетуге тыйым салынды.

Халыққа қызметтің жаңа ережелері күшіне енді Фото: stan.kz

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Юсупованың 2025 жылғы 15 желтоқсандағы №656/НҚ бұйрығымен ХҚКО-лар мен 1414 байланыс орталығы (контакт-центр) көрсететін қызметтердің тізбесі қайта қаралды.

Комитет төрайымының аталған бұйрығы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ Халыққа қызмет көрсету бөлімдері арқылы және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы" Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының міндетін атқарушының 2023 жылғы 13 қыркүйектегі №400/НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Нәтижесінде, аталған тізімнен кейбір қызметтер алып тасталды, тиісінше, олар ХҚКО арқылы бұдан былай халыққа ұсынылмайтын болады. Бұйрық бүгінде толыққанды күшіне енді.

Бұрынғы бұйрықпен бекітілген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету бөлімдері арқылы, сондай-ақ 1414 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы көрсетілетін қызметтерінің тізбесінен келесі қызметтер енді жойылды:

  • Кеңес беру және дауыстық консультация қызметтері көмегімен техникалық қолдауға тіркеу;
  • Дауыстық емес кеңес беру қызметтері (Telegram, VK, электрондық пошта, Facebook арналары арқылы);
  • Консультациялық көмек және "Бейне қоңырау" сервисі арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету;
  • Кеңес беру және "Бейне қоңырау" сервисінің көмегімен техникалық қолдауға тіркеу;
  • Биометриялық сәйкестендіру-идентификацилаудан өте алмаған қызмет алушыларды модерациялау, сүйемелдеу қызметі.

Бұл қызметтерге зәру азаматтар тұйыққа тірелсе, әрі қарай не істейтінін ЖИ ведомствосы нақтыламады.

Мұның орнына бұрын тегін болған кейбір қызметтер енді ақылыға айналды. Осы мақсатта тізбе келесі мазмұндағы тармақтармен толықтырылды:

  • 13. Әкімшілік органдарға байланыс орталығының қызметтерін коммерциялық негізде ұсыну (1414 контакт-орталығының қызметі оларға биылдан ақылы болады);
  • 14. Техникалық сүйемелдей отырып, 1414 нөміріне өтеулі (ақылы) негізде қолжетімділік беру (Предоставление на возмездной основе доступа к номеру 1414 с техническим сопровождением);
  • 15. Қоңырауларды қабылдау үшін байланыс орталығы жүйесіне өтеулі (ақылы) негізде қолжетімділік беру.

Жалпы, осыдан кейін ХҚКО-ларды "ХАҚКО" (халыққа ақылы қызмет көрсету орталықтары), ал, "Азаматтарға арналған Үкімет" атауын "Азаматтарға арналған ақылы Үкімет" деп қайта атаса да болғандай.

Өйткені бұл мемкорпорация жыл өткен сайын ақылы қызметтері санын көбейтіп келеді. Тиісінше, капиталы да артты.

Оның 2024 жылдың қорытындысына (2025 жылдың қорытындысы 2026 жылдың ортасына қарай жарияланады деп күтілуде) арналған есебінде, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ының жарғылық капиталы – 43 млрд 386 млн теңгеден асқаны, ал, меншікті капиталы – 50 млрд 226,1 млн теңгеден артқаны көрсетілген. Алда 100 миллиардтық межені бағындыруы мүмкін.

Қаржы тапқандықтан, бір жыл ішінде лауазымды қызметкерлеріне 1 млрд 635 млн теңге сыйақы таратыпты.

Қызметкерлеріне жазғы демалысына (отпуск) және бонустарына үлестірген қаржысы 2023 жылғы 4 млрд 199 млн теңгеден 2024 жылы 7 млрд 99 млн теңгеге дейін күрт өсті.

Жалпы және әкімшілік шығыстары да бір жыл ішінде 11 млрд 380 млн теңгеден 12 млрд 208 млн теңгеге дейін ұлғайып шыға келіпті.

Сонымен бірге, бұған дейін "Азаматтарға арналған Үкімет" келесі қызметтерді ақылы негізге көрсетуге көшкен болатын:

ХҚКО-дағы дербес менеджер

ХҚКО-дағы дербес менеджер қызметі жеке және заңды тұлғалар үшін паспорт пен жеке куәлік алудан басқа мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің барлық түрлері бойынша қолжетімді болып табылады. Дербес менеджер – бұл ХҚКО маманы, оның міндеттеріне жасалған шарт негізінде көрсетілетін қызметті алушыға жеке қызмет көрсету кіреді. Қызмет көрсетуге арналған шарт ХҚКО-ға жүгінген кезде жасалады. Көрсетілетін қызмет құны 2024 жылы 5 500 теңге болды. Сол жылы дербес менеджердің қызметтерін ұсыну бойынша 43 531 шарт жасалған.

Мамандандырылған ХҚКО-дағы дербес менеджер

Әрбір өңірде бұйрықпен тағайындалған дербес менеджерлер Мамандандырылған ХҚКО-да көрсетілетін қызметті алушыларға жеке қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді және көлік құралдарын ресімдеуге байланысты барлық мәселелер бойынша көмек көрсетеді. Қызмет еліміздің барлық мамандандырылған ХҚКО-ларында жасалған шарт негізінде көрсетіледі. Қызмет құны 6 088 теңге болды. 2024 жылы мамандандырылған ХҚКО-да жеке қызмет көрсетуге 3 000-нан астам шарт 38 жасалған.

Автосалондарда жеке және кешенді қызмет көрсету

Автосалонда автокөлік сатып алған кезде сол жерде автокөлікті тіркеуге, мемлекеттік нөмірді және көлікті тіркеу туралы куәлікті (техникалық паспорт) алуға болады. Автосалонда орналасқан Мамандандырылған ХҚКО маманы тіркеуге қою үшін тез арада құжаттарды қабылдайды, ал бір-екі сағаттан кейін курьер дайын құжатты және мемлекеттік нөмірді жаңа көліктің иесіне жеткізеді. Қызмет автосалонмен жасалған шарт негізінде көрсетіледі. 2024 жылы 15 шарт жасалған.

ХҚКО-ның көшпелі дербес менеджері

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ХҚКО-ға бармай-ақ алғысы келетін көрсетілетін қызметті алушылар үшін ХҚКО маманының қажетті мекенжай бойынша шығу сервисі жұмыс істейді. Ол үшін көрсетілетін қызметті алушы өтінімді gov4c.kz сайтында қалдырады, ХҚКО маманы сұранымның егжей-тегжейлерін нақтылау үшін қоңырау шалады, белгіленген уақытта көрсетілген мекенжай бойынша шығады, шарт жасасады және қызмет көрсетеді. ХҚКО-ның көшпелі мамандары паспорт, жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және көлік құралдарын тіркеуді қоспағанда, кез келген мемлекеттік қызмет көрсетуге өтінімді қабылдай алады. Сервис Қазақстанның барлық өңірлерінде қолжетімді. Қызмет құны 7 190 теңге болды. 2024 жылы 825 шарт жасалған.

ХКҚО маманының дайын құжаттарды жеткізуі

Көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін ХҚКО маманы көрсетілген мекенжайға жеткізуі мүмкін. Ол үшін көрсетілетін қызметті алушы ХҚКО-да беретін мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініште беру тәсілі – үйге жеткізуді көрсетеді.

Құжат дайын болған кезде ХҚКО маманы көрсетілетін қызметті алушымен хабарласып, көрсетілген мекенжай бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін жеткізеді. Құжаттарды жеткізу мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 15 түрі бойынша жүзеге асырылады. 2024 жылы құжаттарды жеткізу сервисін пилоттық жоба іске қосылған Астана тұрғындары ғана пайдалана алды. Алдағы уақытта жобаны басқа өңірлерге кеңейту жоспарлануда. 2024 жылы бұл тәсілмен 114 құжат берілген. Астана, Алматы және Шымкент қалалары үшін қызмет құны 2 800 теңгені, облыс орталықтары үшін – 1 800 теңгені құрады.

Мемлекеттік қызметтердің нәтижелерін постамат арқылы беру

Постаматтың жұмыс қағидаты – қызмет алушы ХҚКО-ға келіп, мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін ХҚКО маманынан емес, постаматта дербес торкөзді ашып алады. Осы сервисті пайдалану үшін өтінішті ресімдеу кезінде беру әдісі – постаматты көрсету қажет. Құжатты постамат ұяшығына жүктегеннен кейін клиент 6 таңбалы коды бар SMS алады және тапсырысты алу үшін веб-сервиске сілтеме алады. Постамат ұяшығы көрсетілетін қызметті алушының биометриялық сәйкестендіруінен өткеннен кейін және SMS-тен кодты енгізгеннен немесе QR-кодты сканерлегеннен кейін ашылады. Бұл құрылғыны ХҚКО қызметіне енгізу құжаттарды беру секторында азаматтардың жиналуын азайтуға және қағаз тізілімдерін жүргізуді болдырмауға мүмкіндік берді. Жаңғыртылған ХҚКО-ның "24/7 аймақтарында" орнатылған постаматтардың тәулік бойы қолжетімді екенін атап өткен жөн. Алдыңғы жылы еліміздің 10 өңірінде мемлекеттік қызметтердің 19 түрін ұсыну үшін 14 постамат жұмыс істейді. 2024 жылы постамат арқылы 4 609 құжат берілген. Қызмет құны 953,37 теңге болған.

Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисін сату

Мамандандырылған ХҚКО-да мемлекеттік қызметті көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының қалауы бойынша сақтандыру полисін сатып алуға электрондық өтінім ресімделеді, ол дайын құжаттарды беру процесі аяқталғаннан кейін абоненттік телефон нөміріне 2 сағат ішінде жіберіледі. Қызмет сақтандыру компаниясымен жасалған шарт негізінде көрсетіледі. 2024 жылы көлік құралдарының иелері Мемлекеттік корпорация арқылы 800-ден астам АҚЖМС (Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру) полисін сатып алған.

Неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) салтанатты тіркеу

Салтанатты түрде неке қию рәсіміне жаңа үйленгендер booking.gov4c.kz сайтында немесе "ХҚКО" мобильдік қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Өтінімде АХАТ филиалы және тіркеу уақыты көрсетіледі. Некені салтанатты тіркеуді АХАТ бөлімінің маманы тағайындалған күні және уақытында әдемі ресімделген тіркеу залында өткізіледі. Сараланған тарифтер қолданылады: Астана, Алматы қалаларында – 35 000 (ҚҚС-пен), Шымкент қаласында – 30 000, облыс орталықтарында – 20 000, өңірлерде – 10 000 теңге болған. 2024 жылы сервисті 3 519 жұп пайдаланған екен.

Электронды сенімхаттарды, дубликаттарды онлайн рәсімдеу

2025 жылғы желтоқсанда мемкорпорация "ЦОН" мобильді қосымшасында "Сенімхат рәсімдеу" атты жаңа цифрлық сервисін енгізді. Сервис мамандандырылған ХҚКО-ларда мемлекеттік қызмет алу үшін электронды сенімхаттарды азаматтарға онлайн форматта рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, дайын құжаттарды алу, көлік құралдарын тіркеу және есептен шығару, көліктің техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін ауыстыру немесе олардың телнұсқасын алу қызметтері. Қызмет көрсету үдерісі толықтай онлайн.

Сервисті пайдалану үшін "ЦОН" мобильді қосымшасында ЖСН және телефон нөмірі арқылы авторизациядан өту қажет. Қызмет құны – 1 сенімхатты рәсімдеу үшін 500 теңге.

Бұл жерде ХҚКО-лар және мемкорпорация көрсететін ақылы қызметтердің тек кейбірі ғана келтірілді. Оның үстіне 2025 жылы бағалар көтерілгені мәлім. Мысалы, "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы халыққа қызмет көрсету орталықтарында дайын құжаттарды қажетті мекенжайға дейін жеткізу қызметінің құнын 2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында – 1990 теңгеге, ал облыстарда – 1000 теңгеге дейін көтерді.  

Демек, тиісті есебін жариялаған соң өткен жыл қорытындысында корпорацияның тапқан табысының да күрт молайғаны анықталатын болар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу