Халықты "бай қылатындардың" бизнесі банкрот болуға жақын

Елімізде қаржы пирамидаларының бірі жабылса, екіншісі ашылып жатыр. 

Халықты "бай қылатындардың" бизнесі банкрот болуға жақын Фото: canva.com

Сарапшылар оңай олжаның опық жегізетінін біле тұра ел тұрғындарының сол қадамға баратынына налиды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлына депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда депутат қазіргі уақытта алаяқтықтың түрі көбейгенін, ел азаматтарының қаржылық қиындықтарға тап болып жатқанын айтқан.

– Қазақстан Республикасында қаржылық пирамидалармен күрес – халықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары елімізде қаржылық пирамидалардың әрекеті айтарлықтай көбейіп, көптеген азаматтың қаржылық қиындықтарға тап болғаны байқалуда. Қаржылық пирамидалардың әрекеті нәтижесінде азаматтардың миллиондаған теңге көлемінде қаражаты жоғалғаны туралы фактілер көптеп тіркелуде. Бұл ұйымдар көбінесе заманауи технологияларды пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы халықты алдап-арбауда, – деген еді ол.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков қазір адамдардың 70 пайызы қаржылық пирамидаға біліп тұрып баратынын айтып отыр. Демек, ел тұрғындары өзгені "құрбан" етуге еш арланбайды.

– Қаржы пирамидаларға бұрын-соңды адамдар білместікпен, сенгіштікпен алданатын болса, қазіргі күні көбі әдейі барып ұрынады. "Неге?" дейсіз ғой, қазір әрқайсысы басындамын деп ойлайды. Пирамиданы біледі, басындағылар алатынын, соңындағылар қалатынын. Соңында жәбірленуші құрбан болатынын біле тұра әдейі барады. Көбелектің отқа барып ұрынатынын секілді. Оларға әдейі солай сендіреді. "Пирамида ашылып жатыр, басында кіріп ал, артыңнан адамдар тірке, бонустарыңды ал, өз ақшаңды алып, әрі қарай шығып кетесің" деп. Бұл кәсіби айтқанда құрбандар ғой. Олардың арнайы топтары болады, бір-бірінің артынан үй мен көлік алатындай етіп дайын жүреді. "Мен кірдім, артымнан 10 адам тіркедім, көлік алдым, үй алдым, мінеки, бақыттымын, шетелге қыдырып жатырмын" деп кәсіби топтасқан, ұйымдасқан адамдар бірігеді де, қандай да бір пирамида ашыла ма, бірден сол жаққа ақшасын салып, бонусқа шығып кетеді. Соны көрген адамдарды олар тартады. Қарапайым адамдар, ақшасы бар болмаса сондай жағдайға көзі жеткен адамдар "бізде де сондай болады екен" деп адамды тіркейді. Солайша, кәсіби айналысатын адамдар бар болған соң, адамдар алданып жатыр. Қазіргі уақытта білмей алданып жатқандардың үлесі 30 пайыз шығар, қалғаны біліп тұрып осы қадамға барады. Яғни, адамдарды көрсеқызарлық, жеңіл пайда және тез баю ойы жетелейді. "Осы жолы алып шығармын" деген ой болады, – дейді ол.

Депутат Дәулет Төлеутайұлы депутаттық сауалында бірнеше компанияның атын атап, түсін түстеді. Оның ойынша, аталғандардың бәрінде қаржылық пирамиданың белгісі бар.

– Бүгінде халық арасында Harmony Rider Technology (HRT) атауымен самокаттарды жалға берумен айналысып, халықты инвестор болуға үгіттеп жүрген компания пайда болды. Өздерін тек самокатты жалға беруші компания емес, әлемде экологиялық тазалықты қолдайтын ұйым ретінде көрсетуде. 24 сағат самокаттарды жалға беріп, 5 сағатын инвесторға, 19 сағатын компания өзіне қалдырады екен-мыс. Айтуларынша, күніне 15 000 теңгеден бастап табыс табу мүмкіндігі бар. Ол ол ма? Ақтөбе қаласынан кеңсе де алып, жарнамасын айқайлата ілген. Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық? Одан қала берді, бүгінде қытайлық компанияның атын жамылып, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Қытайдағы іссапар кезінде түскен суреттерді пайдаланып, халықтың сеніміне кірген JDL компаниясы да бар. Жылына 390 000 теңге салып, "Қытайдан шыққан жүк көліктері Қазақстан аймағынан өткенде әр тауардан қомақты пайда түсіп отырады" деп халықты сендіруде. Яғни, бір реттік 390 мың теңге салған адамға, айына 450 000 теңге таза пайда табатынын айтуда. Бейресми ақпарат көздеріне сүйенсек бұл компанияға еліміздің 150 000-нан астам азаматы тіркеліп үлгерген. Сонымен қатар Sirius Energy, SinoTrans, Fashion Star атауымен бірнеше компания осындай жүйемен өз қызметтерін ұсынып жүр. Бұның бәрінде қаржылық пирамидалардың белгісі бар екенін айтқым келеді. Шамадан тыс сенгіштік пен бейқамдық азаматтарды қаржы пирамидаларына әкеліп, тез арада баю ниеті оларды пирамидаға қомақты соманы өз қолымен бергізеді. Қаншама адам несие алады, түбінде алданады. Оның арты үлкен әлеуметтік шиеленістерге әкеледі, – деп сөз сөйледі депутат.

"Алаяқ.нет" жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков осы мәселеде салымшылардың ойы қақ жарылатынын ашық айтып отыр. Яғни, бонус алғандардың қаржылық пирамиданы жарнамалап, қызғыштай қоруының себебі бесенеден белгілі.

– Негізі, қаржы пирамидалары туралы айтудың да, ескертудің де кемі жоқ. Қазіргі таңдағы технологияны жетік меңгере алмайтын адамдар, үйде отырған аналар бар, соларды адамдар түрлі топтар арқылы қызықтырып, алдайды. L-Сapital дегеннің соты әлі 4 жылға созылып жатыр, осы күні қаржылық пирамидаға күдігі бар деп 217-бап бойынша сот процесі жүріп жатыр. Мысалы, 4 мың салымшысы болса, екі мыңы дұрыс дейді, екі мыңы бұрыс дейді. Жартысы ақшасын алып, бонусқа шыққан, қалғаны дымсыз қалған. Осылайша, адамдардың ортасында ақша алмағандар мен кәсіби шоғырланған адамдар арасында қарама-қайшылық жүреді. Ақша алғандары әрине қолдайды. Себебі, оларға пирамидалардың тірі болып, өмір сүргені, жұмыс істегені жақсы. Д.Мұқаевтың депуттаттық сауалына келсек, ол жерде нақты пирамидаға күмәні бар, осы кезде белең алып жатқан компаниялар айтылған. Ондағы оқырмандардың пікірі екіге бөлініп жатыр. Көбі пирамиданың әлі де жалғасып жатқанын байқатты, қазір абороты кішкентай, кейін 2-3 миллиардқа шыққанда қазіргі мақтап отырғандар, ірі "игроктар" ойыннан шығып кеткенде, жәбірленуші болып, "Үкімет, депуттаттар не қарап отыр, полиция не қарап отыр?" деп өзі таза, басқаның бәрі кінәлі етіп шығады. Қазіргілер жеңіл пайданың артынан "Испаниядағы, Америкадағы, Таиландтағы самокаттарға инвестиция салып отырмыз" деп ойлап отыр. Алдағы уақытта ол велосипед болсын, еш өзерісі жоқ, адамдар әлі де алдана түседі, – деді ол.

Дәулет Мұқаев бұл депутаттық сауалында өзіне қарсы шығатындардың табылатынын ашық айтқан.

Сондай-ақ, ол Ұлттық банктің жылдың пайыз мөлшерлемесі әрі кетсе 18 пайыз болса, пирамидаларда 250 мен 400 пайыз аралығында екені халықты ойландыруы тиіс деп топшылайды.

– Иә, қазір күн сайын ақша алып отырған азаматтарға бұл ұсыныс ұнамауы және осыдан кейін мені жау санауы да мүмкін. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек: бұл ақша қайдан келіп жатыр? Әрине, бұл – артынан ерген, тіркелген адамдардың ақшасын бір-біріне қосу, сапыру. Қазіргі таңда Ұлттық банк тарапынан қойылған проценттік жылдық мөлшерлеменің ең жоғарғысы 17-18 пайыз ғана. Ал қаржылық пирамидаларда бұл көрсеткіш 250-400 пайызға дейін жетіп отыр. Бұл ойландыратын нәрсе емес пе? Алданатын халық саны одан сайын көбеймей тұрғанда дереу тексеріс жүргізіп, қаржылық пирамиданың белгілері болса, халықты тез арада ақпараттандыруға және жоғарыда аталған компаниялардың қызметіне шектеу қоюды сұраймын, – деп сөзін түйіндеді депутат.

Шынын айту керек, қаржылық пирамида күдігіне ілінген компаниялардың атын атау, түсін түстеу екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан, өзіне жолданған депутаттық сауалдан елдің бас прокуроры нәтиже шығаруы тиіс.

Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков бұған дейін заңның солқылдақтығынан қаржылық пирамдаға біреу арызданбайынша қылмыстық іс қозғалмағанын айтты. Абырой болғанда, қазір жағдай өзгерген.

– Пирамидалар бастапқы уақытта кәдімгі күмәнсіз инвестиция болып басталады. Мемлекет неліктен тосқауыл қоя алмайды? Бірден пирамида белгілері болса, қаржы мониторингі қашан адамдар алданбайынша, арыз түспейінше іс қозғай алмайтын. Қазір қандай да бір инвестиция атын жамылған сондай пирамидаға күмәнді компаниялардың белгілері болса, бірден тексеріс жүргізеді. Бұған дейін заңның осалдығынан осындай жағдайлар болып жатты. Жәбірленушілер шықпайынша, арызданбайынша істер қаралмайтын. Қазір мәселені тексере бастайды. Қазір ондай компаниялар көп, акциялар бар, облигациялар бар, басқа да инвестициялар бар. Оның барлығын бірден пирамида деп анықтау қиын. Қаржы пирамидаларына қатысты бірнеше күмәнді компанияға сот процесі жүріп жатыр. Менің практикамда бір компанияға ақша салғандардың көбі зейнеткерлер болған. Жамбыл облысындағы тұз зауыты бар, содан түскен инвестицияның пайданы беріп отырамыз деген. Белгілі бір өнер адамы соған 70 мың долларын салып жіберген, ондай жағдайлар өте көп. Ондай пирамидаға алданатындардың көбі қарапайым, орта деңгейлі азаматтар емес, жоғары білімі бар азаматтар, оқыған-тоқығандар. Бұл жерде алданатын адамдар менің заңгерлік қызметімде сол – 70 мың доллар, ол – қазіргі таңда 30 миллион теңге. Оның өзі оңай ақша емес. Ал, жалпылама бір капиталда 10 миллиард теңге шығын болған, – деді ол.

ҚР Қаржылық мониторинг Агенттігі-қоғамдық кеңес мүшесі Нұрсұлтан Орынбеков "қаржылық пирамидалардың артында лауызымды тұлғалардың тұруы мүмкін бе?" деген сұраққа да жауап берді.

– "Қаржы пирамидалардың артында үлкен күштер тұр" деген сөз қауесет сөздер болуы мүмкін, бұл толыққанды мәлімет емес. Бірақ, әрбір дүниенің артында үлкен күш тұратыны анық, қарапайым сөзбен айтқанда, "жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" дейді халық. Демек, халық арасында мұндай пікірдің болуы да тегіннен-тегін емес. Әрине, пирамиданы кім құрады? Оны көп ақша тапқысы келетін адам құрады. Ал, көп ақша тапқысы келетін адамдар көп тәуекелге барар алдында өзіне "крыша" іздейді. Ол қай органдарда болуы мүмкін? Әрине, құзырлы орган, қаржы жүйесіне, заң жүйесіне қатысты лауазымды тұлғалардан іздестірілуі мүмкін. Бірақ, қазіргі уақытта ондай жағдаяттар нақты келтіріліп жатқан жоқ. Көбіне олар заңдық құрылымдардан "крыша" іздейді. Одан бөлек, кәсіби экономистер, білікті адвокаттар, заңгерлер заңды айналып өтуде заңның осал тұстарын іздейді. Сондықтан, үлкен қаржы, тәуекел бар жерде үлкен тұлғалар тұратыны анық, – деп сөзін қорытындылады заңгер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу