Халықтың 64%-ы өз құқығын қорғамайды

4404

Сотта ерекше даулы жағдайлар ғана қарастырылуы керек.   

Халықтың 64%-ы өз құқығын қорғамайды

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылардың құқығын қорғау үшін қолданысқа 3 сатылы шағым қарау жүйесін енгізуді ұсынды. 

Министрдің мәлімдеуінше, бірінші саты - сатушының шағымды өз еркімен шешуін немесе дауды сотқа дейін реттеуді қарастырады. 

"Аталған институтты құрудың негізгі мақсаты бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, моральдық және материалдық залалды қысқа уақытта аз шығынмен өтеу. Бұл "қазір және осында" принципі бойынша жұмыс істеу. Тұтынушының қалауымен дау сотқа дейін реттеу шеңберінде шешіледі. Бизнесті тазартудың тиімді құралы ретінде, өзін-өзі реттеу органдарын дауды сотқа дейін реттеуге тартуға ерекше назар аударылып отыр. Оның ең маңыздысы – өзін – өзі реттеу ұйымының біреуінің тұтынушының алдындағы кемшілігі үшін мүліктік жауапкершілікті барлық қатысушылармен қамтамасыз етуі", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәлімдеуінше, екінші саты шағымды уәкілетті орган аясында қарастыруды көздейді.

Бұл туралы Бақыт Сұлтанов: "Әлеуметтік зерттеудің нәтижесінде  халықтың 64%-ы жосықсыз кәсіпкерлердің жауапқа тартылмауының салдарынан өз құқықтарын қорғамайтыны анықталды. Осыған байланысты уәкілетті органға әкімшілік шараларды қолданатын мемлекеттік бақылау құзыреті беріліп отыр. Бұл шаралар тұтынушының талаптарын елемеген жағдайда ғана қолданылады. Алайда санкцияларды қолданғанға дейін уәкілетті орган сатушыға тәртіп бұзушылықтарды ерікті түрде жоюды ұсынады", – деді.

Үшінші саты – сотқа шағымдану. Бұл ерекше даулы жағдайда ғана қолданылады. 

"Тұтынушының өз құқықтарын алғашқы екі сатыда реттеуі және дер кезінде  талап етуі сот органдарына түсетін дау-дамайларды азайтуға алып келеді. Біз тұтынушылардың құқықтары тез уақытта, аз шығынмен қорғалатын және наразылыққа жеткізбейтін жүйені құруды көздеп отырмыз", – деді сауда және интеграция министрі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу