Қазақстандықтар интернет үшін ТМД елдерінің арасында ең көп шығындалатыны мәлім болды

191

Тіпті, санкция қысымында отырған Ресей және әлемдегі екінші экономика саналатын Қытайдың өзінде біздегідей баға жоқ, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстандықтар интернет үшін ТМД елдерінің арасында ең көп шығындалатыны мәлім болды Фото: canva

Кейінгі 5 жыл шамасында елімізде операторларға қатысты шағымдар еселеп артты. Баға қымбат, десе де соған лайық байланыс сапасы жоғын айтушылар көп. Құзырлы органдар тариф құнын өзара келісіп көтерген компанияларды талай әшкере еткенімен, жағдай реттелмей отыр.

Мәселен, 2025 жылдың алғашқы үш айында елде байланыс тарифтері бірден 25 пайызға көтерілді. Кей операторлар тарифке 500 теңге қосса, басқалары 3 мың теңгеге өсірді.

Жалпы, Қазақстанда байланыс операторларының табысы триллиондап саналады. Соған қарамастан тұтынушылар шағымына "экономикалық жағдайды, нарық пен қымбатшылықты" себеп ретінде көрсетіп, ақталады. Енді міне, елде байланыс құны аймақтағы жоғары бағалар тізіміне қосылып отыр.  

Мысалы, Қазақстанда мобильді телефонға арналған, қолжетімді саналатын, бар болғаны 10 гб пен қоңырауларға арналған тариф орта есеппен 4,7 мың теңге тұрады. Ал дәл осындай қызмет үшін Ресейде 3,4 мың теңге, Өзбекстанда 2 мың теңге төлейсіз. Айырмашылықты салыстырып көріңіз.

Беларусьте осыған ұқсас тариф 4,4 мың теңге, Қытайда – 4,6 мың. Ал бізден сәл қымбаттау ел – Түркия (5,1 мың теңге). Бір байқағанымыз, әлемде байланыс тарифі қымбат елдерге технологиялық жағынан қатты дамыған елдер кіреді. Жапонияда баға 12,4 мың теңге, Германияда – 13,8 мың, Оңтүстік Кореяда – 18,5 мың теңге. Көштің басында АҚШ тұр – 31,2 мың.

Қоңырау  тарифін ескермегенде, тек интернет құнының өзі бізде Ресейде қымбат. Елімізде шексіз кең жолақты интернет орта есеппен айына 6,8 мың теңге тұрса, көршімізде 4,2 мың теңге. Қырғызстанда – 5,9 мың теңге, Қытайда – 5,7 мың теңге, Өзбекстанда – 6,3 мың теңге, Беларусьте – 6,2 мың теңге. Ал көп төлейтін елдер тағы да сол Оңтүстік Корея (11 мың теңге), Жапония (16,4 мың теңге), АҚШ (37,1 мың теңге) және БАӘ (50 мың теңге).

Мемлекет талап қоя алмайды

Құзырлы органдар да салада монополия жайлағанын жоққа шығармайды. Біздің білетініміз әдеттегі сол 4-5 оператор ғана. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2017-2025 жылдары Қазақстан аумағында тіркелген отандық байланыс операторларының жалпы саны 400-ден асып кеткен.

Кейінгі талдаулар бойынша, "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобының ("Кселл" АҚ, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС) нарықтағы үлесі 63 пайыз болса, 37 пайыз "КаР-Тел" ЖШС-ның үлесінде. Сонда қалған 400-ден астам компания қайда қалды? Бұл – нарықта монополия бар екенінің айқын көрінісі.

Әйтсе де бұны желеу етіп, үкімет салаға бей-берекет араласпағаны жөн. Бұған дейін Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Мадина Қабжалалова мемлекеттің шектен тыс араласуы да қате шешім болуы ықтимал екенін алға тартты.

– Тариф бағасының өсуі – нарықтағы ойыншылар санының аздығы. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестік проблемалары туралы көптен бері айтып келеді. Мемлекеттік компанияның жалпы нарықтағы үлесі басым – 63%. Бұл жағдай тәуекел тудырады. Себебі олар өзара сөз байласуы мүмкін. Мемлекеттік компания нарықта басымдыққа ие. Дегенмен бірнеше жыл бұрын халықаралық операторлар нарықта болған кезде ол айтарлықтай бәсекеге қабілетті болды, – дейді сарапшы.

Осыдан тура 1 жыл бұрын танымал Altel мен Tele2 операторын қатарлық компания сатып алды. Бірақ баға олардың саясатын айтарлықтай өзгертпеуі мүмкін. Шетелдік инвесторлар мен үкімет үш жыл бойы нарыққа жаңа оператор кірмеуі керек деп келіскен. Сондықтан аталған екі байланыс операторы аты өзгермесе, заты өзгермей қала береді.

Рас, салаға қатысты халықтан шағым көп. Бірақ бір мәселенің басын ашып алған дұрыс – мемлекет операторларға тариф бағасын түсір деп талап қоя алмайды! Себебі ҚР "Байланыс туралы" заңының 20-бабында "…байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді" деп жазылған.

Осының салдарынан мемлекет тек шағым түскен кезде ғана тексере алады. Бірақ сол тексерулер билікке бірталай пайда берген секілді. Жыл сайын жүздеген, кейде мыңдаған тексеріс жүргізіледі. Байланыс компанияларына 2019-2024 жылдар арасында 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салыныпты. Орта есеппен жыл сайын 1,4 млрд теңгеге тең заңсыздық әшкере болуда.

Қорыта айтқанда, алдағы уақытта операторлардың баға саясатынан айтарлықтай өзгеріс күтпейміз. Саны бар да, сапасы жоқ шұбырған компаниялар нарықтағы монополияны ысыра алмайды. Тек бір игі нышан ретінде нарыққа шетелдік инвесторлар келіп, бәсеке тудырса құба-құп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу