Қазақстан Ұлттық банкі "Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту туралы" (ҰЦҚИ) жылдық есебін жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
2024 жылы ҰЦҚИ-ды дамытудағы негізгі бағыт төлем инфрақұрылымының жаңа элементтерін жасап, нарыққа қатысушылар арасында қауіпсіз және өзара ашық іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қолданыстағы инфрақұрылымды құру болды.
Қазіргі уақытта ҚҰБ инфрақұрылымы тәулігіне 5,9 триллион теңгеге 350 000-нан астам транзакцияны өңдей алады және айына 2,5 миллионнан астам цифрлық сәйкестендіру операциясын жүргізеді.
Инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттары – цифрлық валютамен операцияларды қоса алғанда, қауіпсіз әрі үздіксіз транзакцияларды қамтамасыз ету, биометриялық сәйкестендіру мен келісімдерді басқару үшін цифрлық сервистерді енгізу және ашық API арқылы қатысушылар мен қызметтерді жеткізушілер арасында қауіпсіз дерек алмасу.
ҰЦҚИ операторы – ҚҰБ Ұлттық төлем корпорациясы.
– Қазақстан одан әрі экономикалық даму үшін берік іргетас құра отырып, қаржы қызметтерін цифрландыруда айтарлықтай жетістіктер көрсетіп отыр. Бүгінде елдің барлық төлем айналымының 89,5 пайызы Ұлттық банк жүйелері арқылы өңделеді, ал қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85,8 пайыздан асады. Бұл көрсеткіш цифрлық технологиялардың қаржы саласына енуінің жоғары деңгейін және елдің заманауи шешімдерді енгізуге дайындығын көрсетеді, – делінген есепте.
Қаржы жүйесін цифрландырудың негізгі индикаторының бірі – қолма-қол ақшасыз операциялардың қарқынды өсуі. 2024 жылы белсенді төлем карталарының саны 8 пайызға артқан. Бұл өз кезегінде халықтың қаржы технологияларына сенімінің жоғары деңгейін байқатып отыр. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында әрбір белсенді төлем картасын пайдалана отырып, 1,9 миллион теңге сомасына орташа есеппен 154 қолма қол ақшасыз операция жүргізілген.
Сондай-ақ, 2024 жылы POS-терминалдар санының едәуір өсуі байқалды. Былтыр олардың саны 24,6 пайызға өсіп, 1,16 миллион құрылғыға жеткен. Бұл тұтынушылар үшін де электронды төлемдерді пайдалану қолайлылығын арттыруға ықпал етеді. POS-терминалдар инфрақұрылымы цифрлық экономиканы, әсіресе шағын және орта бизнесті ынталандырудың маңызды құралына айналған.