Халықтың "Қолжетімді интернетке" қолы жетпей келеді

Үкіметке азаматтардан байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түскен.  

Халықтың "Қолжетімді интернетке" қолы жетпей келеді  Фото: baigenews.kz

Мұндай шағымдар, әсіресе, Алматы мен Астанада көп. Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов байланыс саласын сынға алды, деп жазады inbusiness.kz

"Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Ол елді-мекендердегі Интернет сапасы мен оның қолжетімді болуын  қамтамасыз етуге бағытталған. Өкінішке орай, бұл салада жүйелі жұмыстарды көре алмай отырмыз. Биылғы жылдың басынан бері Үкіметке байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша азаматтардан 5 мыңға жуық өтініш пен шағым келіп түсті", – деді ҚР Премьер-Министрі. 

Шағымдардың басым бөлігі интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты.

Сонымен қатар, елдімекендерде, тіпті ірі қалалардың өзінде мобильді интернет жоқ немесе сапасы нашар. 

"Мобильді интернетке қызмет көрсету байланыс операторларының міндеттемелеріне неге кірмейтіні мүлдем түсініксіз. Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ. Инспекцияның өзі жол бойындағы және елді-мекендердегі интернет жылдамдығын өлшей алмайды. Бұл проблемаларды шешу керек.
Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана  желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан сапалы қызметті талап етуі орынды", – деді Смайылов.  

Бұл ретте ол соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияларды шамамен 60%-ке дейін төмендетіп жібергенін атап өтті. 

Оның сөзінше, операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі анықталған заң бұзушылықтар үшін айыппұл төлей салған тиімді.

"Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Ұсынылып отырған ұлттық жоба дәл осы мәселелерді   шешуге бағытталған. Оның негізгі мақсаты – халық пен кәсіпкерлік субъектілерін ең кемі секундына 100 Мбит болатын Интернетпен қамтамасыз ету", – деп атап өтті ҚР Премьер-Министрі. 

Оның айтуынша, талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл  қамтылуға тиіс. Ал, 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75%-і және облыс орталықтарының 60%-і  5G технологиясымен қамтамасыз етіледі.

"Бұл ретте, қала ішінде ұялы байланыс жабдықтарын орналастыру қажеттігі туралы халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды. Ол ең алдымен, байланыс сапасын жақсарту және тұрғындар арасында радиофобияны азайту үшін керек. Сондай-ақ, деректерді беру деңгейі секундына 4-6 терабитке дейін болатын желілердің транзиттік мүмкіндіктерін ұлғайтуға басымдық беру қажет", – деді Әлихан Смайылов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу