Халықтың құқықтық және қаржылық сауатын арттыра түсу керек

Бұл туралы Түркістан облысы адвокаттар алқасының адвокаты Нұртуған Өмірзақ айтып берді. 

Халықтың құқықтық және қаржылық сауатын арттыра түсу керек Фото: naryk.kz

Оның сөзінше, ел-жұрттың жалған ақпарат имандай сеніп, қаржы пирамидаларына оп-оңай алдануының бір себебі – құқықтық және қаржылық сауаттылығының төмен болуы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал екінші мәселе, жаңалықты туған-туыстары, жақын достары жариялаған соң ол сенімді болып көрінеді. Сол үшін де жалған ақпаратты еш қымсынбай жариялайды әрі оның белгілі-бір жауапкершілік жүктейтінін сезінбейді. Қаржы пирамидаларын да қызғыштай қорғап, жармамасын жасап беруге бейім.

– Қаржы пирамидалары басында әрдайым ақшалай беріп отырады және осы ақшаны алған адамдар әдетте өз туыстарын, достарын, танитын барлық адамына мақтана айтып отырады. Қаржы пирамидасы адамды тікелей алдамайды, тек осындай жақын адамдардың сенімі арқылы жарнаманы сол адамдарға жасатады. Қаржы пирамидасында адамдарды келесідей түсінік бар: "басында кірсең, көп ақша табасың" деген секілді. Десе де, қазір қаржы пирамидасында болсын, басқа нәрсе болсын, артыңнан адам жиналмаса, көп ақшаға ие бола алмайсың. Ал адам тарту – қылмыс! – дейді ол.

Осыған дейін депутат, қаржы саласының сарапшысы Дәулет Төлеутайұлы Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында алаяқтықтың түрі тым көбейіп кеткенін, ел тұрғындарының қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келіп жатқанын айтқан-ды.

– Қазақстан Республикасында қаржылық пирамидалармен күрес – халықтың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Соңғы жылдары елімізде қаржылық пирамидалардың әрекеті айтарлықтай көбейіп, көптеген азаматтың қаржылық қиындықтарға тап болғаны байқалуда. Қаржылық пирамидалардың әрекеті нәтижесінде азаматтардың миллиондаған теңге көлемінде қаражаты жоғалғаны туралы фактілер көптеп тіркелуде. Бұл ұйымдар көбіне заманауи технологияларды пайдаланып, әлеуметтік желілер арқылы халықты алдап-арбауда, – деп ашынған еді ол.

"Көбіне қаржылық пирамидалардың артында сотталған азаматтар тұрады" деген пікір бар. Мұны жоққа да шығара алмаймыз.

Заңгер Нұртуған Бекботаұлы қарапайым халық ақ-қарасын ажырату үшін мына кеңестерге назар салу керек деп есептейді.

1. Компания ашылу тарихын қарау қажет (егер жақын арада, жарты жыл не бір жыл болса күдіктену керек);

2. Басшылығы кім екенін egov сайты арқылы БСН нөмірін теріп, ол адамдардың бұрын сотты болған-болмағанын тексерген жөн;

3. Аз ақшаға ақылға қонымсыз (банк ұсынатын 17-18 пайызды) пайыз ұсынатын болса немесе одан да көп қаржы ұсынса, бас тартқан жөн;

4. Ақша салып, қайта алса да, эмоцияға беріліп, одан көп ақша салудың қажеті жоқ;

5. Ешқашан өзіңіз ақша алып отырсаңыз да, басқа досыңызды, туысыңызды "пайда тапсын" деген жақсы оймен болса да, ол жерге ақша салуға үгіттемеңіз. Ол – қылмыс!;

6. Компанияның нақты немен айналысатынын білмесеңіз не түсінбесеңіз, ақша салып қажет емес!

Заңгер, "Алаяқ.нет" жобасының жетекшісі Нұрсұлтан Орынбеков болса, осы күні адамдардың 65-70 пайызы қаржылық пирамида екенін біле тұра бас сұғатынын айтып отыр. Демек, ел тұрғындары өзгені "құрбан" ете салуға әбден бейімделіп келеді.

– Қаржы пирамидаларға бұрын-соңды адамдар білместікпен, сенгіштікпен алданса, бүгінде көбі әдейі барып ұрынады. Неге? Өйткені, әрқайсысы басындамын деп ойлайды. Пирамиданы біледі, басындағылар алатынын, соңындағылар қалатынын.

Оларға әдейі солай сендіреді. "Пирамида ашылып жатыр, басында кіріп ал, артыңнан адамдар тірке, бонустарыңды ал, өз ақшаңды алып, әрі қарай шығып кетесің" деп. Бұл – кәсіби айтқанда құрбандар. Олардың арнайы топтары болады, бір-бірінің артынан үй мен көлік алатындай етіп дайын жүреді. "Мен кірдім, артымнан 10 адам тіркедім, көлік алдым, үй алдым, мінеки, бақыттымын, шетелге қыдырып жатырмын" деп кәсіби топтасқан, ұйымдасқан адамдар бірігеді де, қандай да бір пирамида ашыла ма, бірден сол жаққа ақшасын салып, бонусқа шығып кетеді. Соны көрген адамдарды олар тартады. Қарапайым адамдар, ақшасы бар, болмаса сондай жағдайға көзі жеткен адамдар "бізде де сондай болады екен" деп адамды тіркейді. Солайша, кәсіби айналысатын адамдар бар болған соң, адамдар алданып жатыр. Қазіргі уақытта білмей алданып жатқандардың үлесі 30 пайыз шығар, қалғаны біліп тұрып осы қадамға барады. Яғни, адамдарды көрсеқызарлық, жеңіл пайда және тез баю ойы жетелейді, – дейді ол.

Нұртуған Өмірзақ құмар ойындарға 20-30 миллион теңге тіккендерді өз көзімен көргенін айтады. Оның сөзінше, елімізде лудомандар өте көп! Бұл – қоғамды қатты алаңдатып отырған мәселе.

– Негізі, ережесін түсінбейтін нәрсеге ақша салмаған жөн. Мейлі, ол пирамида болмаса да. Бизнесте ақша жоғалтудың тәуекелін дұрыс бағалап үйрену қажет емес пе? Сол секілді, жеңіл ақшаның соңы құрдым екенін ұғыну шарт. Қаржы пирамидалары мен құмар ойындардан барынша қашық жүру керек, – дейді ол.

"Жалған ақпарат жарға жығады" деген тәмсіл бұрыннан бар. Фейк жаңалықтармен барынша күресу керек. Соңғы жылдары елімізде қаржылық пирамидалар мен құмар ойындарға да қарсылық жиі байқалады. Арнайы заңдар да қабылдануда. Мұндайда ең бастысы, әр адам өзіне жауапкершілік ала білуі шарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу