Халықтың табысын арттыру бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр

Шетелдік жұмыс күшін тартуға квоталар қысқартылды.

Халықтың табысын арттыру бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов айтты, деп жазды inbusiness.kz

Еңбек министрлігі халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру жөніндегі бағдарлама шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізеді. 

Бағдарламаның 38 іс-шарасы аталған ведомствоның қатысуымен, 17-ін министрлік тікелей жүзеге асырады.

Вице-министр халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламада көзделген бағыттарға тоқталды.

Біріншісі – жаңа жұмыс орындарын құру. 

Фрилансерлер қызметін цифрлық форматқа көшіру мақсатында Еңбекмині "Платформалық жұмыспен қамту" электрондық сервисін әзірлемек. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін түрлі платформаларда оңай тіркеуге, қажетті мамандарды тез табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми рәсімдеуге мүмкіндік береді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 3 және 4 санат бойынша 4,7 мың адамға қысқартылды. Бұл шаралар халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және ішкі еңбек нарығын қорғауға мүмкіндік береді", – деп нақтылады спикер. 

Вице-министр екінші мәселе халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу екенін айтты. 

"Еңбек нарығында арнайы тәсілдерді талап ететін бірнеше топты атап өтуге болады. Мәселен, жұмыссыз жастар және NEET санатындағы жастар, көпбалалы және табысы аз отбасылар, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Осыған байланысты мемлекеттік және жеке дерекқорларды интеграциялау және олардан алынған ақпаратты талдау арқылы әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамтуға мұқтаж азаматтарды "Ерте анықтау жүйесін" енгізу жоспарлануда", – деп атап өтті ведомство өкілі. 

Вице-министрдің сөзінше жастарды жұмысқа тарту және ынталандыру үшін еңбек заңнамасына "жас қызметкер" ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден жұмысқа келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы енгізу жөнінде шаралар қабылданбақ.

"Көпбалалы отбасылар (76,8 мың) және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін барлық өңірлерде әйелдерді қолдау орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетіледі. Жоғарыда көрсетілген шаралар нақты қажеттіліктер бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, балалы отбасыларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді", – деп есептейді Ержан Біржанов. 

Үшіншісі – жастарды кәсіптік бағдарлауды жетілдіру.

Вице-министр еңбек нарығына талдау жүргізілгенін атап өтті. Соған сәйкес назар аударуды талап ететін негізгі аспектілер айқындалған. Атап айтқанда жұмыспен қамтылғандардың 15,2%-ның тек орта білімі бар, түлектердің 40%-дан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді, жастардың 34,1%-ы мамандықты өз бетінше таңдайды. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу