Халықтың үштен бірі жарқын болашаққа сенеді

3056

Статистика комитеті халықтың тұрмыс сапасына сауалнама жасады.

Халықтың үштен бірі жарқын болашаққа сенеді

Үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан азаматтардың 60%-ы өз тұрмысына жалпы көңілі толады, деп хабарлайды статистика комитеті. Соның ішінде қала халқының қанағаттану деңгейі 54,4% болса, ауыл тұрғындарының 69,3%-ы тұрмыс деңгейіне риза.

Сонымен қатар әйелдерге қарағанда ерлер өз тұрмысына көбірек қанағаттанады екен. Ерлер арасында қанағаттану көрсеткіші  61,8% болса, әйелдер арасында көрсеткіш 58,5%.

Өткен жылғы зерттеумен салыстырғанда үй шаруашылықтарының тұрмысқа қанағаттанушылығы айтарлықтай жоғарылады. Былтыр көрсеткіш 56,6% болған еді, деп жазады Статистика комитеті.

Зерттеу қорытындысы бойынша сауалнама жүргізілген респонденттердің 48,5%-ы өз денсаулықтарымен қанағаттанған, 46,5%-ы тек ішінара қанағаттанған.

Бұл ретте жасы ұлғайған сайын денсаулығына қанағаттанатындардың үлесі төмендейді және зейнеткер жастағы респонденттердің арасында 15-17 жастағыларға қарағанда орташа алғанда қанағаттануы 2,8 есеге төмен.  

Дереккөз: Статистика комитеті

Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбі (57,4%) туыстары мен таныстарының моральдық қолдауына сенімді екендігін көрсетті, бұл ретте ерлер мен әйелдер моральдік қолдау көрсетілетініне бірдей пікірде болған (тиісінше 57,6% және 57,3%).

Сауаланамаға қатысушылардың өздерінің бос уақыттарының көлеміне 44,3% -ы қанағаттанған, 50,9%-ы  ішінара қанағаттанған, 3,7%-ы  қанағаттанбаған  және 1,1%-ы  жауап беруге қиналды.

Сауалнамаға қатысқандардың 46%-ы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің ұсынылған тізбесінен жедел медициналық көмек көрсету орталықтарының көрсететін қызмет сапасына көбірек қанағаттанған .

Сонымен қатар өткен жылғы зерттеудің қорытындыларымен салыстырғанда ағымдағы жылы полицияның көрсеткен қызметтерінің сапасына қанағаттанғандардың үлесі  1,8 пайызға артып 38,2%-ды құрады.

Өздерінің әл-ауқаты соңғы жылы өзгермегендердің  деңгейі 59,7% болса, 36,4%-ы әл-ауқатының жақсарғанын айтты.

Материалдық қамтамасыз етілу деңгейі бойынша сауалнамаға қатысушылардың 68,8%-ы өздерін орташа қамтамасыз етілгенін айтса, бар болғаны 0,4%-ы ғана төмен деңгейді екенін жеткізді. Ал 0,3%-ы материалдық деңгейінің жоғары екенін айтты.

Соңғы жылы әл-ауқаттарының өзгермегені туралы 59,9%-ы белгілесе, ал жақсарғандығын 35,7%-ы  белгіледі.

Өздерінің қаржылық жағдайына қанағаттанушылар деңгейі биылғы жылы 21,3 проценттік тармаққа артып, 35,9%-ды құрады.

Зерттеу нәтижелері бойынша сауаланамаға қатысушылардың 18,3%-ы  өзінің тұрғын-үй сатып алу мүмкіндігіне қанағаттанса, 46,6%-ы ішінара қанағаттанды, сонымен қатар сұралғандардың 22,7%-ы үй беруде мемлекеттің көмегіне қанағаттанатынын көрсетті.

Жалдау немесе ипотекалық төлемдерді жасауға қаражаттың тапшылығы немесе мүмкіндіктері болмауы туралы пікірге келсек, 55,6% респонденттер ондай жағдайдын орын алмағанын көрсетсе, 38,2%-ы жалдау төлемдері мен ипотекалық қарыздары жоқтығын белгіледі, ал респонденттердің 4,4%-ы мұндай ауыртпалықтың бір рет болғанын көрсетсе, тек 1,8%-ы ғана жалдау немесе ипотекалық төлемдерді төлеуде екі және одан да көп рет қиыншылықтың орын алғанын белгіледі.

Респонденттердің 73,9%-ы отбасы мүшелерінің барлығының қыстық және жаздық аяқ киімдерінің бар екенін айтса, 19,6%-ы осы мәселе бойынша қиындық туындағанын жеткізген. Тағы 6,5%-ы бұл мәселені маңызды деп есептемейтінін мәлімдеген. 

Достарымен, отбасымен айына бір рет болса да бірлескен кездесуге мүмкіндігі бар екенін респонденттердің 44,1%-ы белгілесе, ал 43,8%-ы мұндай мүмкіндіктің жоқ екенін көрсетті, ал тек 12,1%-ы олар үшін бұл мәселе маңызды болып табылмайтынын белгіледі.

Өзінің жарқын болашағы туралы сауаланамаға қатысушылардың 37,4%-ы оң көзқарасын білдірді, 36,4%-ы болашақта жақсаратынын болжайды және тек 0,2%-ы тұрмыстары нашарлай түседі деп ойлайды.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу