Қазақстан құрамасы Қытайда өткен 2025 жылғы қысқы Азия ойындарын медальдар саны бойынша төртінші орынмен аяқтады.
Ел спортшылары барлығы 20 медаль жеңіп алды. Оның 4-еуі алтын, 9-ы күміс және 7-еуі қола жүлде.
Барлығы 85 медальмен, оның ішінде 32 алтын, 27 күміс, 26 қола медаль иеленген жарыс қожайындары Қытай құрамасы ойындарды бірінші орынмен аяқтады.
Екінші орынды 45 медальмен (16 алтын, 15 күміс, 14 қола медаль) Оңтүстік Корея иеленсе, 37 медальмен (10 алтын, 12 күміс, 15 қола) Жапония құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Өзбекстан мен Филиппин 1 алтыннан алып, бесінші орынды бөлісті. Солтүстік Корея 1 күміспен жетінші орында. Ал сегізінші орынды Тайвань (Қытайлық Тайбэй) мен Тайланд (1 қола медаль) иеленді.
Қазақстан үшін бұл алтын медальдар саны бойынша тарихтағы ең төменгі нәтиже. Спортшыларымыздың Азия ойындарындағы ең үздік көрсеткіші 2011 жылы тіркелді. Ол уақытта біздің команда 32 алтын медаль иеленген болатын.
Айта кетейік, спорттық жарыстар Қытайдың Харбин қаласы мен Ябули тау-шаңғы курортында 7-14 ақпан аралығында өтті. Жарысқа Қазақстан құрамасынан спорттың 10 түрінен 137 спортшы сынға түсті.