Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында 8 тамыз күні Өзбекстанның бокстан бас бапкері Тулкин Киличевтің жүрегі тоқтап қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Sky Sports басылымына сілтеме жасап.
Боксшы Хасанбой Дусматовтың финалдағы жеңісінен кейін боксшылардың дайындалу аймағында Киличев есінен танып қалды. Оған Ұлыбритания құрамасының дәрігері Харж Сингх пен физиотерапевт Робби Лиллис көмекке келді. Олар дефибрилляторды қолдануға мәжбүр болды.
Лиллис Олимпиада жаттықтырушыны қалай құтқарып қалғаны туралы айтып берді.
"Жаттықтырушылар командасы жылыну аймағына оралған, олардың бәрі жеңісті тойлай бастағанын білемін. Алайда, көп ұзамай біртүрлі жағымсыз айқай-шу естіле бастады. Олардың дәрігерді көмекке шақырғаны байқалды. Харж бірінші болып көмекке жетті, артынша мен де ұмтылдым. 30 секундтан кейін өзімізбен үнемі бірге алып жүретін жедел жәрдем сөмкесімен жеттім", - деді Робби Лиллис.
Физиотерапевттің айтуынша, бапкердің жанына жеткенде Харждың жүрек-өкпе реанимациясын жасап жатқанын байқаған. Олар қасында тұрған барлық жаттықтырушыларды қуып жіберіп, дефибриллятор арқылы токты қосуға мәжбүр болыпты.
"Бастапқыда жаттықтырушы есін жиған жоқ, Харж жасанды тыныс алу тәсілін ары қарай жалғастырды. Осыдан кейін 20-30 секундтан соң ғана есін жиды. Бұл өте қорқынышты сәттер болды!" - деді Лиллис.
Киличев ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Айта кетерлігі, 41 жастағы Киличев 2014 жылдан бері Өзбекстан құрамасын жаттықтырады. Оның басшылығымен өзбекстандық спортшылар қатарынан үш Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.
Өзбекстанның жаттықтырушылар штабы бұл жағдай туралы егжей-тегжейлі түсініктеме берген жоқ, тек Тулкин Киличевтің жағдайы ойдағыдай, қазір әлдеқайда жақсы деп хабарлады.