ХDS Astana Team велошабандозы Кристиан Скарони Францияда өткен жарыста жеңіске жетті

291

Осыдан бір күн бұрын "Вар департаменті классикасы" біркүндік жарысында жеңіске жеткен ХDS Astana Team велошабандозы Кристиан Скарони тағы да жеңіс тойын тойлады. 

ХDS Astana Team велошабандозы Кристиан Скарони Францияда өткен жарыста жеңіске жетті Фото: ХDS Astana Team

22 ақпан күні Скарони Францияда өткен екі күндік "Примор Альпілері департаментінің туры" жарысының алғашқы кезеңінің жеңімпазы атанды.

Кристиан Скарони жарыстың соңғы асуында Bahrain-Victorious командасының екі шабандозының шабуылына ілесті. Мәреге жеткенде, өрге қарай спринтте Скарони қарсыластарын басып озып, Сантьяго Буитраго мен Ленни Мартинесті артта қалдырды. Осылайша елордалық команданың велошабандозы жеңіс тұғырына көтерілді.

XDS Astana Team шабандозы Лоренцо Фортунато жарысты төртінші болып аяқтады. Ол мәреге командаласынан 47 секунд кеш келді.

"Сене алар емеспін! Екі күн қатарынан жеңіске жету – керемет сезім. Мен бұл маусымды жақсы бастауды мақсат еттім. Жоғары деңгейде дайындалуға тырыстым. Бұған дейін өткен жарыстарда барлығы ойдағыдай өтті. Тек жеңіс жетіспейтін. Кеше бұл кедергіні еңсеріп, ақыры жеңіске жеттім. Бүгінгі кезең өте қиын болды. Қарсыластардың қарқыны өте жоғары болды. Себебі мен үшін ұзақ таулы асу жолдары қолайсыз болды. Бірақ мен алдыңғы қатарда қалуға тырыстым. Спринтті жылдам еңсеріп, тағы бір жеңіске жеттім.

Енді келесі кезеңге назар аудару керек. Бізге жарысқа жақсы жоспар құру қажет. Босаңсуға уақыт жоқ. Біз жарыстың екінші кезеңіне дайын болуымыз керек. Бүгін мен бүкіл командама күні бойы жасаған керемет еңбегі үшін алғыс айтқым келеді", – деді Кристиан Скарони кезең аяқталған соң.

Айта кетейік, биылғы маусымды тамаша жеңістермен бастаған елордалық ұжым ұпай саны бойынша Әлемдік рейтингте Біріккен Араб Әмірліктерінің UAE Team Emirates командасынан кейін екінші орында келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу