Хэллоуин мерекесі Аза тұту күніне ұласты

3056

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде сенбі күні кешке Хэллоуин мерекесі кезінде 150 адам қаза болды. 

Хэллоуин мерекесі Аза тұту күніне ұласты Фото: Getty Images

Оқиға Итэвон ауданындағы көшенің тар қиылыстарының бірінде болған. Хэллоуин құрметіне арналған мерекенің басым көпшілігі осы ауданда өткен, деп жазады inbusiness.kz шетелдік ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

Жергілікті басылымдардың дерегінше, алаңға 100 мыңнан астам халық жиналған. Ені 4 метрлік көше қиылысымен көптеген мейрамхана орналасқан жолға қарай шерулете өтіп бара жатқан көпшілік қысымнан бірін-бірі итеріп, құлап, көптеген адамға ауа жетпей, жүрегі қысылып қайтыс болған. Мереке болып жатқан жерде шулы музыка ойнап, адамдар мереке құрметіне орай түрлі костюмдер киіп келгендіктен, әу баста олар шынымен талып құлап жатыр ма, әлде ойын ба түсініксіз болған. Оңтүстік Корея астанасының билігіне кептеліс кезінде іс-түссіз жоғалғандар туралы 3,7 мыңға жуық хабарлама түскен. Мерекеге жиналғандардың басым жасы 10 мен 30 жас аралығында.

The Korea Herald басылымының дерегінше, бұл 2020 жылы пандемия басталғаннан бері әлеуметтік шектеулерсіз ұйымдастырылған елдегі тұңғыш мереке. Жергілікті билік тәртіпті қамтамасыз етуге 200 полицейді жұмылдырған, алайда ол жеткіліксіз болыпты.

Сеулдегі Хэллоиун мерекесіндегі қайғылы жағдай салдарынан 151 адам опат болып, 82 адам жарақат алған, кейбір ақпараттарға сәйкес, 19 науқастың жағдайы ауыр. Полиция 143 адамның тұлғасын анықтаған. 270 адам хабар-ошарсыз кеткен.

Оңтүстік кореялық Yonhap агенттігінің дерегінше, опат болғандардың арасында 13 елден 22 шетелдік азамат бар. Қытай мен Ираннан 8 адам, 3 (кейбір деректерде 4) Ресей азаматы, қайтыс болған шетелдік арасында Австралия, Австрия, Вьетнам, Қазақстан, Норвегия, АҚШ, Таиланд, Франция, Шри-Ланка және Өзбекстан елдерінен бір-бір азамат бар.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғада қазақстандық студент қыздың қайтыс болғанын ресми растады.

"1996 жылы туған, Ақтөбе облысының тумасы табылды. Ол Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған", – деп жариялады СІМ.

Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан азаматтың туыстарымен байланыста, құжаттарды рәсімдеуге және мәйітті Қазақстанға одан әрі жеткізуге барлық қажетті көмек көрсетуде.

Ал ел президенті Юн Сок Ёль оқиғаға орай, шұғыл мәлімдеме жасап, "Сенбі күнгі қайғылы жағдай ешқашан болмауы керек еді", деді.

"Үкімет бүгіннен бастап жағдай толық бақылауға алынғанға дейінгі аралықты қаралы күн деп жариялайды және бірінші кезекте қалпына келтіру мен одан кейінгі шаралардың әкімшілік мәселелеріне жіті көңіл бөледі", – деп мәлімдеді.

Елде қаралы күн 6 қарашаға дейін жалғасады.

Қайғылы оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Президентінің атына көңіл айту жеделхатын жолдады.

"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайтыс болғандардың жақындары мен туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Ал жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай ауыр сәтте еліміздің азаматтары және өзім Корея халқының орны толмас қайғысын бөлісіп, олармен бірге екенімізді айтқым келеді", – деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин де Корея Президентінің атына көңіл айту жеделхатын жолдады.

Оқиғаның себебін анықтаумен айналысатын арнайы жедел штаб құрылды. Ал ұйымдастырушылар бұдан бұрын Хэллоуин мерекесіне орай жоспарланған шаралардың өтпейтінін жариялады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу