Херсонда рубльдің айналымы тоқтатылды

2671

Қаланы агрессор атқылай бастаса, оның тұрғындары Ресейге емес, бұрын азат етілген Украинаның Николаев облысына эвакуацияланады.

Херсонда рубльдің айналымы тоқтатылды Фото: РИА Новости

Ресейлік және украиналық пабликтер тосын жаңалықты хабарлады. Таяуда ғана РФ басшысы өз жарлығымен Ресей аумағына қосқан Херсон қаласында және осы облыстың оккупациядағы бірқатар аудандарында ресей валютасының айналымы біртіндеп доғарыла бастады. Көптеген дүкендер рубльді енді қабылдамайтындарын жариялаған. Біраз жанар-жағармай құю стансалары да рубльге бензин, дизель босатудан бас тартыпты. Сауда орындарында, басқасында тауарлар құны, бағалар Украина валютасында, гривнада көрсетілуде.

Бұған наразы кейбір тұрғын ресейлік әкімшілікке шағымданған. Алайда олар пәрменді үн қатпаған. Жергілікті ақпарат құралдары қазіргі кезде рубльді төлем құралы ретінде қабылдайтындар бар екенін хабарлады. Бірақ олардың өздері рубльдің бағамын күрт девальвациялады. Бүгінде жергілікті айырбастау пункттерінде 150 гривнаға 1 мың рубль сұралып жатыр. Бұдан бұрын ресейлік оккупациялық әкімшілік 1 гривна = 1 рубль деген бағамды күштеп енгізген еді.

Осы құбылыстарға қарсы шыққандарға оккупациялық билік тегеурінді қолдау көрсетіп, жаппай тосқауыл қоюға қауқарсыз көрінеді. Оның орнына тұрғындар арасында Херсонның оккупациялық әкімшілігінің басшысы Владимир Сальдо бейнеленген плакат таратылуда. Онда ол "Біз сол жағалаудамыз, ал сіз оң жағалауда не істеп отырсыз?" деп жазылыпты. Яғни Ресей Херсон қаласын толық тастап шығуға таяу.

Бүгінде ресейлік және шетелдік арналар "Херсон қаласын тастап кетуге", тіпті Ресейге көшуге жанталасқан жұрттың портта, Антонов көпірі алдында ұзын-сонар кезегін паш етті. "Херсон – це Україна" (Херсон дегеніміз Украина) деген ұрандар көтеріп, қарулы жасақтарға жалаң қолмен қарсы шыққан халық қазір неге сонша жасыды? Неге дұшпанды түре қуып, қалаға жақындап қалған Отан қорғаушыларды құшақ жая қарсы алудың орнына қашып жатыр?

Херсонда тұратын журналист Константин Рыженко пропаганданың көрсеткеніне көп сенбеу керектігін айтады.

"Ресей телеарналары Херсоннан Днепрдің сол жағалауына қашу үшін су көлігін асыға күтіп тұрған қаптаған халықты көрсетуде. Жалпы, жылдың осы уақытында сол жағалауға өтетіндер саны онсыз да көп болатын. Себебі қаншама адам (дачники) өз саяжайларына қатынайды. Бау-бақшасын жинап, өнімін тасиды, саяжайын қысқа дайындайды. Егер дұрыстап қарасаңыздар, сапарға арналған үлкен сөмкелермен кетіп жатқан адамдар көп емес. Керек-жарағы ғана салынған шағын сөмкелері бар саяжайшылар қарасы қалың. Мысалы, кеме-катердің бірінде қаптаған бос баклажкалары бар ер адам кетіп барады. Қандай адам эвакуацияға бос баклажкалармен аттанады? Пропаганда оған пысқырмайды. Батыс жұртына "украиналықтар қатыгез ЗСУ-дан қашып жатыр" деп көрсетіп, ел арасында қасақана дүрбелең туғызады", – деді Константин.

Ол оккупациялық билік Херсоннан барынша көп тұрғынның кетіп қалғанын қалап отырғанын жеткізді. Халыққа шұғыл түрде эвакуациялану қажеттігі туралы смс-хабарламалар жаппай жолдануда. Боттар жергілікті әр нөмірге қоймай-қоймай қоңырау шалып, алдын ала жазылған хабарламаларды қосады екен. Бұған қоса, "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы да хабарлама тарату ұйымдастырылыпты. Мұның тұрғындарға не үшін қажеттігін дұрыстап түсіндірмейді. Өйткені украиналықтар ЗСУ-дың қаланы атқыламайтынын түсінеді. Херсонға Николаев облысы жағынан таяп қалған Украина Қарулы күштері (ЗСУ) жауынгерлерінің басым көпшілігінің Херсонда көптеген туысқандары, достары тұрады.

"Бірақ оккупанттардың қаланы толық босатуға жүйелі түрде кіріскені қауіпті. Ресейліктер әлдебір алапат провокация дайындап жатқанға ұқсайды. Бұл бейберекет тірлік емес. Бүкіл пропаганда осыған жұмылған. Оккупациялық әкімшіліктің өкілдері Стремоусов пен Сальдо 2-3 аптадан бері херсондықтарды Қырымға демалуға, денсаулықты сауықтыруға аттануға үгіттеді. Тіпті сол үшін ақша төледі. Ары қарай оқиға тіптен оғаш сипат алды. Ресейде баспана алу үшін сертификаттар тарата бастады. Көптеген газеттер, полиграфиялық өнімдер, видеороликтер әзірленген, бәрінің айтатыны бір. Эвакуацияланыңыз! Тұтас ақпараттық науқан жүзеге асырылуда. Яғни Харьковтан қашқан сияқты стихиялы сипатта емес. Сондықтан бұлар не зұлматқа дайындалып жатыр деген алаңдаушылық бар. Ядролық қару жарады деген қауесет те тарады", – деді херсондық журналист.

Ресейдің ішкері аймақтарына қоныс аударатын херсондықтарға тұрғын үй сертификаты берілетінін Ресей үкіметі төрағасының орынбасары Марат Хуснуллин мәлімдеді. Бірақ Call-орталық операторлары одан хабарсыз болып шыққан. Шетелдік ақпарат агенттіктері мен сарапшылар Ресей тарапы Херсон қаласын тастап қашуға дайындалып жатқаны туралы біраздан хабарлауда. Жергілікті тұрғын оның барлық белгілері барын растады.

"Ресейліктер Херсонның айналасын ұзақ айлар бойы қоршап тұрған тәжірибелі әскери бөлімдерін, кадрлық әскерилерді, ұрыс техникаларын, сондай-ақ тонаған құнды дүниелерді Днепрдің сол жағалауына әкетіп жатыр. Ал сол жағалаудан Херсонға жаңадан мобилизацияланған "сарыауыз" солдаттарды және ескірген техниканы аттандыруда. Яғни, қалада әскерді сақтайды. Қала ұрыссыз берілмейтінін көрсеткісі келетіндей. Херсоннан оккупациялық әкімшілік, коллаборанттар да эвакуацияланып үлгерді. Офицерлік құрам тұрған ғимараттарды қараңғылық басты, оларда кешке жарық жағылмайды, ауласына көліктер кірмейді, айналасын күзеткен қараң-құраң әскерилер көрінбейді. Бұрынғы орындарында "фээсбэшниктер" де қалмағанын байқадық", – деді Константин Рыженко.

Ол қаланың нағыз патриоттарының бір бөлігі де осы дүрмекке бой алдырғанын жасырмады. Дегенмен тұрғындардың үлкен бөлігі орындарынан тапжылмай, қалада қалуға ұйғарды.

"Меніңше, Ресей Херсонда әлдебір әскери операция жүргізуді жоспарлап отыр. Кейбір болжамдар бойынша агрессор өзі тастап кеткен Херсоннан екінші Мариуполь жасауы мүмкін. Содан соң өз халқына, әлем жұртшылығына шындықты өңін айналдырып көрсетеді: міне, қараңыздар, Херсон біздің қолымызда болғанда, бүтін болды, бәрі жақсы болды, ал біз кетіп едік, ЗСУ жермен-жексен етіп қиратып тастады деуі мүмкін. Көзі қызыққан материалдық дүниелерді тасып әкетіп жатқаны да соған меңзейді. Тұрғындардың бір бөлігі содан үрейленіп, эвакуациялануды таңдады. Оларды айыптауға болмайды. Жау қоластында өмір сүрген адамдар өзін мүлдем басқаша сезінеді. Арандатушылар өте көп, олар базарларды, бұқаралық орындарды аралап, өсек таратады. Кездейсоқ тілдескен болып, әлдебір әскери туысынан, танысынан естіген "құпия мәліметті" хабарлап, дереу көшуге кеңес береді", – деді херсондық журналист.

Бұл ретте алысқа ұзағысы келмейтін тұрғындарға Днепрдің сол жағалауында орналасқан Олешки қаласына қоныстану ұсынылған. Бірақ украиналық "Страна" басылымы сұрау сала келе, "көптеген жергілікті тұрғын қаңғып кетуден бас тартып отырғанын, олар ресейліктердің қаланы соғыссыз тастап кетіп, ЗСУ-дың оралуын күтетінін" жазды. Херсондықтардың көпшілігі тұрғын үй жертөлелерін сайлап, судан қор жасап, жаппай макарон сатып алыпты.

Басылым анықтағандай, жұртшылықтың жөңкіле көшіп жатқан бөлігі көшелер арасында шайқастың жүруінен, қашқан оккупанттардың өз қолындағы алып Каховка бөген-дамбасын жарып, қаланы қызыл суға қарық етуінен қорқады. 

Вашингтондағы Соғысты зерттеу институты (ISW) Херсон облысының батысынан РФ Қарулы күштерінің шегінуі басталғанын жариялады.

Институттың мәліметінше, агрессор әскери техниканың, оқ-дәрінің және ұрысқа қабілетті бөлімшелерінің қомақты бөлігін Днепрдің батысынан шығысына тоқтаусыз әкетуде. Әскердің шегінісін қорғап, қауіпсіздендіруге 2 мың жаңадан мобилизацияланғандарды қалдырды.

Тіпті банк жүйесінің қызметкерлерін де алып кеткен. Америкалық әскери зерттеушілер Ресейдің Бериславтағы оккупациялық әкімшілігі де, Херсондағы гуманитарлық объектілері де қызметін доғарғанына назар аудартты. Әскердің жүйелі түрде шығарылуы алдағы екі аптаға ұзауы мүмкін. Бірақ бұған ЗСУ тосқауыл қоя бастады. Мысалы, Украина әскері ішінара жөнделген Антонов көпіріне қуатты соққы берді. Салдарынан, Ресей жағы онымен түн ішінде эвакуацияланған пропагандистер, ресейлік журналистер отырған көлік жарылғанын мәлімдеді. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, бұрын "Москва-24", RT (Раша Тудей) телеарналарында істеген, Херсонда оккупанттардың "Таврия" пропагандистік телерадиокомпаниясына қызмет еткен продюсер Олег Клоков қаза тапты.

ISW шегінген ресейлік әскер қарсыласы өзін Херсон облысынан тырқырата қумауы үшін Каховка ГЭС-інің плотинасын жарып кетуі және бұған Украина жағын айыптай салуы мүмкін деп болжады. Егер бұл қарау әрекет жүзеге асырылса, Украинаның 80 қаласы мен жүздеген мың адам су астында қалуы ықтимал. Сондай-ақ бұл онсыз да ресейлік шабуылдар кезінде қуатының үштен бірінен айрылып, нашарлап қалған Украинаның энергетикалық жүйесіне алапат соққы болады. Бұдан бөлек, бүкіл Қырым сусыз қалады. Украина азат еткен көрші Николаев облысының басшысы Виталий Ким Ресей шынымен арандатушылық әрекет жасауға әзірленіп жатуы мүмкін деп тұспалдады.

"Әйтпесе, олар неге Чаплынка ауданында ұзын ұңғылы артиллерияға арналған бекіністер қазуда? Ол жерден Херсонды бомбалау ыңғайлы", – деді В.Ким.

Ал Херсон мэрінің бұрынғы орынбасары Роман Головняның айтуынша, жау қаланы тастап шыққан соң атқылай бастаса, онда бейбіт тұрғындарды Николаев облысына эвакуациялауға мүмкіндік туады. Егер дұшпан Каховка ГЭС-інің алып плотинасын жарып жіберсе, судың қозғалыс жылдамдығы сағатына 14 шақырымға жетеді, яғни алғашқы қызыл су Херсонға екі сағаттан астам уақыттан соң ғана жетеді. Эвакуация жүргізу үшін уақыт болады. Су қаланың Остров шағын ауданын, бірнеше көшені және Днепрдің сол жағалауын басып қалады.

Роман Головняның дерегінше, судың ең жоғары көтерілуі апаттан соң 14 сағат өткенде болатын көрінеді. Содан соң шамамен 10 сағат өткенде су деңгейі түсе бастайды.

Жұт сияқты, соғыс та жеті ағайынды. Жау тек үстемелете соққы беріп, қару күшімен қырып қана қоймай, қолдан табиғи, техногендік апаттар ұйымдастырады. Соғыс бітпей, бейбіт халық қасірет шеге беруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу