Херсоннан шегіну Ресей үшін нені білдіреді?

3549

Соңғы мәліметке қарағанда, РФ армиясы бұл облыстың батысынан кете бастады. Осы қашуды көлеңкеде қалдыру немесе бүркемелеу үшін ресейліктер Каховка су бөгетін жарады деген қауіп туындап отыр.

Херсоннан шегіну Ресей үшін нені білдіреді?

Украина армиясы оңтүстік майдандағы шабуылын жалғастырып жатыр. Олар соғыстың басында орыс әскерлерінің қолына бірінші болып өткен Херсон қаласын қайтаруға бар күш-жігерін салып, қарсыластың майдан шептерін бұзып, алға 30 шақырым ілгерілеген.

Херсонның құлауы Мәскеу үшін тағы бір қорлық. Өйткені соңғы бірнеше аптада РФ әскерлері майдан даласында үлкен жеңілістерге ұшырады. Херсон үшін ұрыста ұтылған ресейліктер Путинді одан сайын тығырыққа тіреп, 8 айдан бері жалғасып келе жатқан қарулы қақтығысты тіпті ушықтыруы мүмкін.

Херсонның әскери, саяси маңызының қысқаша сипаты төмендегідей:

БҰЛ ҚАЛА НЕСІМЕН СЫЙЛЫҚ?

Соғысқа дейін 280 000 адам тұрған Херсон – Ресей жауынгерлері басып алған жалғыз аймақтық астана. Қақтығыстың алғашқы күндерінде бұл қала мен оның маңындағы аудандар Мәскеудің қолына Қырымнан солтүстікке жасалған жылдам шабуылдар нәтижесінде өтіп кетті.

Херсоннан айрылу Украинаға үлкен соққы болып тиді. Өйткені, Днепр өзенінің бойында және Қара теңіздің сағасына жақын орналасқан қаланың ірі өнеркәсіп орталығы ретіндегі рөлі өте зор.

Херсон сонымен қатар Днепрден Қырымға баратын тұщы суды тоқтатуға болатын жерде орналасқан. Ресей Қырым түбегін аннексиялағаннан кейін Киев бұл өмірлік маңызды жолға тосқауыл қойды. Сол су жолын қайта ашу Путиннің көрші мемлекетке басқыншылығының бір себебі еді.

Жазда украин сарбаздары Херсон облысын қайтару үшін аяусыз шабуылдарға кірісті. Айта кетсек, бұл – өткен айда жалған референдумдардан кейін Ресей заңсыз аннексиялаған төрт аймақтың бірі. Украина Херсон өңіріндегі Днепр өзенінің үстінен өтетін негізгі көпірге және өткел ретінде пайдаланылған үлкен бөгетке бірнеше рет соққы беру үшін АҚШ-тан жеткізілген HIMARS зымыран тасығыштарын қолданды. Бұл зымырандық соққылар Ресейді понтондар мен паромдарға жүгінуге мәжбүр етті. Бірақ, олар да Украина әскерінің нысанасына айналып отыр.

Антонов көпірі жарамсыз күйге түскендіктен, Херсон мен Днепрдің батыс жағалауында шоғырланған ресейліктерді қамтамасыз ету жолдары бұзылып, олардың қоршауға түсу қаупін күшейтті. Ал, қазанның 8-де бомба қойылған жүк көлігі жарылып, материктік Ресейді Қырыммен байланыстыратын стратегиялық Керчь көпірінің бір бөлігі қирағаннан кейін Херсонды оккупациялап отырғандар құрал-жабдық тапшылығын тіпті сезіне бастады.

РЕСЕЙ ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРДІ?

Путин Керчь көпіріндегі шабуыл үшін Украинаны айыптап, бұған жауап ретінде көрші елдегі энергетикалық инфрақұрылымды бомбалауды бұйырды. Ол сондай-ақ Херсонда және аннексияланған басқа үш аймақта әскери жағдай жариялады. Бірақ украиналықтар Днепр жағасында оңтүстік-батысқа қарай шабуылды табандылықпен жүргізгендіктен, ресейліктерге оларды тоқтату қиынға соғып отыр.

РФ-ның Украинадағы әскеріне жаңадан тағайындалған қолбасшы генерал Сергей Суровикин Мәскеу үшін аймақтағы жағдайдың "өте қиын" екенін мойындап, Херсондағы ресейлік күштерді шығаруға негіз іздегендей сыңай танытты.

Бастапқыда қаланы эвакуациялау туралы әңгімені жоққа шығарған Ресей билігі осы аптада бағытын күрт өзгертіп, Херсонның Украина армиясының жаппай атқылауына ұшырауы мүмкін екенін ескертіп, ондағы тұрғындарды Ресейдің бақылауындағы аудандарға кетуге үндеді және де оккупациялық билік әкетілетін 60 000 адамның 15 мыңының көшірілгенін хабарлады. Басқа мемлекеттік қызметкерлермен бірге Мәскеу тағайындаған облыстық әкімшілік шенеуніктері де Херсоннан кетіп жатыр.

Мәскеуге сенсек, Украина Каховка су электр стансасының бөгетіне шабуыл жасап, Херсон қаласын қоса алғанда, кең аумақты алапат тасқынның астында қалдыруы мүмкін. Киев мұны жоққа шығарып, Ресейді кері шегінерде аталған дамбаны жарып кетуді жоспарлап отыр деп айыптады.Украина Президенті Владимир Зеленский болса, бұл бөгетті Ресей қазірдің өзінде миналап қойғанын мәлімдеді және де ол әлем лидерлерін Кремльге дамбаны жарудың "жаппай қырып-жоятын қару қолданумен бірдей" екенін түсіндіруге шақырып отыр.

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институтының соңғы мәліметіне қарағанда, РФ армиясы Херсон облысының батысынан кете бастады. Осы қашуды көлеңкеде қалдыру үшін ресейліктер Каховка су бөгетін жарады деген қауіп туындады және де Мәскеу жарылыстан кейінгі алапат тасқын үшін жауапкершілікті Украинаға жүктеуі мүмкін деген болжам бар.

РЕСЕЙ ҮШІН ХЕРСОННАН АЙРЫЛУ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

Херсон мен Днепрдің батыс жағалауындағы аудандардан шегіну Ресейдің Украинаның Қара теңізге шығуын тоқтату мақсатында Николаев пен Одессаға батыстан шабуыл жасау үмітін үзеді. Ал теңізге апаратын жолдан айрылу Украина экономикасына жойқын соққы берер еді. Сонымен қатар бұл аймаққа бақылау орнату Мәскеуге Ресейдің ірі әскери базасы орналасқан Молдованың сепаратистік Приднестровье аймағына құрлықтық дәліз салуға да жол ашады.

"Херсонды жоғалту Кремльдің оңтүстіктегі барлық армандарын күл-талқан етеді. Херсон – бүкіл оңтүстік өңірдің кілті. Ол Украинаға ресейлік күштерді қамтамасыз ететін негізгі жолдарды нысанаға көмектеседі. Сондықтан орыстар бұл аймақты барын салып, бақылауда ұстауға тырысып жатыр", – дейді украиндық әскери сарапшы Олег Жданов.

Украина үшін Херсонды алу Запорожье облысының Ресей бақылауындағы бөлігі мен оңтүстіктегі басқа да аудандарды қайтарып, ресейдіктерді ақыры Қырымға ығыстыруға мүмкіндік береді.

"Украина Херсонның піскен алма сияқты қолына түскенін күтуі керек. Өйткені ресейлік күштерді қамтамасыз ету жағдайы күннен-күнге шиеленісіп барады", – дейді Жданов.

Украина АҚШ-тан жеткізілетін HIMARS зымыран тасығыштарының санын тез арада екі есе көбейтуге үміттеніп отыр. Бұл қару 80 шақырым қашықтықтағы нысаналарға өлімге әкелетін дәлдікпен соққы бере алады. Херсонды қайтара отырып, Киев Қырымға баратын суды тағы да тоқтата алады.

"Херсон деоккупацияланғаннан кейін ресейліктер Қырымда тұщы су мәселесіне тағы да тап болады", – дейді Жданов.

Ждановтың айтуынша, орыстар Херсонды Украинаға бергенше, оны жер бетінен жойып жіберуді артық көретіндей. Ал бұны жүзеге асырудың бір тәсілі – аталған дамбаны жару екен.

Киевтегі "Пента Центр" тәуелсіз талдау орталығының жетекшісі Владимир Фесенко Херсон облысы мен оңтүстіктің басқа да аудандарын жаулау Ресей үшін жүлде болатынын, ал олардан айрылу Путинге өз елінде де, шетелде де ауыр зардаптар әкелетінін атап өтті.

"Егер ресейліктер Херсонды тастап кетсе, Кремль мен әскери қолбасшылық, жалпы Ресей билігі, әсіре патриот топтар тарапынан қатаң сынға ұшырайды және де бұл қаланың күйреуі қарулы күштерді одан әрі құлдыратып, мобилизацияға қарсылықты тіпті күшейтуі мүмкін", – дейді Фесенко.

Сонымен қатар киевтік сарапшының ойынша, Ресейдің Украинадағы әрекетін мұқият бақылап отырған Қытай мен Үндістан Херсонның құлауын Кремльдің әлсіздігі деп қабылдауы ғажап емес.

"Путин тек ел ішінде ғана емес, Қытай алдында да беделін жоғалтады, ал бұндай жағдай Кремль үшін аса қауіпті болуы мүмкін", – дейді Фесенко АР агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу