ХОК Ильяны спортпен қоштасуға мәжбүр етті

2418

Илья Ильин спортпен қош айтысты, бірақ ауыр атлетикадан қол үзбейді.

ХОК Ильяны спортпен қоштасуға мәжбүр етті

23 қарашада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, екі Олимпиаданың жеңімпазы Илья Ильин өзінің кәсіпқой спортпен қоштасатынын ресми түрде мәлімдеді.

Әдетте көңілді жүретін чемпион осы жолы журналистердің алдына пәс көңілмен шықты. Соңғы уақытқа дейін Халықаралық олимпиада комитетінен (ХОК) жағымды жаңалық күткен ол – бұл жолы аппеляцияға беруге мүмкіндігі болса да, спорттан әбден көңілі қалып, қолды бір сілтеп спортпен қош айтысқанын жасырмады.

ХОК 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы мен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының жеңімпазы болған Илья Ильинді сол жарыстарды допинг қабылдап әділетсіз ұтты деген тұжырымдама шығарып, ақыр аяғында спорттан біржолата шеттетіпті.

"Өкінішке қарай, осымен спорттық мансабымды аяқтап отырмын. Есесіне қалған уақытымды білім алуға жұмсаймын. Осы мақсатта бизнес әкімшілік магистратурасына (МВА) тапсырамын", – деді әйгілі спортшы.

Білім алумен қатар қазақтың бетке ұстар ауыр атлеті алдағы уақытта бизнеске де бет бұруы мүмкін екенін айтып қалды.

"Үлкен спортқа деген жолым осымен жабылды. Дегенмен, ауыр атлетикадан біржола қол үзіп кете алмаймын. Алдағы уақытта өзімнің жекеменшік ауыр атлетика клубын құруды жоспарлап жүрмін. Бәлкім, оның атын "Astana Team" немесе "Ilya Ilyin Team" деп қоятын шығармын. Әйтеуір, өзім үшін темір көтеруді жалғастырып, шәкірт тәрбиелегім келеді. Мүмкін арасынан болашақ чемпиондар да шығып қалар", – деді спортшы.

Сөз арасында Илья сұлулық салонын ашу туралы идеясының да бар екенін жасырмады.

"Анамның атындағы сұлулық салонын көбейтіп, желі ретінде қалыптастыру үшін қаржы салатын ойым бар. Бірақ, бұл әзірге отбасылық бизнес деңгейіндегі шағын идея", – деп күлді 4 дүркін әлем чемпионы әрі 2 дүркін Олимпиада жеңімпазы.

Журналистердің "Тағы да аппеляцияға беріп, шешімді даулап көрмедің бе?" деген сауалына Илья Ильин әлгі хабар жеткен күнге дейін біржола үміт үзбегенін айта келіп, бірақ енді аталған 2 Олимпиада ойындарында алған алтындарын тиісті спортшыларға қайтаратынын айтты. Дегенмен де спортшы бәрібір өзінің ары таза екенін кесіп айтты.

Бір ғана Илья Ильин емес, Лондон Олимпиадасына қатысқан тоғыз бірдей спортшының осындай бәлеге ұрынуына кімнің мүдделі болғанын Ильяның өзі де түсінбейді. Ал Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті қазақ спортшыларының басындағы бұл мәселе туралы әлі де үнсіз қалып отыр.

Айтпақшы, Илья Ильин сонымен қатар жақында ғана тағайындалған ұлттық командалар және спорттық резервтер дирекциясындағы кеңесші қызметінен де өз еркімен бас тартқанын жайып салды. Оған себеп, спортшының айтуынша, аталған даудан кейін мұндай ұйымда жұмыс істеуге құқы жоқ екен.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық олимпиада комитетінің тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде және 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, 94 кг салмақ дәрежесінде сынға шыққан ауыр атлет Илья Ильиннің "А" және "В" допинг сынамаларының қосымша тексеру қорытындысы бойынша қазақ спортшысын сол Олимпиадалардан шеттетіп, көрсеткен нәтижелерінің күшін жойып, жүлделерін қайтарып алу туралы шешім шығарған болатын.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу