ХОК-тың шешімі еріксіз жаға ұстатады

2577

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) өзінің ресми сайтында бірнеше спортшының, дәлірек айтқанада 12 спортшының 2012-ші жылғы Олимпиада ойындарында көрсеткен нәтижелерін есепке алмай, алған медальдерінен айыратынын хабарлады.

ХОК-тың шешімі еріксіз жаға ұстатады

Олардың арасында қазақстандық зілтемірші спортшы да бар. Ол Алмас Өтешов. Олимпиададағы 94 салмақ дәрежесінде Алмас 7-ші нәтиже көрсеткен болатын.

2012-ші жылғы Олимпиадада жеңіп алған күміс жүлделерін ресейлік зілтеміршілер Александр Иванов пен Наталья Заболотная да қайтарып беруге міндетті.

Сондай-ақ, молдовалық зілтеміршілер Кристина Иову мен Анатолий Кырыку, армениялық зілтемірші қыз Хрипсима Хурдшинян және беларусьтік штангашы қыз Ирина Кулеша да қола жүлделерінен айырылатын болды. Бұлармен қатар грузиялық зілтемір көтеруші қыз Раули Цирекидзенің де үздік ондыққа кірген нәтижесі жойылды.

Зілтеміршілермен қатар басқа да спорт түрінің жеңімпаздары бар. Ресейлік жеңіл атлет Юлия Зарипова, ол 3000 метрлік кедергілер арқылы жүгіруде алдына жан салмай, алтын медальді жеңіп алған болатын. Енді ол да алтынын қайтарып беруге мәжбүр.

Өз кезегінде үздік ондықтар қатарынан көрінген украиналық жеңіл атлеттер, зілтас лақтырушы Александр Дрыголь мен ұзындыққа секіруші Маргарита Твердохлебтің де көрсеткіштері есепке алынбайтын болды.

Айта кету керек, бұған дейін 75 салмақ дәрежесінде алтын медальді жеңіп алған біздің зілтемірші қызымыз Светлана Подобедоваға да допинг қабылдады деген айып тағылып, медалінен айырылған болатын. Енді міне, сол Светамен бірге жүлде үшін таласқан орыс қызы Наталья Заболотная мен Беларусь зілтеміршісі Ирина Кулеша да зардап шегіп отыр. Екеуі өз кезегінде күміс және қола жүлде алған еді.

Естеріңізге сала кетсек, ХОК осының алдында Алмас Өтешов пен Светлана Подобедовамен қатар сегіз қазақ спортшысының көрсеткіштерін жарамсыз деп жариялаған болатын. Олар – Бейжіңдегі 2008-ші жылғы Олимпиадада еркін күрестен күміс жүлде алған Теймураз Тигиев, грек-рим күресінен жігерлік танытып, қаншама жылдан соң қолаға әрең қол жеткізген палуанымыз Әсет Мәмбетов, қола жүлдегер ауыр атлетшіміз Мария Грабовецкая да бар.

Майя Манезаның 2008 жылғы Олимпиада алдында-ақ жарысқа шықпайтыны белгілі болған еді. Сондай-ақ бұлардың арасында күміс жүлдегер зілтемірші Ирина Некрасова мен 4-ші орынға ие болған Владимир Седов та бар.

Лондондағы 2012 жылғы Олимпиаданың қорытындысы бойынша біздің штангашы қыздарымыз Мая Манеза мен Зульфия Чиншанло да алтын медальдерінен айрылды.

ХОК осылайша қаншама спортшының обалына қалды. Біздің әйгілі рекордшымыз, халық сүйіспеншілігіне бөленген батырымыз Илья Ильиннің тағдыры әлі күнге белгісіз. Оның 2008 және 2012-ші жылғы Олимпиадаларда ұтып алған алтындары бар. Комитет бұл алтын баламызды да жіті бақылауға алған. Әзірге қайта тексеру нәтижесі оның қанында тыйым салынған препараттың болғанын көрсетіпті.

Осылайша, әзірге жалпы жеті медалімізден айырылып отырмыз. Оның үшеуі алтын, екі күміс және екі қола медаль. Дегенмен, есесіне тағы екі медаль қосылуы керек. Неге десеңіз, 2008 жылы қарсыласының допингпен ұсталғаны белгілі болып, біздің үш аттап ұзындыққа секіруші қызымыз Ольга Рыпаковаға қола медаль бұйыруы керек.

Нұрбақыт Теңізбаевқа да ресми түрде Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесі беріледі, делінеді unitedworldwrestling.org халықаралық сайтында жарияланған хабарламада.

Сонымен қатар, ауыратлетшіміз Анна Нұрмұхамбетова да қола жүлдегер атануы тиіс. Өйткені, оның алдындағы екі спортшы қыздың да көрсеткіштері есепке алынбай, айыпты деп табылды.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу