Хоккейден Қазақстан чемпионаты кейінге шегерілді

1789

Қазақстан хоккей федерациясы клубтарға шайбалы хоккейден ел чемпионатының кейінге шегерілуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Хоккейден Қазақстан чемпионаты кейінге шегерілді

Ел біріншілігі 7 қаңтарда елордада жергілікті "Снежные Барсы" және Рудныйдың "Горняк" командалары арасындағы кездесумен жалғасуы керек еді. Алайда елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне және бұқаралық ойын-сауық шараларын өткізуге тыйым салуға байланысты үзіліс кем дегенде 20 қаңтарға дейін созылады", – деп хабарлады ҚХФ баспасөз қызметі.

"Республикалық жарыстарды өткізу департаменті Қазақстан Республикасында 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Қазақстан Республикасы чемпионатының маусымдағы Pro Hokey Ligasy және Jastar Hokey Ligasy матчтары кейінге шегерілгенін хабарлайды. Матчтар шамамен 2022 жылдың 20 қаңтарынан кейін басталады", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, қазіргі таңда турнирлік кестеде Көкшетаудың "Арланы" 59 ұпаймен көш бастап келеді. Команда келесі кездесуін Петропавлда 7-орында келе жатқан "Құлагерге" қарсы өткізуі тиіс. Екінші орынға 55 ұпаймен қарағандылық "Сарыарқа" жайғасты. Ол келесі ойынын Павлодарда тұрақты чемпионаттың аутсайдері "Ертіске" қарсы өткізеді. 52 ұпайы бар атыраулық "Бейбарыс" үшінші орында келеді. Ол кезекті ойында тұрақты маусымның бесінші орында келе жатқан командасы – елордалық "Номадпен" кездеседі (44 ұпай). Төртінші орынға өскемендік "Торпедо" (47 ұпай) жайғасты.

Сонымен қатар желтоқсан айының соңында Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) Дания билігімен бірлесе отырып, қарағандылық "Сарыарқа" ойнайтын Құрлықтық кубоктың финалдық кезеңін 2022 жылдың қаңтар айынан наурыз айына ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұған Еуропада карантиндік шараларды күшейту себеп болды. Бірақ финалдық ойынның өтетін орны сол күйінде қалды. Матчтар 4-6 наурыз аралығында Данияның Ольборг қаласында өтеді. Қарағандылықтар бас жүлде үшін беларуссиялық "Гомель", польшалық "Краковия" және даниялық "Ольборг" командаларымен сынға түседі.

Бұдан бөлек коронавирус ҚХЛ күнтізбесін де қайта қарауға мәжбүр етті. Таяуда Құрлықтық хоккей лигасының ресми сайты Лиганың үш клубының  (Автомобилист, Салауат Юлаев, ЦСКА) ойыншыларының коронавирусқа тапсырған ПТР сынақтарының басым бөлігі оң нәтиже көрсеткенін хабарлады. Алдағы уақытта бұл клубтардың қатысуымен өтетін ойындар тоқтатылды. Лига бұған дейін бірнеше шұғыл отырыстар өткізді және баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚХЛ бірлескен отырыста клубтармен әр түрлі сценарийлерді талқылап, келесі аптада нақты шешім қабылдауды жоспарлап отыр.

"Біз ұсынып отырған барлық нұсқалардың басты мақсаты – қатысушылардың денсаулығын сақтау, чемпионатты аяқтау, плей-офф кезеңін өткізу және жеңімпазды анықтау", – делінген ресми хабарламада.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу