14 ақпан күні Атырау қаласында көкшетаулық "Арлан" мен жергілікті команда "Бейбарыс" Қазақстан чемпионаты аясында плей-офф жолдамасын сарапқа салды.
Кездесу 4:0 есебімен "Арланның" жеңісімен аяқталды. Ал, соңғы ысқырық шалынғанда мұз айдынында бір уақытта бірнеше жерде төбелес басталып кетті.
Клубтардың бапкерлері, қызметкерлері мен ойыншылары да жаппай төбелес ұйымдастырды. Әсіресе, айдын сыртында қарсылас клубтардың екі хоккейшісінің төбелесі көрермендердің жағасын ұстатты.
"Бейбарыс" ойыншысы "Арлан" ойыншысын құлатып, конькимен тепкілей бастады. Клуб қызметкерлері ойыншыларды сабырға шақырудың орнына жерде жатқан хоккейшіге тағы бір адам соққы жасаған.
Жанкүйерлердің айтуынша, бұл "Бейбарыстың" бас бапкері Александр Высоцкий болып шықты. Ол "Барыстың" ҚХЛ-дағы алғашқы бапкері. Сондай-ақ, 18 жастағы Қазақстан құрамасынан бастап Ұлттық құраманың бапкерлер штабында қызмет еткен маман.
Ең сорақысы бұл оқиғаның барлығы тікелей трансляциядан көрсетілген.
"Бейбарыс" командасының баспасөз қызметі әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал, полиция департаменті мән-жайды былай түсіндірді:
"14 ақпан күні сағат 21:00 шамасында Мұз сарайы ғимаратында 21 жастағы екі хоккейшінің арасында өзара түсініспеушіліктен туындаған оқиға орын алды. Екі спортшы да полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жиналған материалдар сотқа жолданды. Зардап шеккендер жоқ", - деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сондай-ақ, бұл оқиғаға қатысты еліміздің хоккей федерациясы да түсініктеме беріп, жаппай төбелеске қатысқан адамдардың тізімін жариялап, олар тиісті жазасын алатынын мәлімдеді.
"Ұсынылған бейнематериалдар мен матч төрешілерінің есебін қарап, Республикалық жарыстарды өткізу департаменті ережеге сәйкес, командалардың өкілдері мен ойыншыларына тәртіптік жазалар қолдану туралы шешім қабылдады, атап айтқанда: "Арлан" ХК: Ибраев Р., Архипов Д., Никулин В.Габдуллин Д., Борисов А.,Маркелов Д.А. (жаттықтырушы). "Бейбарыс" ХК: Напольских И., Макаревич А., Фанайлов Д., Высоцкий А.А. 2.1 тармағы бойынша жазаланды (бас бапкер), Мекеев С.М. (клуб директоры), С.С.Құралбеков (дәрігер). Атыраудың "Бейбарыс" және Көкшетаудың "Арлан" командаларына қатысты Федерацияның Спорт басқармасы қабылдаған шешімдерге қоса, Құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия No152 матч кезінде орын алған оқиғаға қосымша сараптама жүргізеді. Федерация орын алған жағдайға қатысты барлық шешімдер туралы, хоккей субъектілері мен хоккейдің беделіне нұқсан келтіретін лауазымды тұлғалардың мінез-құлқын реттейтін Спорттық этика кодексінің ережелерін бұзған тұлғаларға қатысты қолданылатын тәртіптік шаралар туралы, оның ішінде заңсыз және әдепсіз мінез-құлық жағдайлары туралы қосымша хабарлайды", - деп хабарлады ҚХФ баспасөз қызметі.
Бұл "Бейбарыс" үшін маусымдағы соңғы матч болды. Команда 11 клуб арасынан 9-орынға тұрақтады. "Арлан" чемпиондық атағын қорғап қалу үшін күресті жалғастырады. Плей-офф ойындарын көкшетаулық команда серияда "Барыстың" фарм-клубы "Номадқа" қарсы матчпен бастайды.