Бүгін хоккейден әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі кезекті матчта Қазақстан құрамасы қазіргі чемпион – Чехия құрамасымен кездеседі. Қарсыласымыз да біздің команда секілді төрт ойын өткізіп, Норвегияны (2:1), Данияны (7:2) және Венгрияны (6:1) негізгі уақытта, ал Швейцарияны овертаймда (5:4 ОТ) жеңіп, барлығы төрт жеңіске қол жеткізді.
Қарсылас құраманың статистикасы бойынша көшбасшысы – "Бостон Брюинз" шабуылшысы Давид Пастрняк. Ол 9 (4+5) ұпай жинап, пайдалық көрсеткіші +6 болып, әлем чемпионатының сұрмергендер тізімінде екінші орында тұр. Біздің құрамада ең көп ұпай жинаған – Никита Михайлис, оның еншісінде 4 (3+1) ұпай бар. Қазақстан құрамасы әзірге тек бір жеңіске жетті – Норвегияны 2:1 есебімен ұтқан болатын.
Қос құрама халықаралық турнирлерде жиі кездесе бермейді. Соңғы кездесу 2023 жылғы әлем чемпионатында өтті. Ол уақытта біздің команда 1:5 есебімен жеңіліп қалған.
2016 жылғы әлем чемпионатында да чехиялықтар 3:1 есебімен басым түскен. Бұған дейін командалар 2005 (0:1) және 2004 (0:7) жылдары кездескен.
Қарсылас құраманың сапында тәжірибелі әрі мықты хоккейшілер ойнайды. НХЛ-де өнер көрсететін ойыншылардың қатарында Пастрняктан бөлек, "Ванкувер Кэнакс" командасының қорғаушысы Филип Гронек, бойы 2,03 метр болатын "Калгари Флэймс" шабуылшысы Адам Клапка, оның командаласы қақпашы Даниэль Владарж, "Брюинз" шабуылшысы Якуб Лауко және "Колорадо Эвеланш" ойыншысы Мартин Нечас бар. Қалған ойыншылардың көбі Чехия Экстралигасында ойнайды. Сондай-ақ Финляндия, Швейцария және АХЛ-дан да бірнеше ойыншы шақырылған.
Қазақстан жанкүйерлеріне таныс хоккейшілер де бар. Мысалы, Лукаш Седлак – ол тек НХЛ-де "Колорадо" ғана емес, "Филадельфия" командасында ойнаған. Сонымен қатар 2019 жылдан 2022 жылға дейін үш маусым бойы Челябінің "Трактор" клубында да өнер көрсетті.
Айта кетейік, бұл хоккейшілеріміздің әлем чемпионатындағы бесінші кездесуі.