Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына қатысады

2433

11-17 желтоқсан күндері Норвегияның Аскер қаласында шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты (ІА дивизион) өтеді.

Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына қатысады

Қазақстан ұлттық құрамасы элиталық дивизионға шығу үшін Дания, Норвегия, Франция, Венгрия және Словения командаларымен сынға түседі. Бапкерлер штабы алдағы турнирге қатысатын команданың қорытынды құрамын жариялады, тізімге 20 алаң ойыншысы мен үш қақпашы енді. Қорытынды құрамға енген спортшылардың көп бөлігін "Барыс" хоккей клубының ойыншылары құрайды.

Қазіргі таңда Қазақстан жастар құрамасы әлем чемпионатына дайындықты бастап кетті. Команданың алдағы турнирдегі капитаны мен көмекшілері анықтады. Бас бапкер Александр Истомин ұсынған үміткерлерден кейін дауыс беру өтті. "Барыстың" шабуылшысы Дінмұхамед Қайыржан 20 жасқа дейінгі ұлттық құраманың капитаны болып тағайындалды. Оған "Барыстың" шабуылшылары Дінмұхамед Сапарбек пен Алмаз Мұқанов көмектесетін болады.

Қазақстан құрамасы "А" тобында Франция, Венгрия, Дания, Словения және Норвегия құрамаларымен күш сынасады. Біздің жасөспірімдер құрамасы алғашқы кездесуін 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні (Астана уақыты бойынша) Франция өкілдерімен өткізеді.

Алғашқы қарсыластарымызға тоқтала кетсек, Франция құрамасы өткен жылы "В" тобында бірінші орынды иеленіп, жоғары көтерілді. Үш түстілер өз тобында бірінші болып, словендер, жапондар, украиндар, эстондар мен поляктарды артқа тастады.

Жалпы, Франция құрамасының құрамы ішкі біріншілік ойыншыларынан құралған. Бұл командада жұлдызды ойыншылар жоқтың қасы. Дегенмен, соған қарамастан, француз ойыншылары командалық ойында өте жақсы өнер көрсетеді.

Әлем чемпионаты басталар алдында алғашқы қарсыласымыз үш сынақ кездесуін өткізіп үлгерді. Алдымен француздар италиялықтарды жігерлі жеңіп (3:2), одан кейін Словениядан ұтылып (5:2), Венгрия құрамасынан басым түсті (5:3). Қазақстан мен Францияның жастар құрамалары арасындағы осыған дейін өткенкездесулердің нәтижелеріне тоқталар болсақ, мұнда біздің хоккейшілер айқын басымдыққа ие.

2013 жылы қазақстандықтар 4:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Сол кездесуде Дмитрий Гренц, Кирилл Савицкий, Юрий Сергиенко және Иван Кинстлер ел құрамасы сапынан гол соқты. Бір жылдан кейін командалар тағы да кездесіп, Қазақстан құрамасының ойыншылары жеңіс тойын тойлады – 3:1. Гол авторлары Аркадий Шестаков, Әлихан Әсетов және Кирилл Савицкий. Бірақ 2016 жылдың желтоқсанында біздің команда, өкінішке орай, француздардан жеңіліп қалды – 1:3. Сол кездесудегі біздің құраманың жалғыз голын Дмитрий Быков соқты. Командалардың соңғы кездесуі 2017 жылдың 16 желтоқсанында өткен. Біздің хоккейшілер француздардың қақпасына алты рет соғып, тек бір гол жіберіп алды.

Әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрама ойыншыларының есімдері де белгілі болды.

Қақпашылар: Антон Осокин ("Торпедо"), Артём Шестаков, Роман Шефер (екеуі де - "Снежные Барсы").

Қорғаушылар: Артём Авдеенко, Данил Базько, Семён Роев, Климентий Царёв (барлығы – "Снежные Барсы"), Дмитрий Бреус ("Чайка", ЖХЛ), Иван Гавриленко ("Сарыарқа"), Аслан Жүсіпбеков ("Барыс" ЖХК), Кирилл Никитин ("Номад").

Шабуылшылар: Роман Ермак, Кирилл Ляпунов, Дінмұхамед Сапарбек, Даниил Цыбин, Илья Шапоров, Алмаз Муканов (барлығы – "Снежные Барсы"), Дінмұхамед Кайыржан ("Барыс"), Всеволод Логвин, Алдияр Нұрлан, Константин Морожников (барлығы - "Номад"), Руслан Оспанов ("Анкоридж Волверинс", АҚШ), Валентин Попов ("Торпедо").

Матчтар кестесі  (Астана уақыты бойынша)

12 желтоқсан. 01:00. Франция – Қазақстан

12 желтоқсан. 21:30. Қазақстан – Венгрия

15 желтоқсан. 01:00. Қазақстан – Дания

15 желтоқсан. 21:30. Қазақстан – Словения

18 желтоқсан. 01:00. Норвегия – Қазақстан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу