Хорваттардың қазақ топырағындағы жеңісі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3007

"Астана" Сарыарқа төсінде Чемпиондар лигасының үшінші сатысындағы бірінші ойынын өткізіп, Хорватияның "Динамосынан" ұтылып қалды.

Хорваттардың қазақ топырағындағы жеңісі Фото: fcastana.kz

Шілде айының бел ортасында аяқталған Әлем чемпионатында Хорватия құрамасының финалға шығып, күміс жүлдеге қол жеткізгенін білесіздер. Осы ерен жетістік хорват футболына соны серпін сыйлапты. "Динамоның" сапында әлем чемпионы болған бір-ақ ойыншы бар. Ол бүкіләлемдік біріншілікке үшінші қақпашы ретінде барған – Доминик Ливакович.

Бір қызығы, Ливакович өз клубында да негізгі қақпашы емес. Астанада өткен ойында да үшінші қақпашы ретінде ойын хаттамасына ілікпей қалды. Әйтсе де, Загреб клубына жеңіс рухын сіңіріп, шабыттандырып жібергендей. Чемпиондар лигасының екінші електік сатысында Израильдің "Хапоэль" (Беэр-Шева) клубын 7:2 есебімен (5:0 және 2:2) жолынан тайдырған "Динамо" біздің "Астананы" да бұйым құрлы көрер емес.

Ойын басталған бетте "Астана" алаң қожайыны екенін білдіріп (сыңай танытып), алға қарай ентеледі. Алайда "Динамоның" айып алаңына ену қиямет-қайым болды. Хорватия клубы қорғаныста өте сауатты ойнады. Әсіресе орталық қорғаушысы Кевин Теофиль-Катрен ерекше көзге түсті. Қазақстан чемпионы сенім артқан Джуниор Кабананганың адымын аштырмады. Елорда клубының толқындай қуалай соққан шабуылдарын тыным таппай, тойтарумен болды.

Жалпы, "Динамо" ойыншылары алаң иелерінің көсіле сілтеулеріне ешқандай да мүмкіндік бермеді. "Астананың" шабуылшыларын да, жартылай қорғаушыларын да "тұсаулап" ұстап, соңдарынан бір елі қалмады. Ойланып-толғануларына, допты емін-еркін қабылдауларына мұрша бермей, қыспаққа алумен болды. Әсіресе, қос қапталмен атойлап алға шабатын вингерлерімізді қақпаларына қарай "аттап бастырмады".

Ол – ол ма, бірінші таймның аяғына қарай "Астана-Арена" стадионының жасанды желегіне сәл де болса бейімделіп алды да, қарсы шабуыл ұйымдастыруға көшті. Ал 39-минутта Дани Ольмо "Астананың" екі ойыншысының арасынан оңай сытылып өтіп, аяғындағы допқа атылған үшіншісін де қапы қалдырды. Әрі допты Марио Будимирдің алдына салып берді. Хорват шабуылшысы шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Екінші таймда "Астана" тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Қонақтарын тықсырып, шабуылды үдете түсті. Шабуыл өтіндегі ойыншыларын ауыстырып та, тың күш қосып та көрді. Бірақ "Динамоның" қорғанысы сыр бермеді. Қорғаушылары аспай-саспай ойнап, жартылай қорғаушылары оларға көмектесіп, бәрі тізе қоса қимылдады. Рас, "Астана" бір гол соққан. Алайда төрешілер "офсайд болды" деп, оны есепке алмады.

Матч соңында Загреб клубының қарсы шабуылдары жиілей түсті. Соның бірінде Дани Ольмо допты ыңғайына салып алып, алыстан ышқына теуіп, тағы бір гол соқты. Стадион сілтідей тынды. "Динамоның" тағы бір-екі гол соғатын мүмкіндігі болған. Алайда бірде Ненад Эрич қас шеберлік танытып, енді бірде өздері қателесіп, есеп өзгермеді. Әйтсе де, Хорватия клубы қазақ топырағынан маңызды жеңісті өңгеріп кетті.

Қарымта матч тамыздың 14-інен 15-іне ауған түні сағат 00:00-де басталады. Өз алаңында ұтылған чемпионымыз "түзде есе қайтарып, жеңіске жетеді" дегенге сену қиын. Шабуылшылары бірлі-жарым мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып жүр. Жалпы, Патрик Твумаси кеткелі "Астана" жылдамдығынан айырылып қалғандай. Шіркін, Гана футболшысы қос қапталмен (алма-кезек) құстай ұшушы еді ғой.

Твумаси қазір Испаниядағы "Алавес" клубының жейдесін киіп, тағдырына дән риза. Әрине, бағы жансын дейміз. Өйткені қазақ клубына еңбегі сіңген. Ал оның орнына Әзербайжаннан келген бразилиялық футболшылар қарсы команданың ойыншыларын алдап, жүріп алатындай. Бәлкім, спорттық баптарына келген соң олар да көсіле сілтер. Шабуылшылар да ширай түсер. Бапкерлер де бір шара қолданар.

Айтпақшы, "Астана" – "Динамо" (Загреб) ойыны аяқталысымен бір әріптесім "динамолықтардың сапында қанша хорват жігіті ойнады" деп сұрады. Іштей санай жөнелгенім сол еді, жанымыздағы екінші әріптесіміз "хорват еместері жоққа тән" деді, сүйсінген кейіппен. Мен түгендеп шығып, алтауы алаңға шыққанын айттым. Ал елорда клубы сапында жалғыз қазақ бір-ақ тайм ойнаған болатын.

"Астана" (Қазақстан) – "Динамо" (Загреб, Хорватия) – 0:2
Голдар: Будимир, 39. Ольмо, 84.
Ескерту: Маевский, 50 – Хайрович, 36. Стоянович, 41. Гояк, 70.
"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Постников, Рукавина, Кляйнхайслер, Маевский, Мұжықов (Алмейда, 46), Энрике, Томасов (Муртазаев, 80), Кабананга (Янга, 63).
"Динамо" (Загреб): Загорац, Леовац, Дилавер, Теофиль-Катрин, Стоянович, Адеми (Шуньич, 63), Оршич, Хайрович (Кадзер, 82), Ольмо, Гояк, Будимир (Гавранович, 46).
Төрешілер: Битон, Матер, Карр (бәрі де – Шотландия)
7 тамыз, Астана. "Астана Арена". 28 000 көрермен.

Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 10 – 12
Тура соққы: 0 – 5
Қиыс кеткені: 7 – 4
Тойтарылғаны: 3 – 3
Бұрыштама соққылар: 1 – 1
Офсайдтар: 2 – 1
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3
Ереже бұзу: 11 – 16

Маруан Түсіп                 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу