Хосе Кантенің соққан голы "Қайратқа" жеңіс сыйлады

1527

"Қайрат" футболдан 2022 жылғы Қазақстан чемпионатының бірінші турында "Ақтөбені" ұтты.

Хосе Кантенің соққан голы "Қайратқа" жеңіс сыйлады

Кездесу Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Бірінші таймда қос команда да гол соға алмады. Ал үзілістен кейін қосалқы құрамнан алаңға шыққан алматылық команданың шабуылшысы Хосе Канте 67-минутта пенальтиден, ал 84-минутта баспен гол соқты.

"Қайраттың" бас бапкері Құрбан Бердыев "Ақтөбемен" болған кездесуден кейін клубтың баспасөз қызметіне сұхбат берді.

- Құрбан Бекиұлы, ойыннан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?

- Ойын біз күткендей-ақ қиын болды. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Бүгін кейбір жас ойыншыларымыз алаңға бірінші рет шықты. Бірақ ойын деңгейі жақсы болды деп айта аламын.

- Дамир Қасаболаттың ойынына қандай баға берер едіңіз?

- Қатты қобалжыды, қателіктері болды. Әсіресе бірінші таймда, бірақ жақсы ойнады.

- Бүгінгі ойынға Васин және Алықұлов неге қатыспады?

- Олар сәл сырқаттанып қалды.

- Пенальтиге байланысты ойыңыз, неге Канте тепті?

- Негізінде Алвеш орындауы керек болған, бірақ Канте оған өзім орындаймын деп айтты. Бұл жерде психологиялық тұрғы мықты болу өте маңызды, Канте өзіне сенімді болды, сондықтан өзі орындады.

- Трансферлік терезенің жабылуына дейін уақыт бар, командаға тағы жаңа ойыншылар келуі мүмкін бе?

- Басты мақсатымыз – өз түлектерімізді ойнату. Егер тиімді трансфер жасау мүмкіндігі болса, бәрі де мүмкін.

- Сейдахмет оң қанаттағы латераль қызметін екінші матч қатарынан атқаруда, ол өзін сол позицияда қалай сезінеді, қорғаушы ретінде ойын деңгейі жоғарылады ма?

- Ол ешқашан бұл позицияда өнер көрсетпеген, бірақ ойнай білді. "Ақтөбенің" оң қанаты мықты болды, бірақ Сейдахметтің ойынына көңілім толды.

- Ол қорғаушылар төрттігінде ойнауы мүмкін бе? 

- Жоқ, егер төрт қорғаушы болса ол шабуылға жақынырақ ойнайтын болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу