Хостелдегі өрт: марқұмдардың туыстары оқиға орнына келді

Қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), тағы 9-ы - Қазақстан Республикасының азаматтары.

Хостелдегі өрт: марқұмдардың туыстары оқиға орнына келді Фото: inbusiness.kz

30 қараша күні шамамен таңғы сағат 5.33-те Әди Шәріпов көшесі, 86 мекенжайындағы "Almaty Hostel" хостелінің жертөлесінен өрт шығып, 13 адам қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиға орны толық қоршауға алынып, кіру шектелген. Қабанбай батыр мен Әди Шәріпов көшесінің қиылысындағы нысан маңына Үндістан азаматтары достарын іздеп келген. Inbusiness.kz-ке арнайы сұхбат берген Агдам Кан Алматыдағы Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетірде 4-курста оқиды. Бір апта бұрын оның әпкесі өрт болған хостелде тұрған. 

"Осында әпкем мен достарым тұрған. Әпкем көшіп кетті де, достарым қалды. Осы жағдай туралы естіп, іздеп келдім. Олар тірі шығар деп үміттенемін. Телефондары сөндірулі", – деді үндістандық студент. 

Алматы қалалық полиция департаменті, хостелдегі өрт салдарынан қаза тапқандардың анықталғанын хабарлады. Полиция олардың аты-жөндерін ашық айтпағанымен, марқұмдардың туыстарына нақты тізім жолданған екен. Осы тізімнен баласының аты-жөнін көріп, оқиға орнына іздеп келген ана inbusiness.kz тілгісіне оқиғаның мән-жайын айтып берді. 

"Балам 21 жаста. Осында тұрып жатқан. Екеуіміз бір жерде жұмыс істейміз. Кеше кешке ғана кездескен едік. Маған бұрын оқыған колледжден хабарласты. Қайтыс болғандардың тізімін жіберді. Оның ішінде менің балам бар", – деді атын атамауды сұраған алматылық. 

Әзірге белгілісі қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), тағы 9-ы - Қазақстан Республикасының азаматтары. 

Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Хостелдің жалпы аумағы белгісіз, белгілісі 30 шаршы метр аумақ өртке оранған. Жоеарғы қабаттағы адамдар шығып үлгерген. Ал жертөледегі 13 адам ажал құшқан. Әкімдік таратқан мәлімет бойынша, нысан бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат "Халық банкке" тиесілі, қаржы ұйымы оны кепілмүлік ретінде жалға берген.

2gis.kz2gis.kz

Оқиға болған уақытта хостелде 70-ке жуық адам болған. Жалпы уақытша пана іздегендер келетін нысан 100 адамға дейін қабылдап келген. Бір түн қону адам басына 2000-2500 теңге тұрады. 

"Бұл хостел Алматы қаласы жоғары оқу орындарымен студенттердің тұруы үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ. Студенттердің осы хостелде тұруына өтініш түскен жоқ, студенттерді хостелге орналастыру жұмысы жүргізілмеді", – деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Сағат 11:30-дағы жағдай бойынша Алматы әкімдігі эвакуацияланған 56   тұрғынының 49-ын үш локацияға орналастырды. Қалған 7 адам мұндай көмектен бас тартты. 

"Барлығы тегін тұрады әрі тамақпен қамтамасыз етілген. Жергілікті жерде медицина қызметкерлері жұмыс істейді, психологтар, аудан әкімдігінің өкілдері және бала құқықтары жөніндегі уәкіл қолдау көрсетеді", – деп хабарлады шаһар әкімдігі.

Хостелдегі өртке байланысты ТЖ департаментінде жедел желі телефоны жұмыс істейді: 8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу