Хромтаудағы "Болашақ" шахтасының жерасты кен тасымалдау қуаты артты

2636

"Қазхром" ТҰК" АҚ қарасты Дөң тау-кен байыту комбинатының "Болашақ" шахтасында екінші ұсақтау-түсіру кешені пайдалануға берілді.

Хромтаудағы "Болашақ" шахтасының жерасты кен тасымалдау қуаты артты Фото: ұйымдастырушылардан

Өнімділігі сағатына 800 тонна кенді құрайтын жаңа нысан тау-кен массасын жерасты горизонттары арасында түсіріп, ұсақтайды да, әрі қарай жер бетіне шығаратын скиптік көтергішке жөнелтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кешеннің басты ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет қолданылған вагонеткаларды түбінен босату технологиясы. Бұрынғыдай вагонетканы аударып жатпайды: кенді төгу үшін оның астыңғы қақпағы ашылады. Соның арқасында құрам тоқтаусыз жүріп өтіп, он вагонетка небәрі бір жарым минутта босайды. Бұл жерасты көлігінің өнімділігін еселеп, жұмыс қауіпсіздігін арттырады.

– "Болашақ" шахтасының құрылысы – ERG-дің шикізат базасын нығайтып, "Қазхромды" ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған бірегей жобаларының бірі. Іске қосылған әрбір инфрақұрылым нысаны бізді кен орнын игерудің келесі кезеңіне жақындата түседі. Бұл ретте біз тек өндіріс қуатын арттырып қана қоймай, кен өндіруді тиімді әрі қауіпсіз ететін озық технологияларды басынан бастап енгізіп жатырмыз. Жаңа шахта дәл осы қағидатпен салынуда, – дейді Дөң ТКБК директоры Бауыржан Утемисов.

Кешен құрылысы екі жарым жылға жуық уақытқа созылды. Тау-кен қазбаларын ұңғылау, камераларды дайындау мен жабдықтарды монтаждау жұмыстары бірнеше жерасты горизонтында қатар жүрді.

Кенқұдықтарды салу кезінде шахтада алғаш рет Аустралиядан жеткізілген арнайы бұрғылау қондырғылары қолданылды. Жаңа әдіс күрделі геологиялық жағдайда адамды қауіпті ұңғылау аймағына түсірмей-ақ қазуға мүмкіндік беріп, өндірістік тәуекелдерді барынша азайтты.

Бұл – шахта құрылысы жобасында көзделген үш ұсақтау-түсіру кешенінің екіншісі. Үшеуі де толық іске қосылған соң, скиптік көтергіштің қуаты жылына 4 млн тонна кенге жетеді.

Бұдан бөлек, жаңа инфрақұрылым бай және қатардағы кенді, сондай-ақ бос тау жынысын бөлек шығаруға жол ашады. Яғни кеншілер бүкіл тау-кен массасын жаппай бір ағынмен шығармай, шикізатты сапасына қарай сұрыптап, икемді басқара алады.

Үшінші ұсақтау-түсіру кешенінің құрылысын 2027 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу