Huawei "андроидсыз" смартфондарын жыл соңында шығарады

2876

Huawei президенті Google-ді қайталау мүмкін еместігін мойындаса да, мемлекеттік газет Hongmeng операциялық жүйесімен "қаруланған" телефондар жыл соңында дайын болады деген хабар таратып отыр.

Huawei "андроидсыз" смартфондарын жыл соңында шығарады

Қытайдың Huawei Technologies Co Ltd компаниясы "андроидсыз" смартфондарын сынақтан өткізіп жатыр. Корпорация Hongmeng деген операциялық жүйені өзі жасап шығарған. Мұндай жүйемен  "қаруланған" телефондар биылғы жылдың соңында саудаға түсуі мүмкін. Бұны Қытайдың мемлекеттік Global Times газеті сенбі күні хабарлады.

Басылымның мәліметінше, Hongmeng жүйесі орнатылған смартфондардың "дебюті төртінші тоқсанда өтіп, сол кезде қоймаларда олардың миллиондаған данасы Huawei Mate30 сериясымен пайда болады".

Hongmeng жүйесімен жабдықталған телефондардың шығарылуы әлемнің екінші ірі смартфон-жасаушысы – Huawei үшін айтулы қадамға айналуы мүмкін. Айта кету керек, бұл компания қазір АҚШ әкімшілігінің шектеулеріне байланысты Google-дің Android операциялық жүйесінен ажыратылу қаупіне душар болып отыр.

Global Times басылымының мәліметінше, бағдарламасы "андроидтан" ада байланыс құрылғысының бағасы 2000 юань ($288) тұруы мүмкін. Яғни, Hongmeng жүйесімен жұмыс істейтін жаңа смартфондар да әлемнің арзан телефондар нарығынан орын алмақ. 

Дегенмен, Huawei-дің өзі бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Осыған дейін Huawei басшылары Hongmeng-ді - заттық интернет өнімдеріне арналған операциялық жүйе деп атаған еді. Өткен айда компания өкілдері Hongmeng-мен жабдықталған алғашқы өнімдер – Honor брендіндегі смарт теледидарлар болатынын жариялады. 

Өзге бір мәлімдемесінде компания лидерлері "Hongmeng бағдарламасы смартфонды өзі қуаттандырады" деген ақпаратты жоққа шығарды.

Шілденің соңында Huawei өзінің бірінші жартыжылдықтағы табысының өскенін жариялай отырып, Google’дің Android операциялық жүйесін өзінің мобильдік құрылғыларында әрі қарай да қолдануды қалайтынын,  ал Hongmeng-ді Huawei-дің "ұзақ мерзімдік стратегиясының" бір бөлігі деп атаған еді.

Huawei мамырдың бері Құрама Штаттар мен Қытай арасындағы геосаяси шиеленістің ортасында қалып отыр. Сол кезде президент Дональд Трамп бұл компанияны "қара тізімге" енгізіп, америкалық фирмалардың онымен жұмыс істеуіне тыйым салған еді.

Трамп бұл санкцияны жеңілдетуге сыңай танытып отырса да, ол жеңілдіктердің мән-жайы әзірге белгісіз. Егер Вашингтон мен Бейжің арасындағы саяси тайталас әрі қарай жалғасатын болса, Huawei жаңартылып отыратын Android жүйесін ұдайы қолдану мүмкіндігін айрылады.

Тұтынушылар патриотизмі

Кіріске қайта оралсақ, Вашингтонның шектеулеріне қарамастан, Huawei’дің табысы үстіміздегі жылдың алты айында 23 пайызға өскен. Бұған ұялы телефондарға ішкі сұраныстың артуы себепші.

Canalys нарықты зерттеу компаниясының дерегінше, Huawei’дің шетелге сатылған смартфондарының саны азайғанымен, жылдық есеппен алғанда, Қытайдың өз ішінде телефон саудасы 31 пайызға өскен.

Бірқатар сарапшылар ішкі нарықтағы өсімді Қытайда Android операциялық жүйесімен жұмыс істейтін смартфондар сапасының алда тұруымен және тұтынушылар арасындағы патриотизммен байланыстырып отыр.

Google -ді қайталау мүмкін емес 

Алайда  Huawei-дің басқарма мүшесі және бірінші вице-президенті Катерин Чен шілденің 18-інде "Синьхуа" агенттігіне мәлімдегендей, Hongmeng операциялық жүйесі смартфондарға арналмаған және компания өз гаджеттері үшін Google-дің Android операциялық жүйесін қолдануды әрі қарай жалғастыра беруді көздеп отыр.

Сонымен қатар, Чен ханым Hongmeng жүйесінің индустриялдық қолданысқа арналғанын айта келе, оның Android-қа балама болуы үшін жетілдіруді қажет ететінін айтып өтті. Бірінші вице-президенттің тағы бір сөзінше, смартфондарға арналған операциялық жүйелер кодтардың ондаған миллион линиясынан тұрса, Hongmeng-де олардың саны жүздеген мыңнан аспайды.

Осыған ұқсас мәлімдемені Huawei-дің президенті Рен Чжэнфэй өткен айдың басында француздың Le Point газетіне берген сұқбатында айтқан болатын.

"Hongmeng көпшілік ойлағандай, телефондар үшін жасақталмаған. Біз бұл операциялық жүйені Google-ді алмастыру үшін жетілдірген жоқпыз. Егер Google, расында да, біздің смартфондардан кететін болса, онда өз экожүйемізді құра бастауға тура келеді. Google – қазіргі заманға жауап. Google  экожүйесін қайталау мүмкін емес. Ал, Huawei өз экожүйесін жасақтауға тіпті кіріспеді де. Бізде Б-жоспары жоқ", – дейді Чжэнфэй.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу