ХВҚ және ДБ: азаматтардың келісімінсіз реформа жасауға болмайды

6407

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сарапшылары мұнай бағасының төмендеуі жағдайында Қазақстанның құрылымдық реформаны қалай өткізуіне қатысты пікірлерін білдірді. 

ХВҚ және ДБ: азаматтардың келісімінсіз реформа жасауға болмайды Фото: kazpravda.kz

Астана экономикалық форумының (АЭФ) тақырыптық сессияларының бірі осы мәселеге арналды. ХВҚ-ның Таяу Шығыс және Орта Азия елдері департаментінің директоры Масуд Ахмедтің мәлімдеуінше, реформа жасау қай уақытта болмасын  күрделі және ХВҚ Қазақстандағы мұнай бағасының жоғары болған кезеңін мүлде байқамаған. Олар бұл жағдайға енді назар аударып отыр. "Министр Сұлтановтың (Бақыт Сұлтанов - Қазақстан қаржы министрі. - Автор. ескертуі) айтқанына қосатыным, болған жағдайды ескеріп, қазіргі уақытта азаматтарға реформаның неге керек екенін түсіндірмейінше реформа жасауға болмайды".

Жұртшылыққа реформаның мақсаты мен міндеттері қандай және бұл өзгертулер неліктен қажет  екенін, сонымен қатар, азаматтарды бұл шараға қалай тарту керектігін  нақты айту керек. Бұрын жұрттың қатысуынсыз реформа жасауға болатын, ал қазір халықтың қатысуынсыз реформа жасауға болмайды. Алайда, қазір бұл салада адамдардың біліктілігін ескеріп, олардың әлеуетін дамытуымыз керек. Сондай-ақ, олардың реформаға қатысуға деген ынтасы мен қабілетін ескерген жөн", - деді Масуд Ахмед Астана экономикалық форумының сессиясында. Оның ұстанымын Дүниежүзілік банктің келешектегі дамуы жөніндегі директоры Айхан Косе де қолдады.  Оның айтуынша, дағдарыс жағдайында реформа жасаудан басқа жол жоқ.

"Жұрттың ойын жеткізетіндей бағдарлама жоспарлаған дұрыс. Және ол тек реформаның мәнін беріп қана қоймай, сол реформаны жұрт қолдайтындай болу керек",- деді Айхан Косе. Сонымен қатар, құрылымдық реформа тек ұзақ мерзімді пайдаға жасалатынын, ал қысқа мерзімді уақытқа жасалатын реформа оны өткізетін адамдарға қиындық туғызатынын да айтып кетті. "Үкіметтегілер реформаның тек қысқа уақытта болатын жағдайды ойлап қана қоймай, алдағы уақытта болатын жағдайын да қарастыратынын айтып жеткізу керек",- деп қосты Дүниежүзілік банк төрағасы.

Осы ескертулерді естіген қаржы министрі Бақыт Сұлтанов атақты неміс экономисі Хорст Зиберттің кітабында айтылған "әбжыланның кесірі" ("эффект кобры") терминін еске салды. "Ағылшын отаршылары Үндістанда да отаршылар арасында өлімді болдырмау үшін әр әбжыланның басын әкелген адамға ақша төлеген. Бірінші жылы өлім-жітім мүлде доғарылды. Ал бір жыл өткен соң өлім 10 есеге артты. Сөйтсе, әр әбжыланның басы үшін ақша алып келген үндістер әбжыланды ағылшындардың көз алдында өсіретін болыпты. Сондықтан, үнемі жағдайдың қандай нәтижеге әкелетінін білген жөн. Ал  Қазақстандағы жер реформасы төңірегіндегі жағдай осы "әбжыланның кесірі" желісімен дамуда дегенді қосты министр Бақыт Сұлтанов. 

"Осыдан жерді ең жақсы актив ретінде пайдалану қажеттілігі туып отыр. Қазақстан көлемі жағынан әлемде тоғызынша орында және Ресей сияқты алып елдің нарығында, сонымен қатар,  өмір сүру деңгейі жылдам дамып келе жатқан Қытайға тікелей шыға алады, сондай-ақ Үндістанға және аймақтың өзге елдерін де атауға болады. Біздің осы елдерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар. Ал азық-түлік мыңжылдықтың басты мәселесінің бірі болып табылады. Алайда, ол үшін жерді нақты пайда әкелетін активке айналдыру керек. Осы мақсатты дұрыс түсіндіре алмау немесе дер кезінде түсіндірмеу – түпкілікті мақсат-мүддені түсінбеушлік туып отыр",- деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

 Дина Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу