Халықаралық бокс қауымдастығы Дубайда өткен әлем чемпионатындағы финалдық жекпе-жектің нәтижесін күшінде қалдырылғанын мәлімдеді.
Бұл кездесуде ресейлік Всеволод Шумков пен Өзбекстан өкілі Абдумалик Халоков жұдырықтасқан еді.
Жекпе-жек кезінде Шумков қарсыласының құлағын тістеп алған. Алайда IBA бұл әрекетті кездейсоқ жағдай деп бағалады. Рефери жекпе-жекті тоқтатпаған, ал Халоков та қарсылық білдірмей айқасты жалғастырған. Сондықтан нәтиже күшінде қалды. Өзбекстан тарапы турнир аяқталғанға дейін апелляция бермеген.
– Жекпе-жектің жақын қашықтықтағы кезеңінде Всеволод Шумковтың аузы Абдумалик Халоковтың құлағымен жанасқан. Бұл жағдай кездейсоқ әрекет ретінде бағаланып, айқастың жалпы барысына елеулі әсер еткен жоқ. Жанында тұрған рефери эпизодты толық бақылауда ұстап, араласуды қажет етпейді деген шешім қабылдады. Бейнематериалдар жекпе-жектің кідіріссіз және регламентке сай жалғасқанын, сондай-ақ Абдумалик Халоковтың қандай да бір наразылық білдірмей, айқасты еркін түрде жалғастырғанын растайды.
Аталған байланыс IBA ережелеріне сәйкес тыйым салынған әрекеттер қатарына жатқызылғанымен, ресми тұлғалар әрбір эпизодты нақты уақыт режимінде және оның ауырлығы, ниеті мен жекпе-жекке ықпалы сияқты барлық мән-жайды ескере отырып бағалауға міндетті. Бұл жағдайда төрешілер алқасы тиісті шешім қабылдап, ол әлем чемпионатының техникалық делегаты тарапынан бекітілді. Сонымен қатар, Өзбекстан құрамасының ресми делегациясы жарыс аяқталғанға дейін апелляциялық шағым түсірмеген. Осыған байланысты жекпе-жектің ресми нәтижесін өзгертуге немесе медальдық есепке түзетулер енгізуге нормативтік негіз жоқ, – делінген ресми мәлімдемеде.
Дегенмен бұл жағдай Бокстағы адалдықты қадағалау жөніндегі тәуелсіз орган (BIIU) тарапынан қаралады. Егер ереже бұзылды деп танылса, Шумковқа айыппұл салынуы мүмкін.
Айта кетейік, 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен жалпы есепте екінші орын алды. 1-орынды Ресей, 3-орынды Өзбекстан құрамасы иеленді.