IBA Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді

1199

IBA үнді боксшысының Сәкен Бибосыновты жеңуі күтпеген жағдай екенін атап өтті.

IBA Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді

7-мамыр күні Сәкен Бибосынов Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/16 финалда алғашқы жекпе-жегінде үндістандық Дипак Кумардан сенсациялық түрде жеңіліп қалған болатын. Кейін Қазақстан бокс федерациясы (ҚФБ) Сәкен Бибосыновтың жекпе-жегіндегі төрешілердің шешіміне байланысты Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлевке ресми шағым түсірді. Осы орайда бүгін Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ресми сайтында Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Сәкен Бибосынов пен үндістандық Дипак Кумар арасындағы жекпе-жектің нәтижесі туралы пікір жарияланды.

"Үшінші раунд шешуші болды, ал Бибосынов жарақатына байланысты өзін көрсете алмады. Төрешілердің 3:2 есебімен Дипактың пайдасына шығарған үкімінен кейін бақылаушы мен бағалаушы жекпе-жекті қайта көргенде Дипакқа дауыс берді. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен үндістандық келесі кезеңге (5:2, тексеруден кейін 2:0) өтті.

Дипактың ең жоғарғы жетістігі 2019 жылғы Азия чемпионатындағы күміс медаль болды. Бірақ бұл жолы ол өзінің мықтылығын дәлелдеп, ең жақсы жекпе-жегін өткізді. Дипактың келесі қарсыласы қытайлық Джиамао Чжан болмақ. Ол сенімді түрде айқын басымдықпен тәжікстандық Мехроб Гамидовты нокаутқа жіберді", - делінген IBA ресми сайтындағы хабарламада.

Сонымен қатар Сәкен Бибосынов та осы жекпе-жекке қатысты өз пікірін білдірді.

"Ассалаумағалейкум Құрметті Қазақ елі. Құрметті бокс жанкүйерлері. 2023 жылғы әлем біріншілігі өкінішке орай мен үшін аяқталды. Дегенмен мұнда келген мақсатым қазақ боксының тарихында есімімді қалдыру еді. Мойындаймын ұтылдым, кінәні өзімнен іздеймін. Қателіктер болды. Себептер көп, бірі білсе, бірі білмес. 2022 жылдың аяғында қатты жарақат алып, ота жасатқан болатынмын. Отадан соң үйде 1,5-2 ай емделдім. Жарыстарға шыға алмадым. Мүмкін бой практикасы аз болған шығар. Жарақаттан емделіп шығып, әлем біріншілігінің алдында жарысқа қатысатын уақыт тығыз болды. Бұнын бәрін ақталу үшін айтып жатқан жоқпын. Мүмкін жарысқа ақша үшін қатысты деп ойлайтындар бар шығар. Мен елімнің көк туын желбіретіп, 2 дүркін әлем чемпионы болғым келді. Дегенмен әрдайым адамның ойлағаны бола бермейді екен. Әр нәрсенің қайыры бар. Жеңісте, жеңілісте бір Алладан екенін ұмытпайық. Енді қателіктермен жұмыс жасап, Алла қаласа шаршы алаңға мықты болып ораламын. Осымен бокстың есігі жабылмайды, сынбаймын. "Сырт көз - сыншы" дейді емес пе? Сынды да дұрыс айта білу керек. Сынайтындар да, мақтайтындарда көп. Кей адамдар бар, жігіттердің намысына тиетіндей жазады. Олай жазбай тұрып, оның жүріп өткен жолымен жүріп көру керек. Жарыс жолында қалған боксшыларға сәттілік тілеймін. Еліміздің көк туын желбірете берсін!", - деді Сәкен Бибосынов.

Айта кетейік, 1-мамыр күні басталған бокстан әлем чемпионаты 14-мамырға дейін жалғасатын болады. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 5,2 млн. АҚШ долларын құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу