Игорь Сон Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды

1460

Бұл қазақстандық спортшылардың Токио олимпиадасындағы екінші қола жүлдесі.

Игорь Сон Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды

Игорь Сон Токиода өтіп жатқан Олимпиадада 3-орынға ие болып, еліміздің қоржынын екінші қола медальмен толықтырды. Үштөбелік 22 жастағы ауыр атлет 61 келіге дейінгі салмақта жалпы 294 (131 + 163) келіні көтеріп, 3-нәтиже көрсетті. Бұл салмақта 313 (141 + 172) келіні бағындырған қытайлық Ли Фабин олимпиада рекордын жаңартып, алтыннан алқа тақты. Ал күміс жүлдені - 302 (137 + 165) келіні көтерген индонезиялық Юли Ираван жеңіп алды.

Сонымен қатар тағы бір жағымды жаңалық, Кирилл Герасименко үстел теннисінен үшінші айналымға шықты. Ол чехиялық Любомир Янчаржикпен өткен кездесуде 4: 3 есебімен жеңіске жетті.  Партиядағы есеп 3-11, 6-11, 11-7, 11-8, 2-11, 11-9, 11-4 болды. Қазақстандықтың келесі қарсыласы неміс Тимо Болль. Бұл ойын ертең, 26 шілдеде өтеді.

Токио Олимпиадасында слаломды есуден іріктеу кезеңі аяқталып, қазақстандық Александр Куликов жартылай финалға жолдама алды. Екі іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша, Куликов 108.12 көрсеткішімен 15-ші орын алды. Осылайша, жартылай финалға өткен 15 спортшының қатарына енді.  Куликов іріктеуден соң көш бастап тұрған словакиялық Матиж Бенустан 10.54 секунд ұтылды.

Ал семсерлесуші Руслан Курбанов Олимпиада ойындарының 1/8 финалында жапониялық Масара Ямадеден жеңіліп қалды. Есеп 8:15. Осылайша отандасымыз жарыс жолын аяқтады.

Михаил Кукушкин Олимпиада ойындарын сәтті бастап, 7:6 (7:4), 7:5 есебімен аргентиналық Федерико Корианы жеңді. Қазақстандық теннисшінің келесі қарсыласы француз Гаэль Монфилстен 6: 4, 4: 6, 7: 5 есебімен басым түскен беларуссиялық Илья Ивашко.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу