Игорь Сонның анасы: Игорьдің табысы інісіне көмек болады

9324

​61 келі салмақ дәрежесінде қола жүлде иеленген Игорь Сонның анасы Татьяна Ким "Inbusiness.kz" сайтына арнайы сұқбат берді. Зілтемір көтеретін толағайдың шешесі неден күпті болып отыр?

Игорь Сонның анасы: Игорьдің табысы інісіне көмек болады

- Татьяна, мен жаңа ғана Игорьдің әкесі Сергеймен сөйлестім, ол кісі Сізге хабарласуымды өтінді. Қола жүлде құтты болсын!

- Иә Сергей қазір жұмыстарымен қолы тимей жатыр. Сондықтан, кешеден бері тілшілер мен туыстардың барлық құттықтауларын өзім қабылдап, өзім жауап жазып отырмын.

- Игорьдің медаль жеңген сәтінде қандай сезімдерді бастан кештіңіз?

- Біз негізі Үштөбе қаласының адамдарымыз, алайда соңғы үш жыл болды Оңтүстік Кореяда тұрып жатырмыз. Сондықтан да кеше телекөрсетілім барысында қобалжып, Игорь баламның жолына сәттілік тілеп отырдым. Сан алуан эмоцияларды бастан өткеріп, бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Баламның топ жарып, Қазақстан қоржынына медаль алғанына дән ризамын.

- Оңтүстік Корея елінде жұмыс істеп жатсыздар ма?

- Жоқ, негізгі мақсатымыз баламызды емдеу еді. Игорьдан кейінгі ұлым БЦП науқасына шалдығып туды. Сондықтан, Оңтүстік Кореяға келіп баламызды емдетіп жатқанымызға үш жыл болды. Әр екі апта сайын ауруханаға келіп жатып, ем қабылдаймыз. Мен үнемі баланың қасында болғандықтан жұмыс істей алмаймын. Әрбір ем қабылдауы орташа есеппен 500 АҚШ долларын құрайды. Тапқан-таянғанымызды осы баланың еміне салып жатырмыз.

- Игорь, жастайынан ауыр атлетикаға құмар ма еді? Балалық шағы қалай өтті?

- Негізі Игорьдың ағасы ауыр атлетикамен шұғылданды. Бірақ, бапкерлер оған дене-тұрқың келмейді деп тиым салды. Сосын ол Игорьді қасынан тастамай алып жүрді. Сүйтіп жүргенде осы спортпен кәсіби түрде айналысты. Әйтпесе басында ол шахмат үйірмесіне барып жүрген. Үлкен ұлымыздың бапкері болған Леонид Валентинұлы Игорьді мақтап, оның бойында таланты бар деп Үштөбедегі үйірмеде алып қалды. Сондықтан да, алғашқы бапкері болып баламды осы спортқа баулыған Леонид Мун мырзаға алғысымды айтқым келеді. Сосын айта кетуім керек Игорьдің өзінің де мінезі ауыр. Кейде шарт-пұрт кетіп, кейде жұмсара қалады. Басты мінезі табандылығында. Алған ісінен бас тартпайды. Қайтпайтын, өз дегеніне жетпей қоймайтын адам. Соның арқасы шығар спортта жетістікке жетті. Бір өкініштісі кеше ол медаль жеңгенде қасында бола алмадым. Әлі де бара алмай отырмын. Кеше әлеуметтік желіде оны құттықтап жатқан адамдардың көп екенін көріп қуандым. Қазақстандағы барша спорт жанкүйерлері "Игорь Сон жарайсың" деп ақжарма тілектерін айтып жатыр. Мен соның барлығын шетте отырып көріп-ақ бақыттымын.

- Сұқбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу