IIHF рейтингінде Қазақстан үш сатыға жоғары көтерілді

1980

Хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы Олимпиадаға өткен іріктеу ойындарындағы сәтсіздікке қарамастан Халықаралық хоккей федерациясының жаңартылған рейтингінде үш сатыға жоғары көтерілді.

IIHF рейтингінде Қазақстан үш сатыға жоғары көтерілді

Жыл сайынғы рейтинг ұлттық құрамалардың Әлем біріншіліктеріндегі, сондай-ақ Олимпиада ойындарына іріктеуге байланысты өтетін жарыстардың нәтижелеріне негізделіп жасалады. Биыл  Олимпиадаға іріктеу барысында қазақстандық хоккейшілер шешуші ойында Польша құрамасына 2:3 есебімен ұтылып, 2-орын иеленген болатын. Енді польшалықтар Братиславияда Словакия, Беларусия, және Аустралия құрамаларына қарсы кездесу өткізеді. Аталған командалар 2022-жылы Қытайда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына арналған үш жолдаманың бірін алу үшін таласқа түседі. Ал, қалған екі жолдаманы сегіз команда Латвия мен Норвегияда өзара сарапқа салатын болады. Осыдан кейін Қазақстан IIHF рейтингісінің кестесінде төмен түсіп қалуы мүмкін еді. Оған қоса коронавирус пандемиясына байланысты элита санаты бойынша Әлем чемпионаты да өтпей қалды. Бірақ, рейтингтегі көрсеткіш қазақстандықтарға тосын сый болды. Еліміз хоккейден Әлем бойынша 19-орыннан 16-орынға көтеріліді. Ал, Канада құрамасы ерлер арасында элита санаты бойынша көш бастады. Екінші орында Ресей және үшінші сатыға Финляндия жайғасты. 12-орынға дейін кестеде ешқандай өзгерістер орын алған жоқ. Себебі коронавирусқа байланысты барлық халықаралық турнирлер, еуротурлар мен еурочеллендждер тоқтап қалды.

Әйелдер арасындағы рейтингте қазақстандық хоккейші қыздар екі сатыға төмен түсіп, 21-орынға жайғасты. Америкалықтар 1-орында болса, канадалықтар екінші, финляндиялық хоккейші қыздар 3-орын иеленді.

Дегенмен, Қазақстан үшін бұл рейтингтің аса маңызы жоқ. Себебі ол 2022-жылы Қытайда өтетін Қысқы Олимпиада Ойындарына жеребе тарту үшін жасалған. Ал, аталған жарысқа хоккейден еліміздің ерлер құрамасы да, әйелдер құрамасы да жолдама алған жоқ.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу