ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға қатысты тергеу заң аясында жүргізіліп жатқанын, оларда дене жарақаты болса, тиісті медициналық көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда тергеушілерінің өндірісінде 2 565 қылмыстық іс бар, олар бойынша 271 адам күзетпен қамауда отыр.
"Ұстау және бұлтартпау шарасын таңдау туралы барлық шешім қылмыстық-процестік заңның талаптарына сәйкес әрі міндетті түрде прокуратурамен келісу бойынша және сот санкциясымен қабылданып жатыр", – деді Санжар Әділов ОКҚ-де өткен брифингте.
Ол қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарға қатысты заңсыз іс-әрекеттер туралы әрбір өтініш бойынша Ішкі істер министрлігі Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізетінін атап өтті.
Оның пікірінше, полицейлер қызметін асыра пайдаланбаған.
"Бүгінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралды. Олар бойынша қылмыстық істер қозғалып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. 18 өтініш бойынша азаматтардан түсінік алып, бейнежазбаларды зерттей отырып, мұқият қызметтік тексеру жүргізілді, билікті асыра қолдану фактілері расталған жоқ", – деді Тергеу департаментінің басшысы.
Санжар Әділов Ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссияларының өкілдері барлық арнайы мекемеге кедергісіз кіргенін, әрі ұсталғандарды азаптауға жол берілмейтінін жеткізді.
"Мекемелердің барлық тұрғын, коммуналдық-тұрмыстық үй-жайлары қоғамдық өкілдердің қатысуымен комиссиялық тексерістен өткізіліп жатыр. Тергеу изоляторларына түсетін адамдар міндетті түрде медициналық қараудан өтеді. Дене жарақаттары анықталған жағдайда бейнетүсірілім жасалып жедел медициналық көмек көрсетіледі. Ондай әрбір факті туралы прокуратура органдарына хабарланады. Мекеме жағдайында білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмағанда олар азаматтық денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізіледі және арнайы күзетілетін палаталарда ем қабылдайды. Барлық тергеу әрекеттері арнайы жабдықталған бейнебақылау камералары орнатылған үй-жайларда жүргізіледі", – деді басшы.
Ол прокуратура заңдылықтың сақталуына үнемі қадағалау жүргізетінін атап өтті.
"Жеке басы мен қылмыстың ауырлығын ескере отырып Ішкі істер органдары бастамашылығымен 103 адам қамаудан босатылды. Оларға қатысты қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шаралары қолданылды. Осы аптаның басынан бері күзетпен ұстаудан 36 адам босатылды", – деді Санжар Әділов.
Дәурен Ерболат