Кездесу барысында вице-премьер Қазақстан мен ИКАО арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалап, халықаралық ұйымға тұрақты қолдауы үшін ризашылығын білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Үкімет атынан көрсеткен қолдауыңыз үшін алғыс айтамын. Әсіресе, Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған аумаққа тәуелсіз сарапшы жібергеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Тергеуді толық аяқтау үшін ИКАО-мен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастырамыз, – деді Қанат Бозымбаев.
Вице-премьердің айтуынша, Қазақстан әуе апаты орын алған алғашқы күннен бастап ашық әрі егжей-тегжейлі тергеу жүргізуге ниетті екенін көрсетті.
Өз кезегінде Николя Ралло Қазақстанның қысқа мерзім ішінде ұшақ апатын тергеу бойынша алдын ала есепті дайындап, жариялағанын оң бағалады.
– Қазақстан мен тергеу комиссиясы зор еңбек атқарды. Апаттан кейін 1,5 айға жетпейтін уақыттың ішінде алдын ала есеп дайын болды. Тергеу барысында Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенция талаптарын толық сақтауды жалғастыру маңызды, – деді ИКАО өкілі.